АҚТАУ. 29 наурыз. Маңғыстауда екпіні секундына 25 метрлік жылдамдықпен ұйытқи соққан шаңды дауылдың салдарынан мұнайшылар мінген автобус апатқа ұшырады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға бүгін таңертеңгі сағат 7 шамасында Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен тасжолында болды. Шаңды дауылдан жол дұрыс көрінбеген. Құзырлы орындардың хабарлауынша, жұмысшылар мінген Daewoo-BH 117 автобусы ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдың оң жақ бетіне қарай аударылған. Автобустағы 24 адамның барлығы да Жетібай ауылындағы вахталық жұмыстарына бара жатқан «Техно-Трейдинг ЛТД» ЖШС-нің жұмысшылары болып шықты.
Жол апаты салдарынан бір жолаушы түрлі дене жарақаттарын алып, облыстық ауруханаға, тағы үш жолаушы Жетібай ауылының ауруханасына жіберілген. Оқиғадан соң жол-патрульдік полициясы қызметкерлері аталған тасжолда тек өздерінің бастауымен, топ болып жүруге ғана рұқсат етіп жатыр.
Гүлайым Шынтемірқызы.
Дерек, сурет: egemen.kz.