• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2015

ҮКІМЕТ

398 рет
көрсетілді

Жаңашылдық қадамдар қайтарымы Уақыт көші ілгерілеген сайын  қай салада болмасын  өзгерістердің  болып жатуы заңдылық.Техника да, технология да дамиды. Өткеннің бүгінге өлшем болмай қалатыны да сондықтан. Мұның өзі кәсіптік білім беру саласына  қазіргідей өмірдің шапшаң даму жағдайындағы нарықтық қатынаста жаңашылдықпен жұмыс істеуді алға тартады. Қай кезде де кәсіби білімнің  бәсі бөлек. Себебі, кәсіби біліктілігі  жоғары маман жұмысшыларға қашанда сұраныс жоғары. Осындай өскелең талап деңгейінен табылып отырған Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі кәсіби маман жұмысшылар даярлауда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан  ұжым ретінде өңірге ғана емес, елімізге танымал. Кезінде бірыңғай құрылысшы мамандарын даярлайтын кәсіптік білім ошағы  дуалды білім беру үрдісіне  көшіп, уақыт ағымына сай жұмыс істеуде.   Колледжде кәсіби біліктілігі жоғары, жылдар бойы жақсы дәстүрді қалыптастырған ұстаздар қауымы еңбек етеді. Кезінде екі жоғары оқу орнын бітіріп, тарих пен құқық пәндері және экономика бойынша жоғары білім алған колледж директоры Жанкелді Қалқаман мұндағы игі істерді ілгері апаруға ұжымның күш-жігерін жұмылдыра білді. Ол ұзақ жылдар бойы Байғанинде, содан кейін Қарғалы селосында кәсіптік мектептерге басшылық жасаған, тәжірибелі басшы ретінде биіктен көрініп келеді. – Бүгінде білім беру жүйесінің өлшемдері өзгерді, кешегі күннің талаптары қазіргі уақыттың қажеттілігімен үйлесе бермейді, сондықтан да біз өндіріспен тығыз байланыс жасап, маманға сұраныс деңгейін тұрақты анықтап отырамыз. Бұл өз кезегінде қоғамға керек маман даярлауға, еңбек нарығының сұранысын зерттеп, зерделеу арқылы түлектердің жұмыспен қамтамасыз етілуіне алғышарт жасауда, – дейді ол. Қазір ел экономикасының индустриялық-инноваициялық дамуына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Бұл кәсіптік білім ошағының құрылғанына жетпіс жылға жуық уақыт болды. Қара есепке салғанның өзінде, колледж осы жылдары 25 мыңға жуық мамандарға өмірге жолдама берген екен. Олар еліміздің көптеген өңірлерінде, алыс-жақын шетелдерде табысты еңбек етіп, өндірістік және тұрғын үй құрылыстарында қолтаңбасын қалдыруда. Қазір колледж қабырғасынан құрылысшыдан басқа, дәнекерлеуші, аспаз, автомобиль жөндеуші мамандықтарын да алып шығуға болады. Жангелді Мырзақараұлының айтуынша, дәнекерлеушілердің өздері бес мамандық бойынша даярланатын көрінеді. Олар аргонды доғалы және пластмасса бұйымдарын дәнекерлеуді, сондай-ақ, электр доғалы, газбен және жартылай автоматты пісіру әдістерін меңгеріп шығады. Мұнда шағын және орта бизнес саласына қажетті мамандар даярлауға бағыт ұсталуда. Болашақта колледжде есепші, менеджер және экономист даярлаудың жоба-жоспары жасалуда. – Кезінде құрылысшылар ұстаханасы атанған оқу орнының дәстүрлі үрдісін жалғастырып, заманауи колледжге айналдыруда бірлігі жарасқан, ұйымшылдығы мен іскерлігі ұштасқан ұжымның үлесі зор, – дейді Жангелді Мырзақараұлы сөз арасында. Бұл колледж – инновацияға негізделген мамандар даярлау және ұлттық құндылықтар арқылы тәрбие жұмысын жүзеге асыру бойынша көптеген жаңа бастамаларға ұйытқы болып келе жатқан озық оқу орны болып табылады. Ақтөбе қаласының ірі мегаполиске айналу жоспарына сай құрылыс саласына қажетті мамандар сұранысқа ие болып отырғаны белгілі. Соның дәлелі колледжді тәмамдаған түлектер 100 пайыз жұмысқа орналасады. Колледждегі 600-ден астам жас қыздар мен жігіттер мемлекеттік тапсырыс бойынша бюджеттік негізде тегін білім алуда. Олар 6 мамандық, 7 біліктілік бойынша даярлануда, 72 пайызы мемлекеттік тілде оқиды. Колледж оқушыларының басым бөлігі аз қамтылған отбасылардан шыққандар, ауыл жастары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Мұндай жастардың кәсіптік білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз етуге 70-тен астам инженер-педагогикалық қызметкер атсалысуда. Еңбек нарығының сұранысын есепке ала отырып, біліктілігі жоғары мамандар даярлау мақсатында колледждің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге басымдық берілуде. Колледж Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Техникалық және кәсіптік білім жаңғырту» жобасы аясында Дүниежүзілік қайта құру және даму банкі есебінен қаржыландырылған республикалық байқауға екі рет қатысып, жеңімпаз болды. Алғашқысында облыстың төрт колледжі қатарында 56 302 800 теңге грантқа ие болса, облыс әкімдігі 17 миллион теңге бөлген. 