Кеше Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Бұл – кезекті сессияның жабылуы ғана емес, ұлттық парламентаризм жылнамасындағы тұтас бір дәуірдің аяқталғанын және мемлекеттің даму жолындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіретін нағыз тарихи оқиға.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен отырыста Парламенттің отыз жылдық қызметін жоғары бағалап, осы уақыт ішінде тәуелсіз Қазақстанның берік құқықтық негізі қаланғанын айтты.
Мемлекет басшысы Парламенттің қазіргі құрамына ерекше тоқталып, дәл осы депутаттық корпус ауқымды конституциялық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз еткенін атап өтті. Сондай-ақ қазіргі шақырылымды елдің жаңа тарихындағы ең мықты құрамдардың бірі деп атады. Бұл Парламент депутаттарының қызметіне берілген ең жоғары баға екені анық.
Сонымен қатар Президентіміз бүгін заңды күшіне енген жаңа Конституция Тәуелсіздікті нығайту, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, ел мұратын көздейтін мақсаттарға қол жеткізу жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана екенін айрықша атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы еліміздің алдағы даму логикасын айқындайтын жаңа саяси бағдарды ұсынып, бірқатар басымдықты белгілеп берді.
Бұл ретте мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру аса маңызды стратегиялық міндет екені сөзсіз. Конституциялық реформаның мәні – басқару институттарының атауын өзгерту емес, олардың тиімділігін арттыру. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынған «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» формуласы билік тармақтарының жаңа тепе-теңдігін қалыптастыруды көздейді.
Осы орайда мемлекеттік басқарудың цифрлық форматқа көшуі ерекше назар аударатын мәселе екенін атап өткен жөн. Заң шығару ісінде жасанды интеллектіні, Үлкен дерекқорды, болжамдық модельдерді пайдалану, Электрондық Парламент қалыптастыру туралы міндеттер Қазақстанның басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді мақсат ететіні сөзсіз.
Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы азаматтық қоғамның мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейте түсетініне және бұл бастама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының дәйекті жалғасы екеніне мән берілді.
Отырыста Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіруге қатысты міндеттер де айқындалды. Мемлекет басшысы қазіргі жетістіктерге тоқмейілсімей, Қазақстан ендігі кезеңде шикізатқа тәуелді ел емес, жоғары технологиялы индустриялық мемлекетке айналуға тиіс екенін айтты.
Осы жолда экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту, инвестиция тарту, инновациялық кластерлер қалыптастыру және Алатау қаласын жаңа халықаралық іскерлік орталыққа айналдыру алдағы басым бағыттар екені анық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту да айрықша маңызға ие екеніне баса назар аударды. Шын мәнінде, қуатты инфрақұрылым – экономикалық өсімнің негізі. Сондықтан газдандыруды кең көлемде жүргізу, атом энергетикасын дамыту, көлік дәліздерін кеңейту, жаңа электр стансаларын, жаңа теміржолдар мен автожолдар, әуежайлар және логистикалық орталықтар салу Қазақстанның ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін басымдықтар ретінде атап өтілді.
Мемлекет басшысы толыққанды цифрлық мемлекет құру да болашақтың емес, бүгіннің міндеті екеніне айрықша тоқталды. Осы орайда Қазақстанның «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдаған алғашқы мемлекеттердің бірі болуы, Цифрлық кодекстің қабылдануы, суперкомпьютерлерді іске қосу, «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» қалыптастыру, Жасанды интеллект университетін ашу сияқты нақты қадамдар еліміздің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуді көздейтінін айта кеткен жөн.
Тағы бір маңызды басымдық – адам капиталын дамыту. Президентіміз білімге, ғылымға, медицинаға, әлеуметтік қорғауға, мәдениетке жасалып жатқан мемлекеттік қолдау осы бағыттағы саясаттың жарқын көрінісі екенін тілге тиек етті.
«Ұлттық қор – балаларға», «Келешек» бағдарламасы, жаңа мектептер, университеттер, ғылыми инфрақұрылым, мұғалімдер мен дәрігерлердің мәртебесін көтеру – мұның барлығы ұзақмерзімді ұлттық инвестиция.
Мемлекет басшысы әділеттілік ұғымына да ерекше анықтама берді. Әділеттілік дегеніміз – байлықты бәріне бірдей тарату емес, әр азаматқа өзінің қабілетін жүзеге асыруға тең мүмкіндік беру. Бұл қағидат қазіргі мемлекеттік саясаттың басты философиясына айналып отыр.
Осылайша, тарихи бірлескен отырыс Қазақстанның мемлекеттік дамуының жаңа кезеңін бастап берді деуге толық негіз бар.
Жалпы, жаңа Конституцияның нәтижелі іске асуы, өзгерістердің табысты болуы заңдарға ғана емес, қоғамның қолдауына, азаматтардың белсенділігіне және ортақ жауапкершілікке байланысты. Сондықтан Президентіміз айқындаған стратегиялық басымдықтарды сапалы жүзеге асыруда мемлекет пен қоғамның, билік пен азаматтардың өзара сенімі мен бірлігі ерекше рөл атқарады.
Осы ортақ істе Мемлекет басшысының саяси бағдарының аясында жұдырықтай жұмылу, елдік мүддені бәрінен биік қою – уақыт талабы. Сол себепті, баршаңызды белсенділік танытуға және Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды бірлесіп құруға шақырамын.
Жаңа Конституция егемен еліміз үшін баянды болсын!
Мәулен ӘШІМБАЕВ