Шығысқазақстандықтар «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» эстафетасын зор қошеметпен қарсы алды. Облыс орталығына кіреберісте қасқайып тұрған Қаракерей Қабанбай батырдың өткен жылы ашылған зәулім ескерткішінің жанында еліміздің Көк байрағы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ассамблея жылының тулары желбіреген автокөлік керуені аталған эстафетаның басты нышаны – «Тайқазанды» төбелеріне көтере енгенде шығыс өңірінің ақ жаулықты әжелері шашу шашып, жергілікті өнерпаздар асқақтата ән шырқап, күмбірлете күй шертіп, айрықша салтанатпен күтіп алысты.
Бұдан кейін эстафета мүшелері Өскеменнің орталық алаңындағы Абай ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Облыс орталығында «Тайқазанды» өңір басшылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен қала жұртшылығы қарсы алды. «Subaru club ukg» автокөлік тізбегі әрі қарай өздерінің Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған материалдық көмектерін жеткізді. Содан соң «Достық үйінде» баспасөз өкілдерімен кездесіп, мәслихат құрды.
Тайқазан – тоқшылықтың, береке-бірліктің нышаны. Тайқазанның көшірмесі ақпан айының басында еліміздегі татулық пен келісімнің көрінісі ретінде қасиетті Түркістаннан елордаға жеткізілген болатын. Астанадан басталған автокөлік керуені Тайқазанды еліміздің барлық облыстарымен алып өтпек. Осыған дейін бірнеше өңірлерді аралап үлгерген Тайқазанның ішін отандастарымыз түрлі қайырымдылық идеялары мен жоспарлары жазылған жазбаларға толтырады. Бұл бастамалар биылғы Ассамблея жылы аясында жүзеге асырылмақ.
– Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары «Тайқазан» эстафетасын қарсы алды. Ұлтымыз үшін қасиеті бөлек жәдігер алдымен Семей шаһарына жеткізілген болатын. Енді, міне, өскемендік тұрғындар да асыға күткен эстафетамен қауышып, Тайқазанды көру бақытына ие болды. Бұл жәдігер облыс орталығында біраз күн болады. Шығысқазақстандықтар қасиетті жәдігердің өңірімізге келуін жақсылыққа балап отыр, – деді облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Еркімбек Аязбаев.
Ізгі тілектерге толы «Тайқазан» эстафетасы келесі кезекте Алматы қаласына жеткізілетін болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.