• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2010

ТӨРАҒАЛЫҚТЫҢ ТАМАША ТАБЫСЫ

502 рет
көрсетілді

ТАЛҒАР ДЕГЕН АУДАН БАР Ауданның өзіндегі қым-қуыт тіршілікке Алатаудың әсем бөкте­рін­де Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер ми­нистр­лері бейресми кездесуінің екін­ші күніне белгіленген үлкен кон­ференцияны қабылдау жөнінде тапсырма келіп түскенде, бір жа­ғы­нан, қатты қуансақ, екінші жа­ғы­нан, қатты мазасыздандық. Еуро­па­ның өркениетті елдерінен келетін сыртқы істер министрлері немесе ми­нистрліктердің мәртебелі өкіл­де­рі талай жерді көріп, небір әдемі кө­ріністерді көз алдарынан өткер­гені белгілі ғой. Сондықтан да қо­нақ­жайлылығымыз барынша та­ны­лып, қазақ деген халықтың салт-дәстүрлерін көрсете білсек деген ойда жүрдік. Мемлекеттік үлкен шара болғандықтан, респуб­ли­калық органдар тікелей арала­сып, жұмы­сымызды көп жеңіл­дет­ті. Солай болсадағы Алматы облы­сының әкі­мі Серік Үмбетовтің ті­келей бас­шылығымен және қам­қорлығымен ауданның иесі ретін­де талғар­лық­тар­дың көп жұмыс істеуіне тура келгенін айта аламыз. Біз өзіміз “Солдат сайы” деп атайтын жерге тұрғызылған “Ақ­бұ­лақ” сауықтыру-спорт кешенін­де өткен конференция бүгінгі адамзат баласы үшін айрықша қа­жет шешім қабылдады. Оған қа­тыс­қан 56 елдің өкілдері биылғы жылы Астанада 29-30 қазанда ЕҚЫҰ-ның жоғары мәртебелі Саммитін өткізу жөнінде бірауыз­ды пікірге келгені туралы хабар­дың ең алдымен осы “Ақбұ­лақ­тан”, Солдат сайынан, біздің Тал­ғар ауданынан, Алматы облы­сы­нан дүниенің шартарабына тарап жатқаны айрықша қуаныш болды. Осы тау бөктерінің етегінен Жібек жолы өткені жөнінде Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев жақсы айтты. Сол тарихтың жалғасындай болып Талғар жері Батыс пен Шы­ғысты, түрлі өркениеттерді осы жерде та­быстырып, бейбіт­ші­лік пен қауіп­сіздік ісіне лайықты үлес қосып жатса мақтаныш емес пе! Балалық шағы дәл осы Солдат сайында өт­кен Тұрар ағамыздың да тәуелсіздік пен бейбітшілік ісіне жастайынан араласуы сондықтан да болса керек. Бүгінде бүкіл әлем елдері эко­но­микасы қарыштап дамыған, са­раб­дал саясаты қай қиырда да та­нымал еткен Қазақстанды, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевты жақсы біледі. Еліміз геосаяси орналасуы­на қарай, қазба байлықтарын көп векторлы саясат негізінде әлем рыноктарына тартынбай өткізуіне қарай, халқының татулығы мен бірлігіне, меймандостығы мен қонақжайлылығына қарай дүние жүзіне белгілі болып, дамыған және дамушы мемлекеттер тара­пы­нан мойындалып отыр. Ең ал­дымен осы тұрғыдан Қазақстан­ның ЕҚЫҰ Саммитін биыл өткізу жөніндегі ұсынысы қолдау тапты. Бала кезімізде Хельсинки сам­миті­не КСРО басшыларының тұңғыш рет қатысып, Қорытынды актіге қол қойғанын керемет оқиға ретінде қабылдасақ, енді сол кез­дегі құрамы әлдеқайда өсіп-жетіл­ген Еуропа Ұйымының сыртқы істер министрлерін өз ауданы­мызда қа­былдап, Елбасының конферен­ция­да сөйлеген сөзін тыңдап, бейбіт­ші­лік пен қауіпсіз­дік ісіне Қазақ­стан қосып отырған зор үлеске қаныға түстік. Мемлекет басшысы Н.Ә.На­зар­­баевтың ЕҚЫҰ Саммитін биыл өткізу жөніндегі идеясы бірінші кезекте еліміздің, құрлығы­мы­з­дың, континентіміздің, дүние жүзінің қауіпсіздігін нығайту ісіне қызмет ететініне сенімім мол. Егер Елба­сы­ның конференциядағы сөзіне зер сала қарайтын болсақ, Саммитті биыл өткізудің қажет­тілігі неден туын­дағаны жөніндегі идеясын кім-кімнің де мойын­дамауы мүмкін емес. Конференцияға көптеген адам жиналғанын телекөрер­мендер көр­ді. Ал енді солардың қасына ер­ген­­дер­дің қанша екенін, оларға қызмет көрсетуші қазақстан­дық­тардың қан­шалықты екенін ескере беріңіз. Соншама жұрт Елбасы­мыз­дың жа­дырап жүрісіне қатты риза болды. Шынында да қанша­ма күнгі ой-арманының, бейбіт­шілік пен қауіп­сіздік жолына жұмсал­ған күш-жіге­рінің осылай ақ­тал­ғаны орынды болды деп біл­дік. Ендігі мақсат сол үлкен Сам­митке әзірлену және өт­кізу болса керек. Сол тұста осын­дай өмір­шең идеяның Талғар жерінен бастау алғаны жүрегімізді шы­мыр­латып тұратыны сөзсіз. Талғат ӨМІРӘЛИЕВ, Талғар ауданының әкімі. Алматы облысы. БАРМАҒАННАН БАРҒАН ЖАҚСЫ, КЕЛМЕГЕННЕН КЕЛТІРГЕН ЖАҚСЫ Бағзы кездерден-ақ үлкендеріміз осылай деген. Бүгінде елімізде алыс-жақынды елең­деткен елеулі тірліктер жүріп жатыр. Қа­зақ­стан қазір жақсы бір кезеңдерді баcтан өт­керу­де. Егер тәуелсіздікке қол жеткізге­німізге 20 жыл да толмағанын ескерсек, мемлекет болып қалыптасуда жеткен табыс­тарымыз аз емес екенін түсінеміз. Мемлекет де адам сияқты. Өз мінезі, жаратылысы болады. Бір адамды танып-бі­лудің өзі қиын, ал мемлекетті тану, таныту, дамыту қиынның қиыны. Мемлекеттермен алыс-беріс, қарым-қатынас орнату күрде­лі­нің күрделісі. Дипломатиялық қарым-қа­тынаста әбден әккі болған қытай халқының: “Келіссөздер үстеліне отырмағаннан гөрі, келіссөздер үстеліне отырған дұрыс”, дейтін қағидатты сөзі бар. Бүгінгі таңда жасап жатқан шаралардан Қазақстанымыз ұтылмайды. Және ұтыл­мау­дың жолдарын қарастырып отыру қажет. Сол көп жиын, көп басқосудан өз кере­гі­мізді алып, керегемізді түзей бергеніміз жөн. Дүние жүзінің лидерлері мен кәсіп­кер­лері де Қазақстанға келуге ұмтылатын бол­ды. Осы әріптестік пен экономикалық қарым-қатынастардан өзімізге ыңғайлы түрін қарастырып, тиімді әрекет жасауға талпынысты көріп отырмыз. Біреулерге Қазақстанға әлемнің арғы-бергі жағындағы саясаткерлерін шақырып алып, көп сөз айтып, той-томалақпен тарап жат­қандай да көрінетіні рас. Бірақ, сол іс­тердің ішінде елдіктің мүддесі бар екендігін, өз сөзімізді айтып, осының бәрі түптің-тү­бінде ұтымды тірліктерге барып тірелетінін ұмытпау да керек. Бір миллионнан астам халқы бар Алматыға онсыз да айнала төңі­ректен келіп жататындар жетіп артылады. Сондай жағдайда ЕҚЫҰ-ның бейресми кез­десуіне келген 60-қа жуық делегацияның салмағы аз емес екені белгілі. Ал енді осы сыртқы істер министрлері мен мәртебелі өкілдері ЕҚЫҰ Саммитін биыл Астанада өткізу туралы бірауызды тоқтамға келуінің салмағын тіпті де өлшей алмаспыз. Әу бастан-ақ көксегеніміз басқа елдер­мен тереземіз тең болып, өзге елдерді өзіміз­бен санастыру еді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету осы мақсатқа жеткізді. Көксеген арман­дар­дың көбі шындыққа айналуда. Мына Ауғанстандағы жағдайды реттеуге, Қыр­ғызстандағы саяси тұрақсыздықты арнасына түсіруге Қазақстан көп арағайындық істеп, сөзі өтетіндігін, салмағы бар әріптес екендігін танытып жатыр. Қазақстан өңірде ғана емес, әлемдік қауымдастықта, адамзаттық ауқымда пара­сат­ты қадамдарға барғанын біз емес, өзгелер айта бастады. Ядролық қарудан бас тарту­дың өзі дүние біткенге дұрыс жолды көрсетіп берді. Мұндай шешім қабылдауға біз он ойланып, қырық толғанып бардық, сол арқылы әлемге үлгі көрсеттік. Елбасы айтқандай, тәуелсіздік тұрлаулы болса, қадамдарымыз пайымды болса, арты­мызда толағай ұлт тұрғанын ұмытпасақ, қа­зақ­тың көрер қызығы мен рахаты алда болады. Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург. АЛМАТЫ. КӨКСЕГЕН ОРТАҚ МАҚСАТЫМЫЗ Жылдан жылға Отанымыздың әлем алдында өсе түскен мерейі мен беделін зор мақтаныш тұтатын жандардың бірі ретінде мені әсем Алатау баурайында 60-қа жуық елдің министрлері, мәртебелі өкілдері басы қосылып өткен бейресми кездесудің сәтті аяқталуы аса қуантты. Соның жарқын айғағындай Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының осы жаңа ғасырдағы алғашқы саммиті Қазақстанның төрағалығы тұсында Астанада өтетін болып шешілуі еліміздің мақтаныш сезімін ұлғайтты. Тәуелсіздіктің таң шапағынан бастап-ақ ең қымбатты мақсат – халықтар бірлігі мен тұтастығын, достығы мен түсіністігін ту етіп көтерген мемлекетіміздің бұл бағыттағы берік ұстанымы мінеки, жаһанға танылып, бірлесе дамудың үлгілі жолына айналуы барша жұрт құптаған құбылыс екенін өз басымнан білемін. Бұлай деуіме ғылыми ізденістермен шетелдерде жиі болып, ниеттес әріптестермен әңгімелесу кезінде көз жетіп жүр. Жақында алысқа танымал биолог ғалымдардың Мальтадағы ғылыми конференциясына қатысқанымда Қазақ­стан­нан келгенімді естіген адамдардың қолымды қысып, ілтипат білдірулерінен елімізге деген құрметті сезіндім. Қазір әлемде түбегейлі жағымды өзгерістер белең алып келеді. Бейбітшілік пен ынтымақтастық басты саяси мұрат ретінде қалыптасып отыр. Адамзаттық осынау ең ізгі мақсатқа жаңадан шоқ түсіріп, отын үрлеген Қазақстанымыздың мәртебесі сол арқылы биіктеуде. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жауапкершілігі жүктелгеннен бастап өзара байланыстарды жандандыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, елдер шыр­қын бұзар оқиғалардың алдын алуға ба­ғыт­талған іс-шараларға ризалық білдіріліп отыр­ғаны аян. Бұл адамзат аса мүдделі бей­бітшілік, қауіпсіздік саясатын ұстанған Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­жырлы іс-қызметінің жемісі екені талассыз. Қазақстан мәртебелі Ұйымға басшылық жасаған аз мерзімде өзінің кемелденген мемлекетке айналғанын дәлелдеп шықты. Әлемдік қауымдастық алдында беделі көтерілген еліміз өркендеуіндегі елеулі кезеңнің биік белестері алда деп білеміз. Нүркен МЫРЗАХАНҰЛЫ, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы. ЕЛБАСЫНА, ЕЛДІГІМІЗГЕ ҚҰРМЕТ Иншалла деп айтайық, уақыт өткен сайын егемен еліміздің әлемдік қауымдас­тық алдында беделі арта түсіп келеді. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жиырма жылға жетер-жетпес уақыт ішінде өзін де, елін де жер жаһанға таныта білді. Басқаны айтпағанда, Елбасымыздың әлемде қауіпсіздік мәселелеріне байланысты батыл қадамдары мен тың бастамалары дүние жүзіндегі ең ірі деген мемлекет басшылары тарапынан, Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен қолдау табуда. Оның айқын айғағын Америкада өткен алқалы жиын барысынан аңғардық. Ал дәл сол айтулы оқиға қарсаңында жоғарыда айтылған мәртебелі ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге ресми сапармен келіп кеткен-ді. Ал одан да бұрынырақта Елба­сы­мыздың тарапынан Семей полигонының жабылған