Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Израиль Премьер-министрі барша мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айына, сондай-ақ, президенттік сайлаудың қорытындылары мен елдің ДСҰ-ға кіруіне байланысты Нұрсұлтан Назарбаевқа шынайы құттықтауын жеткізді. Б.Нетаньяху бұл мәселе жөнінде Израиль Қазақстанды қолдағанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Биньямин Нетаньяхуды Израиль Премьер-министрі лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.
Әңгіме барысында тараптар Қазақстан-Израиль ынтымақтастығының басымдығы бар бағыттарын талқылап, сауда-экономика және инвестиция салаларындағы, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды жандандыру жолдарын белгіледі.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы ахуал, атап айтқанда, Израиль-Палестина қарым-қатынасы сөз болды.
Израиль Премьер-министрі Қазақстан Президентін Тель-Авивке сапармен келуге шақырды.
Телефон арқылы сөйлесуге Израиль жағы бастамашылық етті.