Бүгін күшіне енген Ата заңымызда көрініс тапқан басты құндылық – барлық азаматтың заң алдындағы теңдігі. Әлеуметтік мәртебесіне, қызметіне немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан әр адамның құқықтары бірдей қорғалуға тиіс. Тең мүмкіндік – бұл құқықтарды жүзеге асыруға жағдай жасау.
Білім алу, еңбек ету, кәсіпкерлікпен айналысу, мемлекеттік қызметке орналасу, сот арқылы қорғану сияқты негізгі құқықтардың барлығы азаматтарға тең дәрежеде қолжетімді болуы қажет. Сондықтан жаңа Конституция әр адамның өз әлеуетін жүзеге асыруына құқықтық негіз қалыптастырады.
Елде болып жатқан реформалар нәтижесінде Конституциялық сот қайта құрылды. Бүгінде азаматтар өздерінің конституциялық құқықтары бұзылды деп есептесе, тікелей Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау институттарының рөлі күшейтілді, өлім жазасы түпкілікті алынып тасталды, прокуратураның құқық қорғау функциялары нақтыланды. Бұл өзгерістер құқық үстемдігін нығайтуға бағытталған.
Бұл бағытта Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының міндеті – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесу, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайту. Азаматтардың өтініштерін қарап, құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізу, құқықтық түсіндіру жұмысын ұйымдастыру. Әрбір өтініштің артында нақты адамның тағдыры тұрғанын ұмытпай, заң аясында әділ шешім қабылдануына ықпал етуге күш салу.
Конституцияны құрметтеу – мемлекетті құрметтеу деген сөз. Әр азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің құқығына да құрметпен қараса, заң үстемдігі орнығып, әділетті қоғам қалыптасады. Жаңа Конституция бізге тең мүмкіндіктер ұсынады. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді жауапкершілікпен пайдаланып, еліміздің дамуына үлесімізді қосу.
Баян ЖАЛМАҒАНБЕТОВА,
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі