• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2015

Қызылорда тұрғыны қала прокурорына алғыс айтты

343 рет
көрсетілді

АСТАНА. 30 наурыз. Қызылорда тұрғыны Гүлнар Алекпаева өзінің конституциялық құқығының қорғалуына заңдық негізде ықпал еткен қала прокурорына алғыс білдірді. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап, egemen.kz тілшісі хабарлады. Г.Алекпаева: «Мен жалғыз басты, екі балалы анамын. Екі балам да жұмыста жоқ. Үйде жұмыс істейтін мен ғана. Тек менің айлық табысыммен күн көріп отырмыз. Осылай жүргенде, «Центркредит банкі» 2002 жылы шыққан атқару парағы орындалмай қалды деп (ол атқару құжатындағы сумманы банк өкілдері толық алғанына қарамастан) Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушысы К.Десятниченкоға тапсырған. К.Десятниченко өз кезегінде  2015 жылғы 22 қаңтар күні менің үстімнен заңсыз атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғап, айлық табысымның 50 пайызына шектеу жасап, банкінің пайдасына өндіру туралы қаулы қабылдап, менің жұмысыма, есеп бөліміне жіберген. Ол қаулы бухгалтерияға ақпан айының аяғында келген. Содан бухгалтерия менің екі айлық ақшамның 50 пайызын сот орындаушыға аударамыз дейді. Алдыңғы қаңтар айында айлық бермей кешіктірген. Өзіміз азық-түлік, басқа да қажеттерімізге керекті ақшаны қарызға алғанбыз. Оның үстіне мына сот орындаушысының қаулысы маған жай түскендей әсер етті. Себебі, сот орындаушысының қаулысында көрсетілген соманы төлеп құтылу үшін 3 жыл керек екен. Әрі қарай 2 баламмен қалай өмір сүрем деп басым қатты», дейді. Осылайша, әйел Қызылорда қалалық прокуратурасына жүгінеді. Мұндағылар әйелдің жай-күйін түсініп әрі заңдық тұрғыда әрекет етіп, шағымданушының құқығын қорғап береді. Осыдан кейін барып көңілі жайланған ана қала прокурорына: «Банк пен сот орындаушы менің конституциялық құқығымды бұзып отырғанын айтып, көмектесулеріңізді сұрап 2015 жылдың 26 ақпанында сізге арыз жазғанмын. Осы арызымның негізінде сіздің қарамағыңыздағы қызметкерлер жедел түрде шағымымды қарап, заңсыз шығарылған сот орындаушының қаулысын бұздырып, айлығымды ұстатпай, өзімде қалдыруға жәрдем берді. Жоғарыда айтылғандар негізінде сізден сұрайтыным, менің арызымды қараған қызметкерлеріңізге шексіз алғысымды және қарапайым халықтың мұң-мұқтажына осылай жедел түрде көмек бере берулеріне тілектестігімді жеткізсеңіз» деп хат жазған. Жолдыбай Базар. Дерек: Қызылорда қалалық прокуратурасы. Сурет: i-news.kz.