• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2015

Мағжан көктемі

886 рет
көрсетілді

ІІІ республикалық фестивалі ересектер мен балалар арасында жекелеген аталымдар бойынша ұйымдастырылып, ақын атын аспанға өрлетті Қызыл империяның шексіз билігі мен озбыр саясаты тұсында жазықсыз жапа шегіп, өлім жазасына кесілген Алаштың ардақты азаматтарының бірі, болмысы бөлек, рухы асқақ Мағжан Жұмабаев екені талассыз. Ұлты үшін теперіш көріп, тарихтан есімі қасақана сызылып тасталса да, халқының жүрегінен мәңгілік орын алған біртума ақынын халқы ұмытпады. Қазақтың маңдайына бітсе де, пешенесіне сыймай кеткен табиғи таланттың таңғы шықтай мөлдір шығармалары сыршыл сезімнің тұңғиығына батыратын нәзік сезімге, сырлы әуезге толы. Заманынан асып туған тұлға туған елді, кіндік қаны тамған қасиетті жерді, ананың сүтімен бойға дарыған тілді сүйіспеншілікпен жырлап өтті. Елдік мұратты жыр­ларының алтын арқауы етіп, азаттық таңының арайлап атарына періштедей пейілмен сенді. Кеудесінде бұлқынған асқақ махаббатты «Маған атақ ұлтым үшін өлгенім, Не көрсем де Алаш үшін көргенім» деген өлең жолдарымен жалпақ жұртқа жария етті. Бүгінде ақынның жырлары әлем халықтарының бірнеше тілдеріне аударылып, поэзиясын пір тұтқан көзі қарақты, жырға әуес оқырмандардың қатары күн сайын қалыңдап келеді. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дара ақын­ның туған күні қарсаңында (25 маусым) кіндік кескен қа­сиетті Қызылжар өлкесі талай игі шараның ұйытқысы болуды дәстүр еткен. Солардың көркем мысалы – екі жылда бір рет өткі­зілетін «Мағжан көктемі» ІІІ республикалық өнер фестивалі. Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет салған, сөзге жан бітірген кіл дарынды өнерпаздар еліміздің әр қиырынан жиналып, бас қосты. Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасына, өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына, өлеңдеріне жазылған әндер конкурсына қатысуға алпыстан астам үміткер ниет білдірсе, ақтық сынға оннан озған жүйріктер ғана жолдама алды. Таланттылар мен талапкерлердің санына қарап айтулы өнер сайысының бәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайғанына іштей шүкіршілік етесің. Алдаспан шайырдың артына қалдырған мол мұрасын дамылсыз насихаттап, өскелең ұрпақтың жадында мәңгі сақтап, жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған бұл жолғы бәсі биік дода да шынайы өлеңге шөлдеген жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Фестивальға қатысушылар ал­ғашқы күні ақынның туған жері – Сарытомар ауылында болып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мұражайын аралап, «Мағжан аллея­сына» ағаш көшеттерін отырғызды. Фестивальдың екінші күні ақын­ның Петропавлдағы теміржол вокзалы алдындағы ескерткішіне тағзым етуден басталды. Онда Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жай­лыбай дархан тұлғаның мөлдір лирикасы жайлы сөз сабақтады. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ақынның арпалысқа, соқтықпалы соқпаққа толы өмір жолы, бірегей туындылары терең қамтылған деректі фильм көрсетілгеннен кейін «Марғасқа Мағжан» атты театрландырылған қойылым ұсы­нылды. Салтанатты жиында сөйлеген облыс әкімі Ерік Сұлтанов қазақ поэзиясының жарық жұлдызы М.Жұмабаевқа арналған дәстүрлі «Мағжан көктемі» байқауының бұл жолы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесіне арналып отырғандығын, ақын жырларын кеңінен насихаттап, ұрпаққа аманаттау мақсатында өңірімізде түрлі игі істердің атқарылып жат­қанын жеткізді. Оның есі­мімен алаң, көше, мұражай аталады. Еңселі ескерткіштер бой түзеді. «Мағжан» әдеби-көркем, қоғам­дық-саяси журналы жарық көреді. Сахнаға алдымен әр өңірдің үкілеп жіберген үміткерлері көте­ріліп, ақынға арналған жырларын жарыса оқыды. Жетісулық Гүлбақыт Қасенова «Жырыңды оқып, жаным талай толқыды, Кірпігімнен маржан үздім сол түні... Басылмады жыр-тамырдың солқылы, Сен не дейсің, ерке Есіл­дің толқыны?» деп ағынан ақ­тарылса, шымкенттік Біржан Байтуов «Үзбедің үміт ертеңгі күн­нен, Қажыдың, бірақ тозбадың, Құнарлы, нәрлі, көркем жырыңмен, Жүректің қылын қозғадың», деген тамаша жыр шумақтарын тыңдаушыларына ұсынды. Бұл аталымда астаналық танымал ақын Серік Тұрғынбекұлының мерейі үстем болды. Ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу аталымында көркемдігі келісті «Батыр Баян» поэмасын, «Мешіт пен абақты», «Сүй, жан сәулем» өлең­дерін нақышына келтіріп оқыған қара сөздің шеберлері көрермендердің жылы қошеметіне бөленді. Қатарластарынан пав­лодарлық студент Бахатхан Ораз­бектің аты озды. Мағжан өлеңдеріне жазылған әндер сайысында көмейлеріне бұлбұл ұя салған қарағандылық Марғұлан Тұяқов, қостанайлық Данияр Сағынтаев, петропавлдық Біржан Есжанов сынды әншілер сахнаның сәніне айналып, құлақ құрышын қандырды. Қостанайлық сазгер, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Қалибек Дербіс­а­лин­­­нің әні ең үздік деп танылды. *** Осы күні Сарытомар ауылында еліміздің жалпы білім беретін мектеп, гимназия, лицейлердің 5-11 сынып оқушылары арасында өткен Мағжан оқулары да қорытындыланды. «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» атты ақын шығар­маларын жатқа оқу аталымын­да бас жүлдені Нұрсыйла Мейірім­ханова (Қостанай), І орынды Елдана Каденова (ОҚО) ие­ленді. «Толқынмен толқын сыр­­ласып...» атты Мағжанның шығар­машылығы бойынша зерттеу және шығармашылық жұмыстар сайысында І орынға Исатай Бейбарыс пен Ринат Нүрвакилов (Астана) көтерілді. «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» жас дарындар додасында М.Жұмабаев ауданының арнайы жүлдесі Еламан Төлеутайға (Павлодар) бұйырды. І орынды Құрмаш Дәулет (СҚО) еншіледі. Фестивальдың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, қатысу­шы­ларға түрлі марапаттар көрсетілді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Нұргүл ОҚАШЕВА, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.