2013-2014 оқу жылында екінші рет қатысып, облыс­тан бір ғана осы колледж 39 089 500 теңге грантты ұтып алған, бұл жолы облыс әкімдігі 11 миллион теңге қарастырған. Бұл гранттар мен бөлінген қаржы колдедждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалған. Кәсіптік мектептің материалдық-техникалық базасы мен білім беру үрдісіне Германия мен Белоруссиядан ат арытып, тәжірибе алмасуға келген делегация таңғалып, таңдай қағып кетіпті. Мұның өзі колледжде іргелі істердің атқарылып жатқанының дәлелі болса керек. – Жоба аясында институттық даму жос­парын іске асырудың бірінші кезеңін сәтті аяқтадық. «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша үш оқу-өндірістік шеберханаларын жаңа технологияға сай, өндіріске жақындатып толық жабдықтадық. Арнаулы пән кабинеттері оқу әдебиеттерімен, электронды тренажерлермен, интерактивті жабдықтармен жасақталды. Институттық даму жоспарын іске асырудың екінші кезеңінде Беларусь Республикасы кәсіптік білім беру институтымен ынтымақтастық келісімге қол қойылды. Нәтижесінде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша ресурстық орталық құрылып, әрі қарай құзыреттілікке негізделген модульдік оқыту бағдарламасын жасау, көптеген ғылыми-әдістемелік жұмыстарды бірлесіп атқару, кеңес беру қызметін жүргізу көзделуде. Аталған жұмыстар жоспарлаған басым бағыттарымызға серпін беріп, өндірістік оқыту мазмұнын жаңартуға, жаңашылдыққа ынталандыра түспек, – дейді колледж басшысы Жангелді Қалқаман. Инновация – білімді болашаққа бас­тар жол. Білім берудің инновациялық технология­сын тиімді енгізу үшін колледждің 10 оқу кабинетінде интерактивті жабдықтар, зертханада тренажерлер, мультимедиалық проекторлар оқу үрдісіне кеңінен қолдануда. Кезінде еуропалық «ТАСИС» бағдарламасының эксприменттік тобында болған білікті мамандар кәсіптік стандарт негізінде «Қолмен доғалы пісіру дәнекерлеушісі», «Газбен кесуші», «Газбен пісіруші», «Пластмасса дәнекерлеуші» мамандықтары бойынша модульдік білім беру бағдарламасын әзірлеуде. Әлеуметтік әріптестік – сапалы маман даярлау кепілі. Жоба аясында әлеуметтік серіктестік ауқымы кеңейді. Колледжбен 70-ке жуық кәсіпорын арасында тығыз әріптестік қатынас орнатылған. Солардың арасынан нағыз сенімді әлеуметтік серіктес ретінде танылған «Ақ-Пром» ЖШС директоры В. Павлычев «Кәсіптік білім және бизнес әріптестер сұхбаты» VI халықаралық форумында «Әріптестік көшбасшылар-2014» номинациясын иеленді және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Базалық кәсіпорындар «Ақ-Пром» ЖШС, «Оксибилд» ЖШС, «АЗХС» АҚ арнаулы оқу орнының стратегиялық даму жоспарын жасауға, кеңесшілер тобы қатарында ИДЖ іске асыру мәселелері қаралған отырыстарына қатысады. Әлеуметтік әріптестік пен байланыстың жақсы жолға қойылуы нәтижесінде соңғы үш жылда түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші өсті. Кәсібилікке жол тек қана өндірісте жүзеге асатынын түсінген колледж әкімшілігі әлеуметтік әріптестікті дамыта түсуді көздеуде. Сонымен қатар, Ақтөбе техникалық колледжі, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжі, Ақтөбе автожол колледжі, Алға индустриялық-техникалық колледжі оқу орындарымен құрал-жабдықтарды бірлесіп пайдалану бойынша меморандум жасалған. Мұнда педагогтардың шетелде тағы­лым­да­мадан өтуі дәстүрге айналған. Шығарма­шылықпен жұмыс істейтін тәжірибелі де білімді 8 педагог Германиядағы жұмысшы кадрлар­ды даярлаудың дуалды жүйесімен танысып, ұтымды жақтарын өз тәжірибелерінде пайдалануда. Еңбек нарығында дайындалатын мамандарға деген сұранысты ескеру, оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайту, оқу-әдістемелік кешенді бірлесіп әзірлеу, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби шеберлігін өндірісте шыңдау, серіктес ұйымдармен, жұмыс берушілермен байланыс орнату өз нәтижесін берді. Жастарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеп, әлемдік өркениет бәсекесіне лайықты маман даярлауда колледждің бағыты айқын, келешегі кемел деу орынды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.

