• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2015

Ауруды асқындыру   емделу мүмкіндігін азайтады

1135 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда жаңа технологияның жетегінде дамып келе жатқан аса ауқымды, күрделі саланың бірі – медицина. Бүгінде оның сан түрлі тармақтары адамның дене мүшелерін әрбір бөлшек, түкпір-тамырына дейін жеке-жеке жіктеп, ұңғыл-шұңғылына шейін зерттеп тастаған. Бұрын адам денсаулығының арашашысын дәрігер деген бір ғана жалпылама атаумен атасақ, қазір әрбір дене мүшесінің өз емшісі бар. Мәселен, адамның тоқішек, тікішек ауруларымен айналысатын – проктологтар. Бұл медицинаның ең бір нәзік, көпшілік көзінше көбіне ашық айтыла бермейтін саласы. Әсіресе, әуретті жерін көрсету түгілі, тікелей атымен атаудың өзін ұятты санайтын қазақ халқы үшін дәл бұл салаға сіңісу оңай болған жоқ. Алайда, ауру мүше талғамайды. Ауру ұялмайды. Әрине, аурудың қай түрі де жақсы емес. Бірақ дәл осы салада «ұялып жүргенде» ауруын асқындырып алатындар көп дейді мамандар. Соның салдарынан бүгінде мәселе күрделеніп, адам өлімі жиілеп кеткен. Ендеше, «ауруын жасырған өледінің күйін» кешпей, бұл саланың да айтылуға тиіс түйткілдерін жоғары санатты дәрігер-проктолог, медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның, Ресейдің колопроктологтар қауымдастығының мүшесі, Астанадағы №1 қалалық аурухана базасындағы Амбулаториялық колопроктология орталығының меңгерушісі Леонид ТЯНМЕН әңгімелесе отырып талқылағанды жөн көрдік. – Леонид Владимирович, прок­толог немесе коло­прок­тологтың көмегіне көбіне қанша жастағы адамдар жүгінеді? Яғни, про­к­тологиялық аурулар қай жаста бас­талады? – Негізінен проктологтың колопроктологтан айырмасы, ол тікішек ауруларымен ғана айналысады. Ал колопроктологтар бұған қоса тоқішек ауруларын қарайды. Ағзаның бұл бөлігіндегі ауру кез келген жастағы адамда кездесуі мүмкін. Бірақ адамның жас ерекшеліктеріне қарай оның асқыну формалары әртүрлі болады. Сондықтан, ауру түріне қарай оны әр топқа бөлеміз. Тік және тоқішек аурулары балаларда да кездесіп жатады. Әйткенмен, өте сирек. Көбіне 20 жастан 50-ге дейінгі аралықта тікішек, тоқішек аурулары сатылап түрлі деңгейге өтеді. Тікішектің қатерлі ісігі, обырға айналуы көбіне үлкен кісілерде, 40-50 жастарда болады. Сондықтан 40 жастан кейін әр адамның өзінің тіс дәрігері, гинеколог немесе уролог дәрігері болуы керектігі сияқты отбасылық проктолог дәрігері де болғаны дұрыс. Негізі бұл саланың дәрігеріне көрінерде адам ұялып-қымсынудан бастап қорқуға дейінгі түрлі сезімдерді бастан өткереді. Бірақ «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, бастысы аурудың ал­дын алуға мән берген жөн. Ол үшін ерте жастан дәрігерге көріну керек. – Жалпы, проктологиялық аурулардың туындауына кө­біне экологияның және тамақ­танудың әсері болып жатыр дей аламыз ба? – Әрине. Соңғы 20 жылда проктологиялық аурулар көбейіп кетті. Оның себебі, біріншіден, бұл тақырып ашық айтыла бас­тады. Адамдар ауруын жасырмай, дәрігерлерге қарала бастады. Яғни, аурулар тізімі молайды. Ал екінші жағынан, жиырмасыншы ғасырдың аяғы мен жиырма бірінші ғасырдың басында экология өте нашарлады. Қазір ешкім құбырдан су ішпейді. Табиғи сулар бұрынғыдай таза емес. Оның үстіне тағам құрамы өзгерді. Жеп жүрген тамақтарымыздың неден жасалатынын көрген-естіген кезде тіпті, дүкенге барғың келмей қалады. Ал тоқ және тікішек ауруларының көбі адамның дұрыс тамақтанбауымен байланысты. – Бұдан басқа тағы қандай жағдайлар әсер етуі мүмкін? – Әсер етуші факторлар көп. Тіпті, генетикалық факторлар да жолығады. Кейбір отбасылар әулетімен осындай ауруларға бейім келеді. Оның ішінде