Күн күлімдеп, жыл көктемдері, төрт мезгіл қайталанып жатыр. Дүниені дүр сілкінткен еңбек шежірелері бәйшешектей қауызын жарып, қызғалдақтай құлпырып, туған еліміз күн сайын көркейе түсуде. Еңбек деген сөздің қаншалықты құдіретті екенін және сол еңбектің керуенінде ел құрметіне бөленуді Астана арқылы сезінеміз. Астана – бақыт мекені. Оның сұлу көркін көрген сайын сиқырлы бір күш сені еріксіз асқақтатып, Алатаудың биігіне көтеріп, парасат-пайымыңды тағы бір саты жоғарылатып, жанға шипа сұлу Көкшенің саф ауасындай дем беріп, жауынындай себелеп, ол шөліңді басып, қайыңыңдай мәпелеп, асқақ арманға, елім, жерім, Отаным деп соққан рух асқарларға жетелейді...
Өмір сүру – талассыз тартыс, бітіспес, күрес. Сол күрестен ұтылмай шығу кім-кімге де сын деп білемін. Адам баласы қашаннан қараңғыдан жарыққа, төменнен жоғарыға, қиыннан жеңілге, қайғыдан қуанышқа, жамандықтан жақсылыққа ұмтылумен келеді. Астана барлық сатыдан өткендей. Көштік. Қондық. Бүгінгі Астананың архитектуралық сәулеті ерекше. Көркейдік. Көріктендік. Бір кездегі Сарыарқаның сары белдері мен құба жондарындағы кішігірім Ақмола әлемді тамсандырған ару Астанаға айналды. Бұған бабалар салтымен тәубе дейміз.
Бұл – Елбасының екі ғасыр тоғысындағы қайталанбас қолтаңбасы. Астананың алғашқы кірпішін өзі қалап, іргесін де өзі бекітті. Сайын Сарыарқаның төсіне ірге бекіткен Астана қаласы бүгінде Орталық Азияның мақтанышы және Қазақ елінің басты айшығы болған алып, жаңа дәуірдің алтын ордасына айналды. Көшбасшымыздың бұл реттегі басты мақсаты – Қазақ елін өркендету, әсіресе, жүрегінде жалыны бар жастарға жағдай жасау еді. Ол да ақталып отыр. Ел ертеңі болар сол жастарға деген сенімін Елбасымыз «Бүгінгі игіліктің бәрі – жастарға, себебі, олар – ел келешегі. Бүгінгі жас толқын – елдің ертеңгі азаматтары. Біздің экономикамыз дағдарыс тұсында қисайған жоқ. Түгі жоқ ел едік, қазір толдық. Елдің табиғат берген ырыс-байлығы зор. Ал одан да сарқылмас байлығымыз – жастар. Оларды биік тұлғалы азамат ретінде тәрбиелеу – біздің парызымыз. Соған сай болыңдар!», деген сөздері арқылы жеткізді.
«Ұлтым, жұртым, Отаным!», деп жүрегі оттай маздаған астаналық жастар Елбасының өнегесін пір тұтып, мақтан етеді. Олар – досына адал, жүрегі мейірімді, қолынан келер көмегін аямайтын, бойында батырлықтың да, батырға тән дарқандылықтың да белгісі бар дарынды жастар. Әрқайсысы білім нәрімен сусындап, айрықша жарқырап, өз ортасының жарық жұлдызындай төңірегіне шұғыласын шашу ниетінде. Оның нәтижелі шуағы бар. Соның «әдемі бір көрінісі деп мен «Астана дарын» өңірлік ғылыми-практикалық орталығын атар едім. Бұл орталық 9 жыл қатарынан республика бойынша ең үздік олимпиадалық команда атағын алуы, командалық І орынды иемденуі – үлкен мақтаныш. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына биылғы оқу жылында 391 оқушы қатысып, 231-і жүлделі орынды иеленді. 8 оқушы политехникалық цикл пәндері бойынша Қазақстан Республикасы олимпиадалық құрама командасына енді.
Мұндай нәтижеге жету үшін негіз де бар еді. Бұрын саусақпен санарлықтай ғана мектеп болса, қазір елордадағы 88 мектеп нысанында 105 966 оқушы білім алады. Бұрын біз білетін Жамбыл атындағы №4 жалғыз қазақ мектебі болса, бүгінгі күні – 77 мемлекеттік, 11 жеке меншік мектеп бар оқушыларға білім беріп, тәрбие үйретуде. Оның ішінде мемлекеттік тілде білім беретін 28 мектепте 37 740 оқушы, орыс тілінде оқытатын 10 мектепте 10 164 оқушы білім алса, 39 аралас мектепте 54 783 оқушы білім алады. Елордада 12 522 ұстаз білім беру мекемелерінде жұмыс істейді.
