Жаңа Конституцияның преамбуласына мемлекеттілігіміздің мыңжылдық тарихы енгізілді. Бұл еліміздің тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Әрі көп сұраққа осы тетікпен нүкте қойылды.
Ата заңда білім саласының маңызы да ерекше атап көрсетілді. Қазіргі заманның басты талабының бірі – жасанды интеллект технологияларының дамуына көңіл бөлінді. Еліміз бұл бағыттағы әлемдік өзгерістерден қалыс қалмай, заманауи талаптарға сай дамуға тиіс. Сондықтан бұл да маңызды.
Еліміздің бас құжатындағы маңызды саланың бірі – адам құқықтарын қорғауды күшейту. Құқықтарды тек жариялап қана қоймай, оларды нақты нормалар арқылы жүзеге асыру қажет. Осы мақсатта адвокатураның мәртебесі конституциялық деңгейде айқындалды. Бұл сот үдерісінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, адвокаттарды тең құқықты процесс қатысушысы ретінде тануға мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер алдағы уақытта көптеген құқықтық мәселенің әділ шешілуіне ықпал етеді.
Бірлік пен елдік құндылықтарына да ерекше мән берілді. Тәуелсіздікке қол жеткізу маңызды болса, оны сақтау одан да күрделі міндет. Мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен халықтың бірлігіне байланысты. Бірлік болмаса, ешбір мемлекеттің болашағы баянды болмайды. Сондықтан елдің тәуелсіздігін сақтап, оны келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Жалпы, Конституцияға енгізілген өзгерістер еліміздің тарихи сабақтастығын, ұлттық бірлігін, тәуелсіздігін нығайтуды, білім мен инновацияны дамытуды, адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Бұл – еліміздің тұрақты дамуына, болашақ ұрпақтың жарқын келешегін қамтамасыз етуге негіз болады.
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Премьер-министрдің кеңесшісі