Тұрғын үй құрылысы қарқынды

Қызылорда қаласында «Самұ­рық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының қаржыландыруымен қараша айында алты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бұрнағы күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басқарма төрағасы Болат Палымбетов  аталған құрылыстың жұмысымен танысты. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынатын баспананың әр шаршы метрі 131 537,4 теңге шамасында болады. Қордың басшылығы құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізіп, нысанды мерзі­мінен бұрын тапсырамыз дейді. – Бұл бағдарламаның артық­шылықтары көп. Баспана кезегінде тұрғандардың жалақы­лары талапқа сай келсе болғаны. Қызылордада 1 шаршы метріне айына 1200 теңге төлейді. Бір үй 30 шаршы метр болатын болса, айына 30 мың теңгеден астам қаржы төлейтін болады,– деді Болат Палымбетов. Бүгінде аталмыш қор Қызыл­ордадан басқа Астана, Алматы мен Қарағанды, Шымкент, Ақтау және Өскемен қалаларында тұрғын үй құрылысының жобаларын іске асыруда. Осы бағдарлама аясында 2016 жылдың аяғына дейін елімізде қосымша 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады. Жергілікті басшылық тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан ипотекалық компаниясы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» акцио­нерлік қоғамымен бірлес­кен жұмыстарды одан әрі жалғастырмақ. Мәселен, Сәулет шағын ауданынан тағы жалпы ауданы 3,3 гектар жер телімі бөлініп,  «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы 9 бес қабатты  тұрғын үй бой көтереді. Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа тұрғын үйдің құрылыстары көктемде басталатынын айтты.  Жақын арада құрылысы басталатын тұрғын үйдің жобалық құны 4,2 миллиард теңге болмақ. Бұл 490 отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы, өткен жылы 900-ге жуық отбасы баспаналы болды. Биыл тұрғызылатын тұрғын үй өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге артады. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.

Ынтымақтастық берекеге бастайды

Аспанасты елінің жері де, тірлігі де алып, орасан екені бәрімізге белгілі. Әйтеуір, үлкен бизнесті қолға алып, кәсібін өрге дөңгелеткісі келгендердің көбі осы елмен тығыз қарым-қатынас жасауды дұрыс көреді. Шынында, тіршілігі қым-қуыт Қытай елінен біздің үйренеріміз, аларымыз көп. Өткен жылы Жамбыл облысының әкімдігі осынау алып елмен алыс-беріс жасаудың жолын тапқан болатын. Міне, жақында Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына ресми сапарымен барып, екі мемлекет басшыларының жоғары деңгейде қол жеткізген келіссөздерінің шеңберінде экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге қол жеткізді. Осы сапар барысында ҚХР-дың Шэньси провинциясының Сиань қаласында облыс әкімі К.Көкірекбаевтың Шэньси провинциясы халық үкіметінің төрағасы Лоу Циньцзянмен келіссөздері өтті. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың дамуы туралы әңгіме қозғалып, энергетика саласындағы қарым-қатынас жайлы айтылды. Сондай-ақ, Шэньси провинциясының мәдениет, білім, ғылым және іскер шеңбері өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өтіп, онда Жамбыл облысының өкілдері өңірдің экономикалық, мәдени, туристік және білім әлеуетімен таныстырды. Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және инновациялық дамыту, ауылшаруашылық, мәдениет басқармаларының басшылары ҚХР-дың инвесторларымен және ауылшаруашылық саласының басшыларымен  бірқатар келіссөздер жүргізіп, Қытайдың жетекші кәсіпкерлерімен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойын­ша келісімшарттар жасады. Энергияның тиімділігі мен жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану саласында ынтымақтастық айқындалды. Атап айтқанда, «Да И» қытай компаниясымен қуаты 200 МВт жел электр стансасының құрылысын салу жөнінде бірлескен жобаны іске асыруға келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, аграрлық саладағы жаңа жоғары технологиялық жобаларға назар аударылды. Соның ішінде, Янлинь үлгілі ауылшаруашылық аймағы комитетімен Жамбыл облысында жоғары технологиялы аграрлық-инновациялық паркін құру туралы келісімге келді. «Жібек жолы белдеуіндегі экономика» қытай бастамасы аясында «XINGHUO» Шэнси іскерлік корпорациясы» ЖШС Жамбыл облысы экономикасына инвестиция құюды жос­парлауда. Алдағы 3 жыл ішінде органикалық жеміс-жидектер мен көкөністерді өндіру және қайта өңдеуге арналған, сонымен қатар, ет, сүт шығаратын және өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындарды құру бойынша заманауи мал шаруашылығы кәсіпорындарының кластерлерін құру бойынша ынтымақтастыққа қол жеткізілді. Қазақстан-Қытай өңіраралық мәдени даму мәселесі негізгі тақырыптың бірі болды. Бұл бағытта меморандумға қол қойылып, мәдени ынтымақтастықтың аясында бірлескен халықаралық фестиваль өткізу, өнер мен мәдениет саласындағы технологиялар мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ қытай археолог-ғалымдарының көне Тараздың ғылыми-қазба жұмыстарына және ҚХР-дың өнер қайраткерлерінің Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін салтанаттарға қатысуы туралы келісімге келді. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілетін мерейтойлық салтанаттармен тұспа-түс келетін «Қытай-Қазақстан» Достық пен ынтымақтастық керуенінің шеңберінде Тараз қаласында «Шай үйін» ашу келіссөздің маңызды сәтіне айналды. Білім саласындағы сындарлы қарым-қатынасқа да екі жақ қанағаттанарлық көзқарас танытты. Оның ішінде, Тараз мемлекеттік педагогикалық инс­титуты мен Сиань педагогикалық университеті студент жастары мен оқытушылармен алмасуға келісімге дайын екендігін білдірді. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.

