Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде өңірде коммуналдық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғыртылып жатқан негізгі нысандардың бірі – Орал қаласын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ететін «ЖайықТеплоЭнерго» АҚ қазіргі уақытта «қызыл аймақта» тұр. 2029 жылға дейін жүргізілетін жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде тозу деңгейін 83%-дан 60%-ға дейін төмендетіп, нысанды «сары аймаққа» шығару жоспарланған.
Сонымен қатар, тозу деңгейі 65%-ды құрайтын ұзындығы 1,8 шақырым болатын №7 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қанат Бозымбаев құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды. Аталған жылу магистралі 24 бюджеттік мекеме мен 130 тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру желілердің тозуын азайтуға, жүйенің өткізу қабілетін арттыруға және пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қанша қаржы жұмсалады?
Сондай-ақ Қанат Бозымбаев Орал қаласының Зачаган кентіндегі №29 кәріз-сорғы стансасының жұмысымен танысты. Қазіргі таңда мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 40%-ы орындалған. Жобаның құны – 1,7 млрд теңге. Жаңғырту аяқталғаннан кейін, 2027 жылдың соңына қарай станса тәулігіне 14 700 текше метрге дейін сарқынды суды айдай алады. Бұл жүйеге жаңа абоненттерді қосуға және кенттің коммуналдық инфрақұрылымын тиімді басқаруға жол ашады.
Одан кейін вице-премьер «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-нің қалалық электр желілері кешеніне барды. Мұнда 138 шақырым электр желілерін жаңғыртуға бағытталған үш кезеңді жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жобаның екі кезеңі аяқталып, үшінші кезең бойынша жұмыстар жалғасуда.
Қанат Бозымбаев қазіргі жаңғырту қарқынын сақтау өңірдің коммуналдық инфрақұрылымындағы жүйелі мәселелерді шешуге және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыстағы электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендеді.
Еліміздің энергетикалық нысандарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр
Жұмыс сапары барысында отандық өндірушілерді қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Жобаларда қазақстандық темірбетон тіректері, кабельдік-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялар, трансформаторлық қосалқы стансалар, полиэтилен құбырлары және өзге де жабдықтар пайдаланылып жатыр. Кейбір нысандарда қазақстандық қамту үлесі 80-99%-ға дейін жетеді.
Қазіргі таңда ЭКСЖ электрондық платформасында Батыс Қазақстан облысы бойынша жалпы сомасы 113,7 млрд теңгені құрайтын 38 жоба тіркелген. Оның ішінде жалпы құны 21,9 млрд теңге болатын 10 пилоттық жоба белсенді жүзеге асырылу кезеңінде тұр.