ПЕТРОПАВЛ. 26 ақпан. Петропавлдағы №16 орталау мектебінің оқушылары робот техникасын жасаумен қатар өнертапқыштықпен айналысуда да жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Солардың қатарындағы Тимур Кузнецов пен Роман Присяжный «Тұз – баламалы энергия көзі» тақырыбына зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе жүзінде тиімділігін дәлелдеп шықты. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Балалар өзекті тақырыпты таңдап алу себебін қазіргі кезде дәстүрлі энергия көздерін үнемдеуді пайдалану қажеттілігімен байланыстырады. Сол себепті өз тәжірибелерінде энергия көзінің баламалы түрлерін зерттеу жолдарын қарастырған.
– Қуат көзін алу жолдары қарапайым, көп шығынды қажет етпейді. Ең бастысы, қоршаған ортаға қауіпсіз, дейді жас өнертапқыштардың ғылыми жетекшісі, мектеп директоры Данияр Уәлиев.
5-сынып оқушылары Тимур мен Романның бұл зерттеулері республикалық «Зерде» шығармашылық және ғылыми жобалар конкурсына ұсынылып, облыста – І, республикада ІІ орынды иеленіпті. Олардың тұз ерітіндісін баламалы энергия көзі ретінде алуы зерттеудің ғылыми жаңашылдығы болып табылады. Картоп, алма, лимон, тағы басқа жемістер мен көкөністерді пайдаланып, сағаттың, фонариктің батареясына қуат беру жолдарын тапқан. Тәжірибе барысында жеміс, мыс немесе цинк пластиналар, ток пен кернеудің күшін өлшейтін вольтметр сияқты қарапайым құралдар қолданылады. Мысалы, лимоннан ток көзін алу үшін жеміске мыс және цинк пластиналар салынып, ол сымға, ал сымның бос ұшы вольтметрге жалғанады. Вольтметр 0,49 вольт кернеуді көрсетсе, лимон ток көзіне айналды деген сөз.
– Осындай тәжірибелерді картоппен, алмұртпен, пиязбен, алмамен де жасауға болады, дейді кішкентай өнертапқыштар.
Балалардың айтуынша, ғылыми жобаны жүргізу кезінде вольт өлшеуіштің көмегімен кернеуді өлшей білу, оның қуатының неге байланысты екендігін зерттеу, тұз ерітіндісімен эксперимент жүргізу, ток күшінің мүмкіндігін, кернеуге әсер ететін факторларды анықтай білу сияқты білімділіктің болуы өте маңызды. Өнертапқыш балалар осындай тәжірибелерді басқа да химиялық элементтерге қолданып, енді алюминий, тұз, су және көмірсутегіден электр қуатын өндіретін батарея жасап шығаруға талаптанып жүр. Онда өндірілген қуат электр жабдықтарын іске қосуға жететін көрінеді. Зерттеу барысында жиналған мәліметтерге сүйене отырып, тұз батареяларын қоғамымыздың түрлі салаларында қолдануға болады деген тұжырымға келген.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: egemen.kz.