Бұл туралы қаулыға партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қойғанын кеше «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өңірлермен селекторлық кеңес өткізу кезінде хабарлады.
Съезге еліміздің барлық өңірлерінен 1200-ден астам делегат қатысатын болады. Оның ішінде Парламенттегі «Нұр Отан» партиясының мүшелері, облыстық мәслихаттардағы партияның депутаттық фракциясының жетекшілері, шалғай ауылдардың өкілдерін қосқанда 200-ден астам бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, сондай-ақ, 100-ден астам ардагер мен партия белсенділері бар делегаттар қатысады деп жоспарлануда. Партия Жарғысына сәйкес, 26 ақпандағы бастауыш партия ұйымдарының жиындарында, партияның аймақтық және өңірлік филиалдарының конференцияларында «Нұр Отан» партиясының кезекті – ХVІ Съезіне делегаттарды ұсыну басталады, деді өзінің сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.Бейнебайланыс тәртібінде өткен селекторлық кеңеске «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының басшылығы, партияның өңірлік филиалдарының бірінші орынбасарлары, сондай-ақ, 300 мыңнан астам мүшелерін қамтыған (бұл барлық нұротандықтардың төрттен үш бөлігі) 300-ден астам бастауыш партия ұйымының төрағалары қатысты.
Кеңес барысында Б.Байбек партияның негізі болып табылатын бастауыш партия ұйымдарының маңыздылығын атап өтті. Бастауыш партия ұйымдарының пікірлері есепке алына отырып, партияның маңызды шешімдері мен бағдарламалары қабылданады. Тап осындай жолмен партияның «Саяси доктринасы» мен «2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы» сияқты маңызды құжаттар талқыланып, қабылданды, делінді кеңесте. «Партияға әр нұротандықтың, әр ұяшықтың пікірі маңызды. Сондықтан үстіміздегі жылы «Нұр Отанның» жұмысы бастауыш партия ұйымдарының қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталады. 2015 жыл бастауыш партия ұйымдарының жылы аясында өтеді», – деп хабарлады партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, өңірлерде жыл барысында «ең үздік ауылдық бастауыш партия ұйымы (БПҰ), «ең үздік БПҰ басшысы» және т.б. аталымдарымен үздік бастауыш партия ұйымдарының байқаулары өткізіледі. Жылдың соңына дейін 1000 бастауыш партия ұйымының төрағалары үшін тренинг өткізу жоспарлануда. Осыған ұқсас тренингтер БПҰ-ның 124 төрағасы үшін Астана қаласы мен Ақмола облысында болып өткені де жеткізілді.
Анықтама үшін айтар болсақ, бүгінде 5598 бастауыш партия ұйымы 849,7 мың партия мүшесінің басын біріктіріп отыр екен. Бұл – елдегі әрбір тоғызыншы сайлаушы деген сөз. БПҰ-ның 60 пайыздайы ауылды жерлерде орналасқан. Оның 40 пайызын әйелдер басқарады. Ең ірі 100 бастауыш ұйым қатарында 300 мың адам бар көрінеді. Айта кетер жәйт, «Қазақстан алюминийі» БПҰ «Нұр Отан» партиясының ең мүшесі көп бастауыш ұйымы болып табылады. Оның құрамында 7 мың партия мүшесі бар.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».