АСТАНА. 28 наурыз. Кеше түнде футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында 9 ойын өтті. Соның ішінде бес команда ірі есеппен жеңіске жетті. Тағы үш матчта жеңімпаздар анықталды. Ал Черногория мен Ресей арасындағы ойын 68-минутта тоқтатылып, аяқсыз қалды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Алдымен алғашқы сегіз ойынның нәтижесіне тоқталайық:
Англия – Литва 4:0
Голдар: Уэйн Руни 6, Дэнни Уэлбек 45, Рахим Стерлинг 58, Гарри Кейн 73.
Испания – Украина 1:0
Гол: Альваро Мората 28.
Лихтенштейн – Австрия 0:5
Голдар: Мартин Харник 14, Марк Янко 16, Давид Алаба 58, Златко Юнузович 74, Марко Арнаутович 90+3.
Македония – Беларусь 1:2
Голдар: Александр Трайковски 9 – Тимофей Калачев 44, Сергей Корниленко 82.
Молдова – Швеция 0:2
Голдар: Златан Ибрагимович 46, 84 (пенальти).
Словакия – Люксембург 3:0
Голдар: Адам Немец 10, Владимир Вайсс 21, Петер Пекарик 40.
Словения – Сан-Марино 6:0
Голдар: Йосип Иличич 10, Кевин Кампль 49, Андраж Струна 50, Миливое Новакович 52, Деян Лазаревич 73, Бранко Илич 88.
Швейцария – Эстония 3:0
Голдар: Фабиан Шер 17, Гранит Джака 27, Харис Сеферович 80.
Черногория – Ресей 0:0 (66-минутта тоқтатылды)
Енді жанкүйерлердің назарын аударған Черногориядағы ойынға назар аударайық. Кездесу Подгорица қаласында өтті. Әдеттегідей матч алдындағы барлық ресми шаралардан кейін төреші ысқырық шалды. Допты ойынға алаң иелері қосты. Төрт-бес футболшы допқа аяқ тигізіп үлгерместен кездесу тоқтатылды. Бұл кезде ойынның бар болғаны 10-секунды жүріп жатқан еді. Матчтың тоқтатылу себебі, Черногория жанкүйерлерінің бірі Ресей қақпашысы Игорь Акинфеевке перотехникалық құрал лақтырып, ойыншыны ауыр жарақаттады. Оты лаулаған петарда қақпашының дәл желке тұсына тиіп, шашының белгілі бір бөлігін күйік шалды. Сондай-ақ, Акинфеевтің байқаусызда болған қатты соққыдан миы шайқалған. Нәтижесінде, дәрігерлер ойыншыны арнайы көлікпен алып кетті. Бірден жергілікті ауруханаға жеткізілген Ресей қақпашысы түнде командасымен бірге Мәскеуге ұшып келді.
Осы жайттан кейін көпшілік ойын тоқтатылып, Черногорияға техникалық жеңіліс беріледі деп топшылады. Алайда, арада 35 минут уақыт өткенде матч қайта жалғасты. Кейін мұндай шешімді УЕФА президенті Мишель Платини қабылдағаны белгілі болды.
Негізгі қақпашысынан айырылған Ресей алғашқы минуттан бастап ойыншы алмастырды. Акинфеевтің орнына Юрий Лодыгин шықты.
Үзіліске дейін есеп ашылған жоқ. Екінші кезең 15 минутқа кешігіп басталды. Уақыт өткен сайын жанкүйерлер арасында тәртіп бұзушылықтар көбейіп, стадионның әр жерінен түтіні будақтаған отшашулар жиі атыла бастады. Кездесудің 65-минутында Черногория ойыншылары өз айып алаңында Александр Кокоринді шалып жығып, Германиядан келген бас қазы Дениз Айтекин бірден 11 метрлік нүктені көрсетті. Бұл Ресей ойыншыларына есеп ашатын тамаша мүмкіндік еді. Десек те, пенальтиді орындаған Роман Широков қақпашы Вукашин Полексичтен айласын асыра алмады. Осы сәтте стадионды басқан түтін қалыңдап, жанкүйерлер арасындағы қақтығыс тіпті күшейіп кетті. Нәтижесінде, ойын екінші мәрте тоқтатылды. Бірақ, бұл жолы қайта жалғаспады. Қазір УЕФА-ның тәртіптік кеңесі осы мәселе бойынша жұмыс жүргізуде. Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түскен бұл жайт футболсүйер қауымның басты назарында тұрғаны анық.
Осы ретте мұндай жайсыз оқиғалардың соңғы кездері жиілеп кеткенін айта кетейік. Мәселен, Чемпиондар лигасының 2004-2005 жылғы маусымында ширек финалда «Милан» мен «Интер» ойнады. Сол кезде «Миланның» қақпашысы Дида да дәл осындай жағдайға тап болды. Нәтижесінде, төреші ойынды сол жерден тоқтатып, «Интер» командасына техникалық жеңіліс жазылды.
Сондай-ақ, 2012 жылдың 7 қыркүйегінде Польша құрамасының қақпашысы Пшемыслав Тытонь да перотехникалық құралдан зардап шекті. 2014 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Польша сол кезде дәл осы Черногориямен ойнап жатқан еді. Өз қақпаларына гол жіберіп алғанын көтере алмаған черногориялық жанкүйерлер алаңға перотехникалық құралдарды лақтыра бастады. Солардың бірі Тытоньның дәл қасына түсіп, жарылды. Салдарынан, қақпашының есту қабілетіне зақым келді.
Черногория жанкүйерлері қақпашыны нысанаға алуларын мұнымен тоқтатқан жоқ. 2013 жылдың 27 наурызында аталған команда Англияға қарсы алаңға шықты. Сол кезде ағылшындардың қақпашысы Джо Хартқа жанкүйерлер қолдарына түскендерін лақтырып, ойынына кедергі келтірді. Соңында әжетхана қағазына дейін лақтырып, шектен шықты.
Бүгінде ФИФА мен УЕФА осындай мәселелерді жіті зерттеп, қолданылатын жазаны күшейту керектігін жиі айтып жүр. Тіпті жанкүйерлерінің басбұзарлығы үшін команданы барлық жарыстан шеттету мүмкіндігі де қаперге алынды. Мұндай қадамға амалсыздан баратынын айтқан ресми өкілдер қазір жанкүйер мәселесі ең өзекті екенін жеткізді.
Айта кетейік, бүгін 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирі аясында тағы 9 ойын өтеді. Соның бірі – Қазақстан мен Исландия арасындағы матч. «Астана-Арена» стадионынд өтетін ойын сағат 21:00-де басталады.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: sports.ru.