• RUB:
    6.14
  • USD:
    480.72
  • EUR:
    548.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 08:07

Ата заңның асыл арқауы

Конституция – мемлекеттің құқықтық және институционалдық негізін айқындайтын басты құжат. Ата заң жария биліктің жүзеге асырылу шегін белгілеп, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының жүйесін бекітеді. Басты құжат мемлекеттің ұзақмерзімді даму бағдарларын да айқындайды. Жаңа Конституцияны қабылдау тек Ата заңды жаңарту деген сөз емес. Бұл сонымен қатар мемлекет, қоғам және жеке адам арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастыруды білдіреді.

 

Бүгін – 2026 жылдың 1 шілдесінен бас­тап ел Конституциясының күшіне енуі дәл осындай ауқымды өзгерістің басталғанын көрсетеді. Бұл мемлекеттік басқару жүйесін, адам құқығын қорғау тетіктерін және жария биліктің жұмыс істеу қағидаттарын қамтитын конституциялық архитектураны кешенді түрде өзгертуді білдіреді.

Кезекті конституциялық реформалар мәселесі жөніндегі қоғамдық пікірталас 2026 жылға дейін туындаған еді. Ал осы жылдың басында ауқымды қоғамдық талқылау арқылы жаңа Конституция жобасын дайындау басталып кетті. Бұл үдеріске депутаттар, мемлекеттік орган­дардың, ғылыми және кәсіби заңгерлер қауымдастығының, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдері белсене қатысты.

Ашық қоғамдық кеңестер мен цифр­лық платформалар арқылы қазақстандықтар­дан 12 мыңнан аса ұсыныс келіп түсті. Олардың барлығын еліміздің 130 азама­тынан арнайы құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия қарап шық­ты. Бұл үдерістің басты ерекшелігінің бірі – институционалдық және қоғамдық сараптаманың тиімді ұштасуы. Конститу­ция жобасы тек комиссия отырыстарында ғана емес, жұмыс топтары, сарапшылық пікірталастар мен халықпен кездесулерде де кеңінен талқыланды.

Комиссия жұмысының жария әрі ашық ұйымдастырылуы, оның ішінде отырыстардың онлайн көрсетілімі консти­туциялық үдерістің жаңа ашықтық стандартын қалыптастырды. Нәтижесінде, Ата заңды әзірлеу бүкіл қоғам қатысқан кең қоғамдық талқылау сипатына ие болды.

Конституция мемлекеттік құрылыстың негіздерін, жария билік жүйесін, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін бекітеді.

Жаңа Ата заңның күшіне енуі мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және демократиялық қоғамның даму талаптарында адамның құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған конституциялық үлгіні кешенді жаңартудың жаңа кезеңін білдіреді. Сонымен қатар мемлекеттіліктің іргелі негіздері – ел Егемендігі, Тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы, унитарлық сипаты мен басқару үлгісі өзгеріссіз сақталды. Бұл конституциялық реформаның мемлекет­тіліктің негіздерін қайта қарауға емес, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын айқын көрсетеді.

Конституция Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары­ның жүйесін едәуір кеңейтеді. Олардың қатарына Егемендік пен Тәуелсіздікті қор­ғау, адам құқығы мен бостандығын сақтау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, халықтың әл-ауқатын арттыру және қоғамдық диалогті дамыту жатады.

Жаңа конституциялық қағидаттар қатарында еңбексүйгіштік құндылықта­рын бекіту, жауапты әрі жасампаз отаншыл­дық идеясын ілгерілету, жоғары экология­лық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау да айқындалған. Адам капита­лын, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық даму бағыты деп танылады.

Ата заң еліміздің бәсекеге қабілеттілігін жаңғырту мен арттыруда мемлекеттің ұзақмерзімді қоғамдық және құндылық бағдарларының жаңартылған жүйесін бекітеді.

Конституциялық реформаның негізгі элементтерінің бірі – 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайға көшу болды. Бұл шешім заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыруға және өкілді органның Қазақстан халқының алдында жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.

Заң шығару рәсімі енді үш оқылымнан тұрады, бұл заңнамалық ұсыныстар­дың тұжырымдамасы мен мазмұнын дәйек­тілікпен қарауға мүмкіндік береді.

Қазақстан халқының мүддесін білді­ретін, заң шығару бастамасы құқығы берілген жоғары консультативтік органды – Қазақстан Халық Кеңесін құру қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекет пен азаматтар арасындағы кері байланыс тетігін күшейтеді.

Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол тікелей қолданылады деген норма конституциялық құрылыс негіздері­нің ретінде айқын бекітілген. Барлық заң мен өзге де нормативтік құқықтық акті Конституция негізінде қабылдануға және оған қайшы келмеуге тиіс.

Сонымен қатар азаматтардың құқық­тық жағдайын нашарлататын, оларға жаңа міндеттер жүктейтін немесе жауапкершілікті күшейтетін заңдарды қабылдауға жол берілмеу қағидаты бекітілді. Бұл ереженің сот төрелігі қағидаттары аясынан конституциялық құрылыс негіздерінің қатарына ауыстырылуы оның әмбебап сипатын айқындайды. Енді бұл ережені тек сот жүйесі ғана емес, мемлекеттік органдардың барлығы сақтауға міндетті.

Нәтижесінде, нормативтік-құқықтық реттеуге қатысты құқықтық айқындылық пен болжам артады. Бұл – құқықтық жүйеге деген сенімнің басты элементтерінің бірі.

Ең елеулі өзгерістер қоғамның цифр­лық даму жағдайында жеке адамды конституциялық қорғау тетіктерінде өз көрінісін тапты. Бұрын сот қызметінің қағидаттары ретінде бекітілген процестік кепілдіктер енді адамның конституциялық құқықтары деңгейіне көтерілді. Бұл адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын сақтау мен іске асыруға қатысты кепілдік­тер мен тетіктердің құқықтық сипатының өзгергенін білдіреді.

Аталған кепілдіктерді адамның бас бостандығы нақты шектелген сәттен бас­тап, оның ішінде сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында да барлық мемлекеттік орган тікелей қолдануға тиіс.

Мұндай құқықтардың қатарына ұстал­ған сәттен бастап қорғалу құқығы, негізсіз ұстауға тыйым салу, бас бостандықты шектеуге сот бақылауы, өз-өзіне қарсы айғақ бермеу құқығы және кінәсіздік презумпциясы жатады.

Жеке өмірге қол сұғылмау кепілдіктері де конституциялық деңгейде кеңейтілді. Олар дербес деректерді қорғауды, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, банк операцияларының және өзге де хабарламалардың, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқы­лы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясын қамтиды.

Цифрлық орта адамның конституциялық құқықтарын іске асыру кеңістігі ретінде қарастырылады. Бұл аталған құқықтарды заманауи технологиялық жағдайларға бейімделген кеңейтілген қорғауды қамта­масыз ету қажеттігін білдіреді.

Конституцияда алғаш рет мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеуді мемлекетке жүктеу міндеті бекітілді. Бұл мемлекеттің жария-құқық­тық жауапкершілігін айтарлықтай күшейтеді.

Конституциялық сот Конституция үстемдігін қамтамасыз етуді және оның нормаларын біркелкі түсіндіруін Консти­туцияға сәйкес жалғастыра береді.

Азаматтардың конституциялық құқық­тары қолданылған заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт нормаларымен бұзылған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Бұл тікелей конституциялық қорғау тетігін күшейтеді.

Әсіресе жеке өмірді, дербес деректерді және цифрлық ортадағы өзге де адам құқықтарын қорғауға қатысты жаңа конституциялық тәсілдер іске асырылған кезде Конституциялық сот қызметінің маңызы арта түседі. Демек, жаңа Консти­туция мемлекеттік институттары арасында өкілеттіктерді қайта бөлумен ғана шектелмейді. Ол Конституция­ның үстемдігіне және адам құқықтары кепілдіктерінің күшеюіне негізделген заманауи конституциялық мемлекет моделін қалыптастырады.

Конституцияға өзгерістер мен толық­тыруларды тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізу тәртібінің бекі­тілуі азамат­тардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға белсенді қатысуына кепілдік беріп, халық Егемендігі қағидатын іске асыруға ықпал етеді. Ал «жалпыхалықтық референдум» ұғымының енгізілуі Конституцияның мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылатын халықтың еркімен тікелей байланысын айқындай түседі.

Конституциялық негіздердің орнық­тылығы, жария биліктің тиімді ұйым­дастырылуы және адам құқықтары кепіл­діктерін жоғары деңгейде қамтамасыз ету ара­сындағы үйлесімділік еліміздің одан әрі даму жолындағы Конституцияның ұзақ­мерзімді маңызын айқындай түседі.

 

Эльвира АЗИМОВА,

Конституциялық сот төрағасы 

Соңғы жаңалықтар