Зыряндағы кәсіпкерлік үйі

Шығыс өңірінің Зырян ауданында «бір терезе» қағидаты бо­йынша алғаш рет толық форматты кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Даму» қоры өңір кәсіпкерлерін қолдауды осындай орталықтар арқылы жүзеге асырмақ. Яғни бизнесті мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын «бір терезе» арқылы ұсынатын болады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Мемлекет басшысының Жолдауда экономи­кадағы шағын және орта кәсіп­керліктің үлесін 2030 жылы кем дегенде екі есеге өсіру туралы нақты міндет қойғанын атап өтті. – Бүгінде біз Елбасының жүк­теген тапсырмаларын жүзеге асыра бастадық. Қазақстанда тұңғыш рет Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында кәсіпкерлерге кешенді қызмет көрсетуге арналған кәсіпкерлікті қолдау орталығы ашылып отыр. Біздің міндетіміз – шағын қалалар мен аудандардағы кәсіпкерлердің өз өтініштері мен ұсыныстарын жеткізе алатын бір орталығы болуын қамтамасыз ету. Онда бизнеске қатысты барлық мәселелер шешімін табатын болады, – деді Н.Әлтаев. Оның айтуынша, бизнесті қол­дау шаралары жоспарына сәй­кес, Үкімет қаулысымен әр ауданда «бизнес-мектептер» құрылуы тиіс. Бұл ретте ұлт­тық палата аудандарда жаңа шағын және орта бизнес нысандарын құруды, жаңа жобалар ашуды іске асырады. Зыряндағы кәсіпкерлікті қолдау орталығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Қазақстан халық банкі» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес құрылды. Аталған орталық билік пен биз­нес арасындағы үнқатысу алаңын тиімді ұйымдастыру арқы­лы кәсіпкерліктің түбегейлі даму негіздерін қалыптастырады, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін көтерудің жүйелі шараларын қабылдайды әрі маңызды мәселелерді біріге отырып шешеді. Кәсіпкерлікті қолдау ор­та­лығында шағын және орта кәсіпкерлік нысанда­рын қар­жылық және қаржылық емес қолдау шаралары, консуль­та­­циялық кеңес, кәсіпкер­дің заңнамалық мүддесі мен құқы­ғын қорғау, бизнесті дамыту және қолдауды ұйымдастыру, кәсіпкерлікке оқыту негіздері сынды қызметтер тегін көрсе­тіледі. Зыряндағы кәсіпкерлік үйін­де «Қазагромаркетинг» АҚ, «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ, Шығыс Қазақстан кәсіпкерлер палатасының Зырян аудандық филиалы, аудандық халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғы, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бө­лі­мі мен жер қатынастары бөлімі мемлекеттік мекемелері қызмет көрсетеді. Сондай-ақ «Бизнес мектебі» өкілдері, түрлі жағдайлар барысында туындаған мәселелерді түсіндіріп, бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Зырян ауданы.

