серб саяхатшысы Павлодарға жетті
Велосипедпен жарты әлемді шарлап өтуге бел буған серб саяхатшысы Павлодарға жетті. Ол бұл сапарын 12 сәуірде Сербия астанасы – Белград қаласынан бастаған болатын. Содан бері 5 мың шақырым жолды артта қалдырған Драган Шибалич Румыния, Украина, Беларусь және Ресей елдерін басып өткен. Осылайша велосаяхатшы Жапония астанасы – Токиоға дейін жетуді көздейді. Ал ол үшін Шибалич тағы 15 мың шақырым жолды артта қалдыруы тиіс.
Сербия азаматы бұл сапарын алты айда аяқтап, әлем рекордын жаңғыртуды мақсат тұтып отыр. Павлодардан бөлек ол еліміздің Ақтөбе, Қостанай және Астана қалаларына атбасын тіреді. Әрі қарай, саяхатшы Ресейдің Новосібір қаласы және Моңғолия, Оңтүстік Корея елдері арқылы діттеген жеріне жетуді жоспарлап отыр.
Алыс бағытты бетке алған 37 жастағы сербиялық өзімен бірге түнде түнейтін шатыр, ноутбук және су құятын құты ғана алып шыққан. Ол күніне 150 шақырымға дейін жол жүреді.
Драган Шибаличтің негізгі мамандығы – электрик. Дегенмен, бала күнінен саяхатқа жаны құмар ол бүгінге дейін велосипедпен біраз жерді шарлаған. Өткен жылы туған қаласы Кралевтен бастау алған сапар Мәскеу – Краснодар – Ыстамбұл бағыты бойынша өрбіді. Бұл саяхатын ол өзі жанкүйері болып табылатын «Партизан» баскетбол командасының құрметіне арнаған. Сондай-ақ, 700 шақырымға созылған Миланға дейінгі сапары да Шибаличтің мақтан тұтарлық жетістіктерінің бірі.
Бұл – саяхатшының Қазақстанға алғаш рет келуі. Бұған дейін біздің ел туралы көп естігенімен дәл мұндай құрметті күтпегенін жасырмады.
– Мен Еуропаның Италия, Германия, Македония секілді бірқатар елінде болдым. Алайда, Қазақстандағыдай қонақжайлылық пен ілтипатты еш жерден кездестірмедім. Сіздің елде әр адам көмек қолын созуға дайын екен. Барлығы бірдей үйіне қонаққа шақырып, дәм ұсынады. Танымайтын жанды қонаққа шақыру мен үшін таңғаларлық жайт, – дейді саяхатшы.
Павлодарда серб саяхатшысы облыстық өлкетану музейінде болып, өңірдің тарихымен танысты. Шибаличтің бір күндік шығыны 15 доллардан аспайды. Бұл қаржы негізінен тамаққа жұмсалады. Ал түнде өзімен бірге алып шыққан шатырда түнейді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».