геморрой, отбасылық полипоз, тік және тоқішектің ауруына онкологиялық бейімділік және зиянды химиялық өндірістің өзі генетикалық факторларға ұласады. Бізге келетіндердің көбі «ко­логенді колостаз» деген заманауи атауға ие клиникалық синдромнан зардап шегеді. Ол дегеніміз кәдімгі іштің қатуы. Яғни, ішектің сыртқа шығуы тиіс заттардан уақтылы босамауы. Бұл жерде ешқандай медициналық түсініктің қажеті жоқ, қарапайым адамға да белгілі жағдай – ұзақ уақыт босамаған тоқішектің тітіркенуі әсерінен сілекейлі қабығы қабынады. Тіпті, кейде ішектің жарықтануы, ішінен сызықтап жыртылуы белең алады. Одан әрі геморройға ұласып, тікішектің қатерлі ісігіне дейін апаруы ықтимал. Ал ішқату негізінен тамақтанудың бұзылуынан туындайды. Адам күнделікті сұйық тамақ ішіп, жеміс-жидектерді көптеп пайдаланған жөн. Бұл кез келген емдеу әдісін жақсарта түседі. Геморройдың бір жаманы – дер кезінде ауру сезілмей, тек жағымсыз әсерде болып жүре беретіні. Кейде ішек өздігінен қайта ішке еніп кетуі мүмкін. Сондықтан оның еш қаупі жоқ деген ой болады. Алайда, бұл үлкен қателік. Тоқішектегі қан тамырдың кеңейіп кетуі – тікішек ауруларының бірі ғана. Оның салдары әрі қарай ағзадағы өзге мүшелердің жұмысын бұзып, түрлі ауруға соқтырады. – Қазір колопроктология са­ла­сында қандай ем түрі кең қол­даныста? – Колопроктологияда емдеу әдіс-тәсілі аурудың деңгейіне, нау­қастың жеке иммундық қа­білетіне қарай жүргізіледі. Мәселен, егер әңгіме қабыну аурулары туралы болса, мысалы, проктит, прок­тосигмоидит сияқты тоқішек аурулары, ойықжаралы колиті, ішектің тітіркенуі, мұн­дайда консервативті, медикаментозды және сол ауырған жерге ғана ем жүргізу дегендей ем-шаралар қолданылады. Оған көбіне сульфаниламид тобындағы дәрілерді қолдана отырып, емдік микролизм, иммунды қалыпқа келтіру сыңайлы әдістерге сүйенеміз. Ал егер, мә­селе тікішекте болса, онда жиі кез­десетін геморрой, анальді жарылу, полип сияқты ауру түрлерінің бастапқы кезеңінде малоинвазивті әдістерге жүгінуге мүмкіндік бар. Бірақ ауру бастапқы кезеңінен өтіп кетсе, онда ота жасауға тура келеді. – Ал енді сіздің қабылдау­ыңызға қалай бара аламыз? Өзі­ңіз басқарып отырған Аста­на­дағы бірден-бір амбу­лато­рия­лық-клиникалық колопроктология орталығы туралы айтып берсеңіз? – №1 қалалық аурухана ба­засындағы Амбулаториялық-клиникалық колопроктология орталығы – колопроктологиялық аурулармен айналысатын Ас­тана қаласындағы жалғыз маман­дандырылған орталық. Әрине, жекеменшік мекелер көп, бірақ олардың барлығы біздің ор­талықтай мамандандырылған дей алмаймыз. Орталық 2013 жылы құрылды. Бірақ колоректальді хирургия №1 қалалық ауруханада көп жылдар бұрын дами бастаған. Қазақстандағы жетекші колопроктологтардың бірі медицина ғылымдарының докторы, профессор Н.В.Мун көп жылдарын осы ғылымға арнады. №1 қалалық аурухананың хирургия бөлімшесінің базасында жұмыс істей отырып ол өз колопроктологтар мектебін құрған. Мұнда барлық проктологиялық науқастарды хирургиялық емдеу инновациялық технологияларды қолдануымен жүргізіледі. Орталық жұмысының негізгі бағыттары тоқішек ауруларының диагностикасы, колоректальді обырды емдеу, анықтау бойынша скринигті өткізу, эндоскопия, рентгенография, геморройды, сфинктеритті, папиллитті, криптитті операция­сыз емдеу, бейспецификалы ойық­­жаралы колитті, крон ауруын, айқындалмаған колитті, со­зылмалы колитті операциясыз емдеу болып отыр. Жалпы, мұн­да колопроктологиялық опера­циялардың барлық түрі жасалады. Орталық қабылдау мен емді қалалық емханалардың жолдамасы бойынша бюджеттік негізде, тегін, сондай-ақ, ақылы негізде көрсетеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.