ПЕТРОПАВЛ. 26 ақпан. Петропавл қаласының тұрғыны тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын мекеме – облыстық ассоциацияға шағым түсірген. Оған қыруар ақшаға сатып алған рулеттің жеуге жарамсыздығын алға тартқан. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Петропавлдық Майя Токсанова «Көктөбе» сауда үйінен «Березка» тортын сатып алып, үйге келген соң дәмін көрмек болғанда ішінің көгеріп кеткенін аңғарған. Супермаркетке келіп, олқылықтың не себепті орын алғанын білмек болғанымен, жарытып жауап ала алмаған. Содан тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі ассоциацияға арызданған. Келіншек бұл қадамын өзгелерге сабақ болсын, адамдар сақтанып жүрсін деген уәжбен түсіндірген.
Мекеменің директоры Надежда Дубовая сауда орындарында мұндай жағдайлардың жиі орын алатынын жасырмайды. Оның ойынша, дүкен сатушылары уақыты өтіп кеткен өнімді есептен шығарудың орнына мерзімін жаңалай салуы ғажап емес.
Осындай оғаш оқиға бұл сауда үйінде бірінші рет кездесіп отырған жоқ. Мұның алдында бір тұтынушы тауықтың қуырылған етінен құрт тапқан екен.
Өмір Есқали.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: restoranberezka.ru.