Бүгінде Астана қаласындағы білімі мен біліктілігі ұштасқан дарынды оқушылар командасы халықаралық деңгейдегі ғылыми бәсекеге қабілетті. Түрлі бағыттағы халықаралық олимпиадалардың жыл сайын біздің елімізде өткізілуі де Елбасымыздың салиқалы саясатының жемісі деп білеміз.
«Шапшаң жүргенге – шаң жұқпас», деп Президентіміз өзі айтқандай, әлемдік додаларда зеректігімен, қарым-қабілетімен көзге түсіп жүрген оқушылардың бірі – Астана қаласы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушысы Әлімжан Еркенұлы. Әлімжан математика, информатика, физика және химия пәндері бойынша «Туймаада» халықаралық олимпиадасынан қола медаль, Балқан және Батыс Қытай халықаралық олимпиадаларынан күміс жүлде иегері атанды.
Дәл осы лицейдің тағы бір оқушысы Ғабит Асқар республикалық «КАТЕV» білім олимпиадасының бірнеше мәрте жүлдегері. Сондай-ақ, Арменияда өткен халықаралық Менделеев олимпиадасының жүлдегері, Ә.Бектұров атындағы Халықаралық химия олимпиадасының күміс медаль иегері Әлім Аманжолов та Астана қаласының мақтанышы. №30 мектеп-гимназиясының оқушысы Артем Рычко да қарым-қабілетімен ерекшеленіп жүрген дарынды оқушылар қатарында. Артем алдағы уақытта география пәні бойынша Мәскеуде өтетін Халықаралық олимпиадаға дайындалу үстінде.
Шетелдік бәсекелестері білім сайы-
сында сан түрлі додаға түсіп жүрген оқушыларымыздың ғылыми жобаларын шет тілінде еркін қорғай алуы да көңіл қуантады. Биылғы жылы ғана Оңтүстік Кореяда өткен Халықаралық ғылыми жобалар конкурсында Астана қаласынан барған оқушылар өз жобаларын ағылшын тілінде қорғап, шетелдік ғалымдардың жоғары бағасына ие болып оралды.
Тек ғылым саласында ғана емес, Астанамыз жыл өткен сайын өнердің де ордалы ортасына айналып келеді. Оған жастар, оның ішінде оқушылар да өз үлестерін қосуда. Оған дәлел, күн санап бой көтеріп жатқан елордадағы мәдени орталықтар, спорттық кешендер дер едім. Жаңа заманның талабына сай салынған заманауи үлгідегі бұл ғимараттар оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді. Қызығушылығын туғызады, келер күнге деген сенімдерін арттырады.
№35 мектеп-лицейінің 3 «Б» сынып оқушысы Сәтбек Ахмединов шахмат ойындары бойынша Азия чемпионы атанып үлгерді. Новосібір қаласында өткен «Наукоград Кольцово» фестивалінде І орын иеленіп, еліміздің туын желбіреткен кішкентай ғана Сәтбек болашағынан үміт күттіретін үлкен дарын иесі. Осындай дарынды оқушыларымызға қолдау көрсетіп, қанаттарын қатайтып, үлкен өмірге жетелеу – біздердің абыройлы міндетіміз.
Иә, біз ұлылығынан кішілігін биік ұстар, кісілігі мықты, Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы құрған Отанда өмір сүргенімізді бақыт деп білеміз. Ақмола ару Астанаға айналар сын сағатта өзге түгілі, өзіңнен өзің биік болу ерлік еді. Астанаға келген әр адам осы үдеден көрінуге талпынды. Алғашқы күндердегі Ақмола мен бүгінгі Астананың арасы жер мен көктей. Мұны өзіміз ғана емес, өзгелер де айтып, мерейімізді өсіруде, мәртебемізді көтеруде.
Нені айтса да өзегінен жалын бүркіп айтатын, айналасын ойымен баурап, сөзімен жарқыратар, ұлттық әдет-ғұрпымен сүйсіндірер, жастықтың тынысымен шалқытып, қазақ ұлтына тән тектілігімен аспандатар астаналық жастар әлемі әрдайым жаңалыққа да, жақсылыққа да толы. Тал бойлары тамаша қасиеттерге тұнық. Туымызды биік ұстап, елімізді әлемге таныту – жастардың басты мақсаты.
Майра ҚҰРМАНБАЕВА,
«Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері,