Үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі жанар-жағармай қорының жай-күйі мен мұнай өнімдерінің шетелге заңсыз шығарылуына тосқауыл қою бағытындағы жұмыстардың барысын тыңдады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ЖЖМ нарығындағы тұрақты жағдай туралы баяндады. Отандық мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы режімде жұмыс істеп жатқаны айтылды. Еліміздегі бензин, дизель отыны, авиаотынның жиынтық қорлары ішкі нарықтың қажеттіліктерін жабады. Энергетика министрлігі ЖЖМ өндіру және жеткізу жағдайын бақылауда ұстайды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің мәліметінше, жыл басынан бері автомобиль өткізу пункттерінде жалпы көлемі 40 мың литрден асатын 593 мұнай өнімдерін әкету әрекеті тоқтатылған. Жалпы, мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге жол бермеу жөніндегі жол картасы шеңберінде шекара маңы аймақтарында күшейтілген бақылау жүзеге асырылып жатыр. Тереңдетілген тексеру іс-шараларын жедел жүргізу үшін қызметкерлер штаты ұлғайтылды.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді топтардың жұмысы туралы баяндады. Патрульдеу тәулік бойы жүзеге асырылады, тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде Шекара маңындағы трассаларда автоцистерналар мен бензин тасығыштар тексеріледі. Кейінгі екі тәулікте өткізу пункттерінде қосымша бактар мен канистрлерде 3 тоннадан астам ЖЖМ әкетудің 61 әрекеті тоқтатылды. Сонымен қатар жанар-жағармай материалдарын тасымалдауға арналған 18 мамандандырылған автокөлік құралы тексерілді. Оның ішінде 34 тонна мұнай өнімін тасымалдаған бір автокөлік құралынан сараптама жүргізу үшін сынамалар мен үлгілер алынды. Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары қызмет көрсету көлемінің қалыптан тыс өсуі тіркелген 62 жанармай құю стансасы мен 22 шағын мұнай өңдеу зауытының қызметіне талдау жүргізуде. Аталған субъектілерге қатысты тиісті тексеру шаралары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов, Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов баяндама жасады.