АСТАНА. 30 наурыз. Қытайдың Шанхай қаласында 60 жастағы зейнеткер Сюй Чжиюн шағын автомобиль жасап шықты. Жаңа көліктің ұзындығы 60 см, биіктігі 40 см, ал ені 35 см-ді құрайды. Бұл туралы news-asia.ru хабарлады.
Жаңа туынды көліктен гөрі дөңгелегі, рулі және екі тепкіші бар қол арбаға ұқсайды. Соған қарамастан, өнертапқыш өзі жасаған дүниені кәдімгі автомобильден еш кем емес деп отыр.
«Көлікте бұрылған кезде белгі беретін және қараңғыда жағатын шамдар бар. Бұрылыс шамдары рулді бұрған кезде автоматты түрде қосылады. Басқару тетігі арқылы көлікті от алдыруға және клаксонды қосуға болады», – дейді Сюй Чжиюн.
Қытай азаматы шағын автомобильді жасап шығу үшін екі жыл уақытын сарп еткен. Ал кеткен шығын бар болғаны 250 АҚШ доллары ғана. Қажетті жабдықтарды автобөлшектер дүкенінен сатып алған. Көлікпен күні бойы жүру үшін төрт-ақ литр жанармай қажет. Алайда, жылдамдық жағынан бұл көлік еш мақтана алмайды. Себебі, ол сағатына тек 20 км ғана жүруге қауқарлы.
Әйтсе де жаңа автомобильге қызығушылық білдірушілер өте көп. «Көшеде кетіп бара жатсам, бәрі тоқтатып, жүргізіп көруді сұрайды. Тіпті сатуымды сұрағандар да кездесті», – дейді идея авторы. Бірақ Қытайдың заңы бойынша қолдан құрастырылған мұндай көліктермен автомобиль тасжолдарында жүруге тыйым салынған.
Еламан Қоңыр.
Дерек: news-asia.ru.
Сурет: novosti-n.org.