• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2015

Исландияға ірі есеппен есе жібердік

298 рет
көрсетілді

АСТАНА. 28 наурыз. Футболдан 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қазақстан өз алаңында Исландиямен ойнап, 0:3 есебімен жеңілді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Кездесудің алғашқы он минуты біздің команданың басымдығымен өтті. Тіпті 6-минутта есеп ашатын тамаша мүмкіндікке ие болдық. Дегенмен, Юрий Красножанның шәкірттері шешуші сәтте мүлт кетті. Уақыт өткен сайын белсенділігін арттырған қонақтар бірінші кезеңнің ортасында өз ойын өрнегін тапты десек, артық айтқандық емес. Нәтижесінде, 20-минутта Исландияның ардагер ойыншысы Эйдур Гудьонсен есеп ашты. Бұл жерде қақпашымыз Андрей Сидельниковтың қателігін айта кеткен жөн. Қорғаушылардың бірінен пас алған ол допты Исландия ойыншысы Йоханн Гудмундссонның аяғына салып берді. Бірден алға ұмтылған Йоханн командалас әріптесі Гудьонсенге пас шығарып, соңғысы нәтижелі соққының авторы атанды. Екінші гол стандартты жағдайдан кейін соғылды. Ойынның 32-минутында қонақтар айып соққысын орындауға мүмкіндік алды. Гилфи Тор Сигурдссонның айып алаңына асырған добына бірінші болып Биркир Бьярнасон жетті. Бірден басымен соққы бағыттаған ол қақпаны дәл көздеді. Үзілістен кейін де ойын өрнегі өзгерген жоқ. Біздің команданың шабуылдары көбіне аяқсыз қалып жатты. Ал Исландия футболшылары өз алаңдарында жүргендей тым еркін ойнады. Тіпті екінші голдан кейін айтарлықтай шабуыл да ұйымдастырған жоқ. Сөйтіп жүріп-ақ ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ. Матч соңында Бьярнасон екінші голын соғып, дубльдың авторы атанды. Ойын барысында біздің футболшылардан Ренат Абдуллин мен Алексей Щеткинде гол соғатын тамаша мүмкіндік болған еді. Алайда, екеуі де допты жөнді тебе алмады. Осы жеңісінен кейін Исландия ұпай санын 12-ге жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша топ басындағы Чехиямен теңесті. Дегенмен, чехтар бесінші ойындарын енді өткізеді. Ал Қазақстан әзірге 1 ұпаймен топтың ең соңында келеді. Бүгін біздің топта тағы екі ойын өтеді. Чехия өз алаңында Латвияны қабылдаса, Түркия Нидерландыға қонаққа барады. Біздің команда турнир аясындағы келесі ойынын 12 маусым күні өз алаңында Түркияға қарсы өткізеді. Сонымен бас командамыздың тағы бір сүреңсіз ойынына куә болдық. УЕФА-ға мүше болғалы өзгерген дүние жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Бүгінгі матчта ерекше айтатын нәрсе, негізгі құрамда бес бірдей қазақ футболшысының алаңға шығуы. Сондай-ақ, Красножан тағы екі қазақ баласын ойынға қосты. Яғни, бүгінгі ойында барлығы жеті қарагөз доп тепті. Айтар дүние осы. Басқа көңіл қуантарлық еш қызық жоқ... Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: vesti.kz. Ойынның хаттамасы:

Қазақстан – Исландия 0:3 (0:2)

28 наурыз. Астана. «Астана-Арена» стадионы. 13 000 көрермен. Төреші: Анастасиос Сидиропулос (Грекия). Қазақстан: Андрей Сидельников, Самат Смақов, Марк Гурман (Ермек Қуантаев 67), Ренат Абдуллин (Алексей Щеткин 80), Илья Воротников, Гафуржан Сүйімбаев, Юрий Логвиненко, Азат Нұрғалиев (Ұлан Қонысбаев 56), Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген, Дәуренбек Тәжімбетов. Исландия: Ханнес Халлдорсон, Рагнар Сигурдссон, Биркир Мар Севарссон, Ари Фрейр Скуласон, Биркир Бьярнасон, Кари Арнасон, Арон Гуннарссон (Эмил Холлфредссон 72), Гилфи Тор Сигурдссон, Йоханн Гудмундссон, Эйдур Гудьонсен (Альфред Финнбогасон 84), Колбейнн Сигторссон (Йон Дади Бодварссон 70). Голдар: Эйдур Гудьонсен 20, Биркир Бьярнасон 32, 90+1. Ескертулер: Азат Нұрғалиев 55, Ермек Қуантаев 70 – Ари Фрейр Скуласон 62.