• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2015

Қазалыда оқушылардың жазғы демалысы талқыланды

314 рет
көрсетілді

АСТАНА. 27 ақпан. Қызылорда облысы Қазалы ауданында мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру туралы әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы болып өтті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Басқосуға білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрайымы Райкүл Байназарова, облыстық мәслихат хатшысы Ақмарал Әлназарова, облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, мекеме және дербес бөлім басшылары, қала, кент, ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты. Көтерілген мәселе жөнінде баяндама жасаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Сұлтан Мақашов өткен жылы аудан бойынша 1-10 сынып аралығындағы 13 220 оқушының 3 729-ы, яғни, 28,3 пайызы жазғы демалыспен және 9 387 бала (71%) жұмыспен қамтылғандығын жеткізді. Нақты айтсақ, аула клубтарында 2 710 бала, көркейту, көгалдандыру және құрылыс жасақтарына 3 966 бала, ата-анасымен саяхатқа 2 711 бала, барлығы 9 387 бала тартылған. Жалпы, ауданда мектеп оқушыларының демалысын қамтамасыз ету мақсатында «Шағала» балаларды сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Өткен жылы орталықта 560 бала, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерлерінде 2 535 бала жазғы демалыспен қамтылған. Сондай-ақ, демалыс орталығында әр ауысымда медициналық бақылау жұмыстары жүргізіліп тұрады. Осы жылы аудан бойынша 1-10 сынып аралығындағы 13286 оқушының 30 пайызын (3965 бала) жазғы демалыспен, қалғанын (9252 бала) жұмыспен қамту жоспарлануда. Одан бөлек, жылдағы дәстүр бойынша 560 балаға лагерде демалуға жолдама беру көзделуде. Онда тұрақты түрде 13 үйірме жұмыс жасайтын болады. Сондай-ақ, биылғы жылдан бастап «Шағала» лагерінде балаларды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу қолға алынбақ. Сол мақсатта киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар үйірмесін ашу жоспарлануда. Жазда балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауданда 30 әмбебап жасанды жасыл алаң, 2 стадион, 2 спорт кешені жұмыс істейді. Онда 27 спорт нұсқаушысы спорттық шараларды ұйымдастырады. Еламан Қоңыр. Дерек, сурет: egemen.kz.