Көлік логистикасы

Семейдің сауда-транзиттік әлеуетін арттырады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жол­дауында көліктік-логистикалық инфра­құрылымдарды дамыту – макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатынын айтқан болатын. Осы орайда, елдің шығысында логистикалық хаб инфрақұрылымын құруға тапсырма берді. Бүгінде семейлік кәсіпкерлер Президент пәрменін нақты жүзеге асыра бастады. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің айтуынша, қазіргі кезде қалада «Солтүстік», «Оңтүстік» және «Әуежай» деп аталатын үш хабты құру жұмыстары жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Семейде көліктік-логистикалық орталық­тарды құруға қолайлы мүмкіндіктер бар. Басты міндет – қаланың жағрафиялық орналасуын тиімді пайдалану. Өйткені, Қытайдан Ресейге ағылатын жүк тасымалы қаланы басып өтеді. Бұл ретте «Солтүстік» халықаралық автокөлік дәлізіне жататын («Омбы – Павлодар – Семей – Қалбатау – Майқапшағай», «Омбы – Павлодар – Семей – Қалбатау – Аягөз – Таскескен – Үшарал – Сарыөзек») жолдардың маңызы ерекше. Сондай-ақ, әуежай бар. Одан өзге Транссібір теміржол магистралі, солтүстік және орталық трансазиялық теміржол магистралі дәліздеріне тікелей шыға алатын Түрксіб теміржол магистралі да, қала арқылы өтеді. Осы мүмкіндіктерді оңтайлы пайдалану семейліктерге сын да болып тұр. Бүгінде қаланың сол жақ бөлігінен орын тепкен «Сол­түстік» көлік-логистика орталығы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, Ресей мен Қытайға шығатын транзиттік жолайрық мүмкіндігін саралай отырып салынған кешеннің келешегі кемел. Аталған хаб алдымен «Энергетик» шағын ауданындағы 3,5 гектар аумаққа орналасқан. Оның 1,7 гектары игеріліп, қалған жер телімінің құжаттары әзірленіп жатыр. Бұл іргелес «Қарағайлы» шағын ауданымен бірге бой көтеріп келе жатқан жаңа аудан екен. Жақында «Энер­гетик» шағын ауданында әрқайсысы 72 пәтерден тұратын 6 көп­қабатты тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ, №5 қазандық пайдалануға берілді. Алдағы уақытта жедел жәрдем орталығы мен дәрігерлерге арналған тұрғын үй кешендері салынбақ. Яғни, логистика орталығы ауданмен бірге көркейеді. Биыл «Солтүстік» көлік-ло­гистика орталығында 3 мың шаршы метрлік сауда ғимараты бой көтерді. Сэнд­вич-панельдерінен жарты жылда тез салынған ғимарат жақында пайда­лануға беріледі. Екінші кезеңде тран­зит­тік жүк пен сауда тасымалына ар­нал­ған алып терминал, қойма, асхана құрылысы жүргізіледі. Ал үшінші кезеңде инфрақұрылым желілері мен әлеуметтік тұрғын үй, балабақша және тұрмыстық қызмет көрсету нысандары салынбақ. Сонымен бірге, логистикалық кешенге теміржол желісі мен Павлодар күрежолымен қосатын автокөлік жолы да тартылады. Осы арқылы мұнда жүкті тиеу және түсіру жұмыстары жедел жүргізілмек. Келешекте кедендік ресімдеу орындарын құру, басқа да әкімшілік бақылау орындарын орналастыру қарастырылуда. Құрылысы 2016 жылға дейін жоспарланған терминал толық қуатымен іске қосылғанда 120 адам жұмыспен қамтылатын болады. – Жобаны екінші деңгейлі банктер 750 млн. теңгеге қаржыландырды. Жеке қаржы да құйылды. Алайда, екінші деңгейлі банктердің үстемесі қымбатқа түсті. Сондықтан, Ин­дус­трияландыру картасына қосу мақсатында жоба өңірлік үдемелі индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының үйлестіру кеңе­сіне жолданды. Алдағы уақыт­та инфрақұрылым желілерін жүргізуге мемлекеттік қолдау көрсе­тіледі деп күтілуде, – деді «Сол­­түстік» көлік-логистика орта­лы­ғының директоры Руслан Әубәкіров. Кәсіпкердің айтуынша, көлік-логистика кешені Семей арқылы өтетін жүк тасымалын оңтайландырады. Қытайдан Ресейге, Ресейден Қытайға өтетін транзиттік көліктер мен жүк осы арада ресімделетін болады. Руслан Әубәкірұлы 80 адамға дейін жұмыспен қамтылған құрылыс барысында силикат кірпіш, цемент, темір-бетон бұйымдары, сэндвич-панельдер сынды отандық өнімдер пайдаланылып, қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға септескенін де атап өтті. Ал «Оңтүстік» көлік-логис­тика орталығы Семей – Алматы трассасы бойындағы «Сары» база­рының жанында бой көтермек. Бұл нысан жеке инвестиция арқылы 40 гектар аумаққа салынады. Бүгінде аталған жер телімін жалға алу құқын сату бойынша аукцион жүргізуге арналған құжаттар пакеті әзірленді. Жалпы, Батыс Еуропа ел­дерінің тәжірибесіне зер салсақ, көлік-логистика орталықтарының ерекше маңызға ие екенін аңдауға болады. Сондықтан жақын келешекте жүк тасымалы қызметінің барлық түрін көрсететін Семейдегі көлік-логистика орталықтарының өңірдегі сауда мен экономиканың өрістеуіне де игі әсері тиеді деп күтілуде. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». СЕМЕЙ.

