Профессор Жолмұхан Түрікпенұлы өмірін ұстаздық етумен, ғылым жолында өткізіп келе жатқан адам. Сексеннің сеңгіріне шыққан ғалым ағамыз өз өмір жолын айтқанда, әрқашан оны қазақтың нар тұлғалы азаматы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым академик Төлеген Тәжібаевқа апарып тірейді. Оның да жөні бар: ең алдымен академик оған алғашқы ғылыми ұстазы болса, кейін сол үлкен қайраткердің өмірі мен ғылыми мұрасын зерттеу оның ғылыми еңбектерінің арқауына айналған.
Міне, қолымызға ғалым-ұстаздың «Академик Т.Т.Тәжібаев» деген көлемді кітабы тиіп отыр. Өзіміз шығармашылығына айтарлықтай таныс профессордың бұл еңбегі бұрынғыларынан айтарлықтай өзгеше екенін бірден аңғардық. Жолмұхан ағамыз бұрын да Төлеген Тәжібаев туралы еңбектер жазып, кітаптар шығарса, онда оның тәлімді өмірінің жеке бір қырлары әңгімеге арқау болушы еді. Ал мына монографияда үлкен қайраткердің келбеті жан-жақты көрсетіліп, біртұтас ірі тұлғасы жасалғандай екен. «Елім деп еңіреген, халқы үшін қабырғасы қайысқан, өмірден ерте озған, алаштың ардагер азаматтарының бірі, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, ірі қоғам және мемлекет қайраткері Төлеген Тәжібаевқа арналған» бұл монография автордың да талай жылғы зерттеулерінің қорытындысы іспеттес.
Көзі қарақты қауымға Төлеген Тәжібаевты таныстырып жату артықтау көрінеді. Сөйтсе де, ол шыққан биіктерге бір сәт көз салған да жөн сияқты-ау. Отызында республика Халық ағарту комиссары (министрі), отыздан сәл асқанда Республика үкіметі төрағасының орынбасары, әлі қырыққа толмаған кезінде Сыртқы істер министрлігін өз қолымен құрып, оған басшылық етуі, елдің бас оқу орны – Ұлттық университеттің ректоры болуы көптің емес, ілуде біреудің ғана маңдайына жазылатын сәттер. Оның жолы даңғыл болған жоқ, аяқтан шалушылар көбейген. Оған Мәскеу де араласып, сүріндірген, құлатқан да кезі болған. Көбіне құлаған адамның тұруы, қайта биікке көтерілуі қиын. Ал Төлеген Тәжібаев қайта көтерілген адам. Қайтадан үкімет төрағасының орынбасары болып, мәдениет министрінің қызметін қоса атқарған. Академик болып сайланды. Ғылымды да ұмытпай, республикада психология ғылымының негізін қалады. Қарымды дипломат ретінде әлемге танылды. БҰҰ-ның мәртебелі мінберінен алғаш сөйлеген қазақ болды, халықаралық бас ұйымның бір комитетін басқарды.
Осының бәрі Жолмұхан Түрікпенұлының жаңа монографиясында бар. Үлкен қайраткер, ғұлама ғалымның өмір жолын, бай ғылыми мұрасын жан-жақты зерттеп, зерделеген ғалымның еңбегінен Төлеген Тәжібаевтың қайталанбас келбеті тұлғаланып көрінеді. Оның психология және педагогика ғылымдарын негіздеудегі ұшан-теңіз еңбегіне қаныға отырып, халқымыздың Абайдай, Шоқан Уәлихановтай, Ыбырай Алтынсариндей перзенттерінің философиялық, педагогикалық көзқарастарын зерттеп, алғаш ғылыми тұрғыда тұжырым жасаған да Тәжібаев болғанына да көзіміз жетеді.
Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі, құндылығы десек те болар, онда Т.Тәжібаевтың өміріне байланысты біршама құжаттар жинақталған. Олар ғалымның өз ұстазы жайындағы құрмет пен сүйіспеншілікке толы пікір-тұжырымдарын негіздей, айғақтай түседі.
Төлеген Тәжібаевтың толыққанды келбетін көрсету мақсатында автордың ол туралы онымен қызметтес, достық қарымқатынаста болған қайраткерлердің, тәлімін алған шәкірттерінің, шапағатын көрген адамдардың естеліктерін де осы кітапқа енгізуін барынша орынды дерсің. Ал оларды тебіренбей оқу мүмкін емес.
Естелік дегенде, ойға бірден оралары Д.А.Қонаевтың Төлеген Тәжібаев туралы қысқа пікірі. Димекең былай дейді: «Төлеген Тәжібаев қазақтың белгілі ғалымы, үлкен қоғам қайраткері еді. Ол кісімен Халық Комиссарлар кеңесіне қызметке ауысып келген тұста таныстым. Кейін қызметтес болдық. Соғыстың күйіп тұрған уақыты, мұрнымыздан шаншылып жатамыз, соған қарамастан ел тағдыры, халқымыздың болашағы, оның ертеңгі ұрпағы жайындағы ортақ әңгімеміз таусылмас еді. Төкең қазақтың тұңғыш дипломаты, республиканың алғашқы сыртқы істер министрі, ол ұзақ жылдар бойы Қазақ Мемлекеттік университетін басқарып, оның қалыптасып, қанат жаюына зор үлес қосты».
Үлкен тұлғаға оқырман, осы кітапты оқи отырып, өз ұстазын ерекше сыйлаған ғалым шәкірт көзімен, естелік айтқан елдің елеулі адамдарының көзімен, тек қана шындықтан айнымайтын құжаттардың көзімен қарайды. Сонда ол қазақтың біртуар перзентін көреді. Сірә оның бейнесі бұдан кейін оқырманның жадынан шықпас.
Монография аталған соң, ол ғылыми ортаға, оқытушылар мен студенттер қауымына арналғандай көрінетіні бар. Ал шын мәнінде бұл кітап барша қауымға да қызықты да бағалы болары даусыз. Бір өкініш – ол тым аз таралыммен шығыпты. Құнды нәрсенің көп болғаны жөн ғой.
Мамадияр ЖАҚЫП,
журналист.