АСТАНА. 30 наурыз. Өзбекстанда Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сайлаушылардың президент сайлауына қатысу деңгейі 91,01 пайыз болған. Бұл туралы UZ 24 хабарлады.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мирза-Улугбек Абдусаломовтың кеше, 29 наурыз күні кешке өткізген брифингінде хабарлауынша, елдегі 20,798 млн. сайлаушыдан 18,928 млн. адам немесе жалпы сайлаушылардың 91,01 пайызы дауыс берген. Дауыс санау сағат 20:00-да басталды. Алдын ала қорытынды бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 16:00-де жарияланады.
Абдусаломов сондай-ақ дауыс берудің Өзбекстаннның Еуропа мен АҚШ-тағы елшіліктерінде де жүріп жатқанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, сайлау барысында әлдеқандай бір сайлау заңнамасының бұзылушылығы туралы шағым түспеген.
Өзбекстанда президент сайлауы 29 наурыз күні жергілікті уақыт бойынша 6:00 сағатта барлық 14 сайлау округі бойынша басталды. Сайлау учаскелері Ташкент уақытымен 20:00 сағатта жабылды.
Мұрат Айтқожа.