Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-, 24- және 37-баптарына сәйкес, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін орталықтандырып дайындау туралы шешім қабылдап, сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті.
Сайлау бюллетеньдерінің саны, сайлаушылар тізімдеріне енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызын қоса алғанда, 9 451 057 дананы құрайды.
Сайлау бюллетеньдері облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына арнайы байланыспен 2015 жылғы 20 сәуірден кешіктірмей жеткізіледі. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары сайлау бюллетеньдерін 2015 жылғы 24 сәуірден кешіктірмей учаскелік сайлау комиссияларына жеткізуді және беруді қамтамасыз етулері қажет.
«Егемен-ақпарат».