Ауыл малымен бай

Ауыл тұрғындары мал өнімдерін қала базарларына шығарып, қосымша табыс табуда. Биылғы жылы қаладағы муниципалдық базарға 2850 келі жылқы еті, 28 тонна қара мал еті, 5500 келі қой еті, 2010 литр сүт өнімдері және 3500 жұмыртқа жіберіпті. Екібастұзға жолсапарға жиі барамыз. Өндірістік өңірде шоғырланған кәсіп­орындар тынысы, қала мен ауылдардың тынымсыз тіршілігі себепкер. Айт­пақшы, Жүсіпбек Аймауы­товтың «Күнікейдің жа­зығы» повесінде жазылған Шиқылдақ ауылы да осында. Кеңес кезінде «Киров» деп те, «Комсомольский» деп те аталды, бертін Құлболды деп те аталды. Бірақ, ауыл Шиқылдақ атауын ауыздарынан тастаған емес, солай қалды да, Шиқылдақ көлі де бар. Бүгіндері ауылда 500-дей адам тұрады. Мал жетеді, дастарқаны мол. Мектебі, балабақшасы, дәрігерлік бөлімше жұмыс жасайды. Әр үйде өз моншалары бар. Шаруа қожалықтары болса, ел-жұртқа көмектерін аямайды. Биыл «Родоманов» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 8 миллион 500 мың теңге несие ресімдеп, асылтұқымды бұқа, 43 қара мал және лизингке 3,8 миллион теңгеге трактор сатып алыпты. Ауыл әкімінің айтуынша, мал шаруашылығымен айналысатын 17 шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкер 1476 бас қара мал, 2999 бас қой мен ешкі, 1812 бас жылқы бағады екен. Бұған қоса, жеке қосалқы шаруашылықта 1102 қара мал, 2632 қой мен ешкі, 136 жылқы бар. Мал басының көбеюі шаруа қожалықтарының өз қаражатына мал сатып алуы мен Үкіметтің қолдауы арқылы іске асуда. Мысалы, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы арқы­лы 2 адам шағын несие алып, мал сатып алды. «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы «Табиғат» шаруа қожалығының басшысы М.Ибраев және «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының басшысы Қ.Ибраев әрқайсысы 3 миллион теңгеге ірі қара мал сатып алды. Жыл сайын мал басының өсуімен одан алынатын өнім де артуда. Ауылдың ырысы мол, жағдайлары жақсы, берекелі. Мысалы, «Жарсор» шаруа қожалығында жылқы, қой, 5 бас түйе бар. Ал «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Ибраев мал басын көбейту үшін несие алған. Қожалықта 2 үй бар, жарығы, суы, отыны, жемшөбі бар. Одан кейінгі «Төменгі база» деген жерде Николай Арсютин және Юрий Родомановтар басқаратын «NOMAD» және «Родоманов» қожалық­тары мал бағады. Мектеп оқушыларын жыл бойы көк­өніспен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, «Иман­махмут» шаруа қожалығы «Сыбаға» жобасы бойынша кредит алып, мал сатып алды, мақсаты мал басын көбейту, қосымша жаңа жұмыс орындарын ашу. Ауылда «Құлболды батыр» атындағы ме­шіт бар. Өткен көктемде «Қа­ра­ғанды – Ертіс» қаналынан ауыл­дағы өзен мен Шиқылдақ көліне су жіберілді. Көл тазарып суы молайыпты. Ырыс, береке мол. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан».  ЕКІБАСТҰЗ.

Өзара қолдау күшейді

Өндірілген өнімнің молынан өткізілуі қашанда қай кәсіп­орын­ның көкейкесті мәселесі екені, әлемдегі қазіргі күрделі эконо­микалық жағдайға байланысты тіпті, өткірлене түскені белгілі. Осындай шақта сыртқы рыноктағы қиындықтарға қарап отырмай ішкі мүмкіндіктердің көзін тауып, өтімділігін көтеру маңыздылығы асып та тұр. Бұл бағытта Қарағанды өңірі өнім өндірушілерінің « Теңге тиыннан, ынтымақ ұйымнан» делінгендей, бірлескен іс-қимылға белсенділікті күшейтуі өзара арқа сүйеушілікті серпілтер жай болып отыр. Осы орайда, әсіресе, «Қазақмыс» корпорациясы мен «Қарағандыре­зинатехника» ЖШС арасындағы екіжақты тиімді әріптестік қатынас үлгі боларлығын айтуға болады. Бұған дейін де мығым байланысты қалыптастырушы кәсіп­орындар тарапынан жақында жасал­ған меморандум бойынша тапсырмалар мен оны орнықты орындау жұмыстары ауқымы кеңей­ді. Мәселен, тапсырыс беруші жақ жылына 15 мың шаршы метр конвейер лентасымен қамтамасыз етіліп келсе, биыл көлемі одан да ұлғайтылды. Мұның өзі осынау затты өндірушінің былтыр бұдан түскен 200 миллион теңге табысын еселеуге мүмкіндік береді деген сөз. Айта кету керек, аймақтағы тағы бір алып – «Арселор Мит­тал Теміртау» компаниясына қарағанда, «Қазақмыстың» жергілікті кәсіпорындар өнімдерін сатып алуға ынта-пейілі тәуір демеске болмайды. Мысал үшін, мұнда 2001 жылы қазақстандық тауарларды тұтынудың үлес сал­мағы 57,8 пайызды құраса өткен жылы 68 пайызға көтерілді. Биыл «Минова Қазақстан», «Ютария», «Қазполимер», «Қаз­электроорталықсым» сияқты іргелі өндірістік буындардың бұйымдары мен құрал-жабдықтарын сатып алу көлемі былтырғы 9,58 миллион теңгеден одан әрі өспектігі оларға үлкен қолдау болып табылады. Ал өкінішке қарай, жоғарыда аталған алып керісінше, өсіру орнына кемітіп келеді. Соның салқыны «Қарағандырезинатехника» кә­сіп­орнын да айналып өтпей, ағымдағы жылда оның өнімін сатып алу көлемі бірден 70 пайыз­ға төмендетілмегенде резина бұйым­дарды жасаушылардың қосымша табысы қомақтырақ болар еді. Жалпы алғанда, жергілікті кәсіпорындардың бір-бірімен тауар алмасуына, не қажеттінің бәрін тұтына алуына қол ұзын. Бұған «Евразиан Фудс», «Нова цинк», «Шұбаркөлкөмір», «Гефест», «Қарағанды конфеттері», «Қар­цемент», «Сантехпром», «Қара­ғанды машина жасау зауыты» сияқ­ты, 50-ден астам кәсіпорындар арасында ішкі тетіктер мен мүмкіндіктер ескеріліп жасалған келісімшарттар байланыстарды дамытуға жаңа қадам ашып жатыр. Мұндай шараларға еліміздің басқа да өңірлері қамтылуда. Тауар өндірушілерге электр энергиясы мен теміржол тарифтеріне төмендетілген коэффиценттер беру арқылы сауда нысандарына қолжетімділікті, оларға тапсырысты, ұлттық компаниялар мен жүйе құрушы кәсіпорындарға өнімдердің сатылуын қамтамасыз ету жағынан әкімдіктер тарапынан нақты қолдау көрсетілуде. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.

