ПЕТРОПАВЛ. 30 наурыз. Петропавлда үш баласын тастап, үн-түнсіз табан жалтыратқан келіншек үш айдан кейін Атбасар қаласынан табылды. Бұл туралы жергілікті «Добрый вечер» газеті хабарлады.
«Балалар үйінің» бас дәрігері Мәруар Қапенованың айтуынша, Петропавл қаласының тұрғыны Анастасия Гурьянова 4, 3 және1 жасар Саша, Денис, Игорь есімді балаларын жаңа жыл алдында мекеменің табылдырығына тастап кетіпті. Ал өзі белгісіз жаққа зым-зия жоғалған.
Қалалық әкімдіктегілер мен әлеуметтік қорғау қызметкерлері күйеуі түрмеде отырған, ал өзі үш ұлымен көше кезіп, тентіреп жүрген жалғызілікті келіншекке қолдан келген көмегін жасап баққан. Уақытша баспана да бөлген. Есік-терезелерін ауыстырып, жаңалап берген. Киім-кешек пен азық-түлік жеткізіліп тұрған. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген рас-ау. Осынша жарылқаушылық пен рақымшылықтан мезі болса керек, әйел балаларын тастап, беті ауған жаққа жөнеп берген.
Үш баласын тастап кеткен келіншек Атбасардан табылды. Ол өзінің тасбауыр іс-әрекетін «Атбасарға жұмыс іздеп барып едім. Күйеуге шықтым. Енді балаларымды алып кетемін», деген ақталумен жуып-шайғысы келгенін айта кетейік.
Өмір Есқали.
Дерек: «Добрый вечер» басылымы.
Сурет: voxpopuli.kz.