Конституциялық сот жаңа Ата заңның күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Жиынға мемлекеттік органдар, сот жүйесі, адвокатура, халықаралық ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, сондай-ақ еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Конференцияны ашқан Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Азимова биыл 15 наурызда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Ата заңның күшіне енетінін, еліміздің бас құжаты мемлекеттік басқаруды, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарын айқындап бергенін айтты.
– Конституция мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарын елеулі түрде жаңартып, кеңейтті. Алғаш рет мемлекет дамуының бағдарлары бекітілді. Олар: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу, қоғамдық диалогті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету, еңбексүйгіштік, прогресс пен білім құндылықтарын бекіту, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау. Сонымен қатар мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары ретінде адам капиталы, білім, ғылым мен инновацияларды дамыту еліміздің ұзақмерзімді дамуының негізі ретінде бекітілді, – деді Э.Азимова.
Жиында сөз алған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай жаңа Конституция кең ауқымды қоғамдық диалогтің нәтижесі екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл – құқық үстемдігі, қоғамдық келісім мен орнықты даму арқылы мемлекеттілікті нығайтуға ұмтылысын көрсетеді.
– Референдумда жоғары халықаралық қызығушылық байқалды. АӨСШК Хатшылығы дауыс беруді бақылап, оның ашық әрі демократиялық сипатта өткеніне көз жеткізді. Алдыңғы онжылдықтардағы жетістіктердің сабақтастығын сақтай отырып, Конституцияның кіріспесінде Қазақстанның болашағы үшін айрықша маңызы бар іргелі құндылықтар көрініс тапқан. Олардың қатарында: мемлекеттілікті нығайту, тарихи сабақтастықты сақтау, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету, ғылым мен инновацияларды дамыту, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, сондай-ақ әлемнің барлық мемлекетімен бейбітшілік пен достыққа ұмтылу, – деді Қ.Сарыбай.
Жиында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго бейнеүндеу арқылы сөз сөйлеп, Бас құжатта бекітілген қағидаттардың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы маңызына тоқталды.
– Жаңа Конституция тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үдерісінің жеделдеу жағдайында қабылданып отыр. Орнықты даму мен адам құқықтары өзара тығыз байланысты және бірін-бірі өзара күшейтеді. Конституциялық ережелердің іске асырылуы адам құқықтарын қорғауды нығайтуға, инклюзивтілік пен теңдікті кеңейтуге, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ бейнеүндеу арқылы Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Гасан Рамиль Сагиб оглы Конституциямыздың күшіне енуіне орай құттықтауын жолдап, жаңа конституциялық кезең мемлекеттердің институционалдық дамуын күшейтіп, өзара ынтымақтастық пен интеграцияны одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретініне назар аударды.
– Қазіргі уақытта мемлекеттер аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Конституция осындай жағдайда тұрақтылықты қамтамасыз ететін әрі болашаққа сенімді қадам жасай алатын құжат болуға тиіс. Өйткені Конституция – бүкіл ұлттың болашаққа деген көзқарасының көрінісі. Ол мемлекеттіліктің іргелі қағидаттарын қорғап, адам құқықтары мен бостандықтарының, әділдік пен заң үстемдігінің сенімді кепілі саналады, – деді ТҮРКПА Бас хатшысы.
Ал Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова бейнежазбасында Конституция азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға, олардың құқықтық мәдениетін көтеруге де тікелей ықпал ететінін нақтылап өтті.
– Конституция – мемлекеттің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар оның өзегінде адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті тұрған аса маңызды қоғамдық келісім. Сондықтан конституциялық реформа заң үстемдігін нығайтуға, адам құқықтарының кепілдіктерін кеңейтуге, мемлекеттік институттардың қоғам алдындағы есептілігін арттыруға бағытталған жағдайда ерекше мәнге ие болады, – деді ол.
Ата заң мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін толық қамтамасыз етеді. Конференцияда Конституциялық комиссияның мүшесі, БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Ләззат Қалтаева Бас құжаттың осы қағидатты сақтайтынына айрықша тоқталды.
– Кейінгі жылдары еліміз мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама мен институттарды дамытуда айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізді. Конституциялық реформалар қоғамдық қатысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтеді, бұл мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының заң шығару үдерісіне және мемлекеттік шешімдер қабылдауға неғұрлым белсенді қатысуына жағдай жасайды, – деді ол.
Тақырыптық пікір алмасу барысында қатысушылар жаңа Конституцияның құқықтық жүйені дамытудағы, конституциялық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін талқылады. Заң алдында жұрттың бәрінің тең болуы, сот төрелігіне қолжетімділік, заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Адам құқықтарын қорғау аясындағы қазіргі заманғы сын-қатерлер, құқықтық мәдениет деңгейін көтеру, осы бағыттағы ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту мәселелері де талқылауға өзек болды.
Конференцияда отандық жетекші ғалымдар, Конституциялық соттың, Конституциялық комиссияның, жоғары оқу орындарының, сарапшылық институттардың өкілдері баяндама жасады. Бейнетүсірілім форматында Техас университетінің профессоры Ричард Альберт пен Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль ой-пікірлерін білдіріп, еліміздегі конституциялық реформалардың демократиялық институттарды, құқық үстемдігін нығайтудағы, орнықты дамуды қамтамасыз етудегі маңыздылығын ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында Ата заңның мәтініне барша азаматтың тең қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет бастама көтеріп, «Инклюзивті қоғам үшін Конституция» аясында басып шығарылған Брайль қарпіндегі Конституцияның таныстырылымы өтті. Сондай-ақ Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова мен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жәкеев жаңа Конституцияның күшіне енуіне арнайы дайындалған пошта маркасына мөр басу рәсіміне қатысты.
Жиын қорытындысында Конституциялық реформа комиссиясының мүшелеріне Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар мен Конституцияның естелік даналары тапсырылды.