Tenaris компаниясы Ақтауда зауыт салмақшы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Италия Премьер-министрі Маттео Ренцидің қол жеткізген уағдаластықтары нақты іс жүзіне айнала бастады. Инвестициялар және даму министрлігінде «Tenaris» компаниясының басшыларымен Қазақстанның индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту жөнінде кездесу өтті. Компанияның Қазақ­стан­дағы бас директоры Хуан Хуаникотена Қарашығанақ кен орнындағы мұнай-газ жобасы бойынша ынтымақтастық аясында Tenaris-тің жергілікті аумақтардағы жұмыстарын қолдау мақсатында Ақтау қаласында құбырларға ойма салу желісінің сыйымдылығы жылына 45 000 тонна болатын жаңа цех құрылысына 40 миллион АҚШ долларын салатындығын жария етті. Қазіргі уақытта «Ақтау теңіз порты» АЭА-мен келісімшарт жасасу рәсімі өтуде. Компания өкілдерінің айтуларына қарағанда, Қазақстанда өндіріс құру жөніндегі шешім елдегі тартымды инвестициялық ахуалдың және Ақтау АЭА-ның инфрақұрылымының жақсы дамығандығының арқасында қабылданды. Зауыт құрылысының басталуы наурыз айына, ал аяқталуы келесі жылдың басына жос­парланып отыр. Кәсіпорында 90 адам жұмыс жасайтын болады (оның 90%-ы жергілікті тұрғындардан тартылады). Жұмысшылардың біразын Румыниядағы «Тенарис» жаңа зауытында оқыту жоспарлануда, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Уақыт талабын дөп басқан

Елбасы «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру», деп нақтылады. Бұл ретте мүдделі мақсатқа жетуімізге кәсіпкерлердің қосар үлесі де, олардың қоғамда алар орны да және сол кәсіпкерлерге артылған сенім де баршылық. Негізі қандай да бір жұмыстың көзін тауып, табыстың қайнар бұлағын аша білу іскерлікті танытады. Уақыт талабына сай іскерлігімен ерекшеленіп, шапағаты тиген халықтан «алтын жүректі адам» деген бағасын алып, ілкімді ісімен ілгерілеген кәсіпкер жан – Молдияр Нұрбаев қарапайым еңбек адамы ретінде көпке үлгі тұтуға лайық. Рас, алғашында барлық ісі дөңгеленіп жүріп берген жоқ. Сан түрлі кедергі тосқауыл болғаны ақиқат. Еліміздегі ең ірі мегополистің іргесіндегі аудан аумағынан тұрғындар қажеттілігін өтеп, газ тасымалдау шаруашылығын ұйымдастыру барысында талай кедергілерді жеңіп, кейбір басшылардың кемшілігінен туындаған сергелдеңді сот шешімімен тоқтатқаны өз алдына. Иә, осыдан 25 жыл бұрын жеке тұрғын үйін, автокөлігін, мал мүлкін кепілдікке қойып, банктен несие қаржы алып, жеке кәсібін, нақтылай түссек, «Тәуекел-Т» ЖШС ашқан еді. Бүгінде аталған ұжымда 300-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Айтар ауызға оңай болғанымен газ құбырын талапқа сай тарту оңай шаруа емес. Жуандығы түйенің беліндей көгілдір отын толы құбыр Алматыға тартылғанымен сол құбырға белгіленген талапқа сай әрі әртүрлі мөлшердегі шағын құбырларды жалғап, ауылдарды аралата жүргізу машақаты көп жұмыс. Жазық жерде жайымен жылжитын көгілдір отынды тау баурайына қысыммен көтеру қиындықтары тағы бар. Бірақ бәрі артта қалды. Қазір қажеттілікті өтейтін арнайы техникалар жеткілікті. Қарасай ауданының Кемертоған ауылынан әмбебап орталық кеңсе үйі бой көтерді. Бүгінгі таңда орталық кеңседе «Газ есебі», «Техника қауіпсіздігін сақтау», «Үй ішіндегі газ құбырларының қызметін бақылау», «Абонент бөлімі», «Халықпен араласу және байланыс мәдениетін қалыптастыру» сияқты бірнеше бөлімдер тұтынушыларға қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, қауіпті жағдайдың алдын алу мақсатында тәулік бойына кезекшілік ететін мамандар да оларға керекті арнаулы техникалар да жеткілікті. Апатты жағдай бола қалған сәтте жедел құтқару қызметін көрсетуге ұжымдағы кәсіби мамандар әрқашан дайын тұрады. Осының бәрі жауапкершілігі зор, өзіндік талабы бар азаматтың іскерлігін көрсетеді. Молдияр Нұрбаевтың бойындағы қайтпас қайсар мінезінің жемісі, үлкен шаруаны ұйымдастыра білуінің жеңісі деп түсінуге болады. Жұмысты жаңаша жандандыра берудегі жаңа ой, тың тәсіл, соны жобалар алға ұмтылуға ықпалын тигізді. Бір айта кетерлік жайт, осы жұмыстың барлығын атқару барысында кәсіпкер Молдияр Нұрбаев мемлекет тарапынан жеңілдікпен қаражат, несие алып көрген жоқ. Тек іскерлігіне сүйенеді. Елбасының кәсіпорындар мен ірі өнеркәсіп, шаруашылық басшыларына қатардағы жұмысшылардың еңбекақысын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын бұлжытпай орындап жүрген кәсіпкер әріптестерінен озып жүр. Серіктестікте еңбек ететін жұмысшылардың айлық жалақы мөлшері бүгінгі күні ешкімді ренжітпейтіндей жағдайға жетті. Қатардағы жұмысшы ай сайын 70-80 мың теңге еңбекақысын белгіленген күні алады. Ал кәсіби шеберлігі ұшталған әрі санаты жоғары жұмысшылар мен мамандар 150 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Сөйтіп, сөзі мен ісін қабыстыра білген кәсіпкер мемлекеттік саясатқа сай әрекет етуінің нәтижесінде биліктің де, халықтың да алдында жүзі жарқын болып жүр. Бұл әлбетте қуанарлық жайт. «Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын қуанышпен қабылдадық. Бұл қуаныш серіктестікке үлкен серпіліс әкелді. Нәтижесінде ұжым өркениет көшіне ілесе білді. Негізі серіктестігіміз өз күшімен жиырма шақырымдық жоғары қысымды құбыр тартуды жобаға енгізді. Оған шүкір. Кішігірім болса да өз қажеттілігімізді өтейтін күші бар жеке ГРЭС керегімізге жарап отыр. Уақыт талабына сай Жамбыл ауданын түгелдей газдандыруға күші жететін он шақырымдық жоғары қысымды құбыр іске қосылды. Серіктестік тікелей халыққа қызмет көрсетіп, тығыз байланыста жұмыс істейді. Осыны ескеріп, ауылдарды орналасу ыңғайына қарай бірнеше топқа бөліп, үлкен қауымдастық құрылды. Қазір қауымдастықта он бір бөлімнен тұратын бірлестік Жамбыл, Қарасай, Талғар аудандарында қызмет көрсетуде. Бұл уақыт талабына сай өмір қажеттілігін өтеу болып табылады. Айталық, ауылдарды газбен қамтуға міндет алған мемлекеттік мекеме емеспіз. Өз кемшілігімізді өзіміз түзетуге, өз кәсібімізді өзіміз өркендетуге тиістіміз», деген еді кәсіпкер Молдияр Нұрбаев. Өмір болған соң, тұрмыстық қажеттіліктерден туындайтын кемшіліктерді жою, атқарылған жұмысты үнемі назарда ұстап жүру Молдияр Нұрбаевтың қалыптасқан әдеті. Бойындағы осынау құндылықты үлгі ету мақсатында, еңбек ете білуді үйретумен қатар, зағип жандарға, зейнеткерлерге, көмекке зәру мұқтаж жандарға қол ұшын бере білуді міндетім деп санайды. 40 мыңнан аса тұтынушыларының және болашақ абоненттерінің жағдайын ескеріп, әр үйге тартылатын газ құбырының бағасын 319 мың теңгеден 210 мың теңгеге азайтуын елі азаматтық деп түсінді. Бұл бұрынғы бағаның 20-25 пайызға кемігенін көрсетеді. Елге жасалып жатқан осындай көмектің сыртында зейнеткерлер мен зағип жандарға, көпбалалы аналарға, мешіт үйлері мен мектептерге, ауған соғысына қатысушыларға, жетім балаларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілген қаржылай демеушілігін ешкім әлі есептеп шығарған емес. Ел Молдияр Нұрбаевты сөздің емес, істің адамы деп ерекше атап жатса еңбегі ерен азаматтың кәсіпкерлікті дамытудағы іскерлігін атап өткені. Еңбек жерде қалмады. «Құрмет» орденімен наградталды. Алматы облысының құрметті азаматы деген мәртебеге де ие болды. Сауатты кәсіпкер, саламатты басшы, қамқор әке, қазір 10 немере сүйіп отырған тамаша отағасы. Аяулы жары Алтынсара екеуі үш бала тәрбиелеп өсірген отбасы. Кәсіпкердің келер жылдарға айқындап қойған жобасы да бар. Ол алдағы төрт жыл көлемінде Жамбыл ауданының алыста жатқан ауылдарын түгелдей газ құбырымен қамтып, көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Қарасай, Талғар аудандарының көптеген елді мекендеріне газ құбырын жүргізу басты мақсаттарының бірі. Себебі, Молдияр Нұрбаев басқаратын Алматы облысы газ шаруашылығы қауымдастығы бүгін тәжірибе жинақтаған, арнайы мамандары, техникасы жеткілікті ұжым облыс­тың қай өңірінде болмасын газ кәсіпкерлігін жүргізуге күші жететін қауымдастық болып табылады. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Қарасай ауданы.