күнін – 29 тамызды Жаппай қы­рып-жою қаруынан бас тартудың Бүкіл­дү­ниежүзілік күні деп жариялау туралы бас­та­ма көтерілгені, іле бұл әлемдік маңызы зор бастаманың БҰҰ тарапынан қолдау тап­қаны белгілі. Осындай игі бастамалардың нәтижесінде енді бұйыртса елімізде әлемдік қауіпсіздік мәселелеріне арналған алқалы жиын, келелі кеңес өткізілмек. Солайша әлем жұртшы­лы­ғы тағы да біздің елімізге көз тігіп отыр. Оған қуана білейік, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдық танытайық, ағайын, дегім келеді. Елбасымыз бұрнағы күні ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейрес­ми кез­десуінің екінші күнінде өткен үлкен кон­ференцияда сөйлеген сөзінде Ұйым Саммитін өткізу “ядролық полигонды бірін­ші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құр­мет­тің көрінісі болар еді”, деді. Айтты айтпады, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жарлық­тарының бірімен Семей атом полигоны жабылуының жиырма жылдығы қарсаңында өткізілгелі отырған бұл игі шараның елі­міз­дің абыройын одан әрі асыра түсетіндігіне еш күмән жоқ. Келер жылы ел тәуелсіздігіне де жиырма жыл болады. Ендеше қос жиырма жылдық­ты көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, биіктен көріне білу – елдігімізге сын. Сондай сынақтардан сүрінбей өте білейік. Қайрат КӘДІРЖАНОВ, Ұлттық ядролық орталықтың  бас директоры, академик,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы. ӘЛЕМ МҮДДЕСІН КӨЗДЕГЕН ИГІЛІКТІ ІС Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тас­тық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің Алматының іргесіндегі Ақбұлақ демалыс аймағындағы бейресми басқосуы игілікті істің бастамасына ай­налды. Елу алты елден келген дипломаттар алдағы күзде ұйымға мүше елдер басшы­лары­ның Саммитін Астанада өткізуді ұйғар­ды. Бұл осы халықаралық беделді Ұйымның тізгінін ұстап отырған Қазақстан үшін әрі мерей, әрі зор жауапкершілік болмақ. Алатаудың баурайында мәртебелі меймандар алдағы Саммитте қаралатын мәселелердің де бас-аяғын түгендеп қойған сыңайлы. Халқымыздың “кемедегінің жаны бір” деген даналық сөзі біз өмір сүріп отырған бүгінгі кезеңнің күрделілігіне де кепіл сияқты көрінеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазір қысқа уақыт ішінде дүние жүзі мүлде өзгеше сипат алды. Осыдан елу жылғы уақыт пен бүгінді салыстыруға да келмейді. Экологиялық қатерлерден әлемнің қай шалғайы да қашып құтыла алмайды, апаттар және ұлтаралық араздықтан туындайтын қауіптің жаңа түрлері пайда болды. Сондықтан ұзақ жылдардан кейінгі болайын деп отырған Саммитке артылар салмақ та аз болмайды. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы Саммит туралы ойларын толығымен қолдаймын. Ол бұл халықаралық беделді басқосуды еуроатлантикалық, еуразиялық және әлемдік қауымдастықтың алдына ортақ қағидалар мен құндылықтарға негізделген мақсаттарға жеткізетін жол ашып беруге пайдалану керектігін мақсат тұтып отыр. Қазақстанның Ұйымға төрағалығы ба­ры­сын­да ұлтаралық және дінаралық татулыққа басымдық беретіні де әлемдік саясаттағы үлгі болар іс деп білеміз. Себебі, ұлтаралық және дінаралық татулықтың жақсы мыса­лын өз еліміз көрсетіп отырса, айналамызда қамысқа тиген өрттей араздық басылмаған мем­лекеттер де жоқ емес. Ауғанстанды бы­лай қойғанда, дәл іргеміздегі Қырғызстанда болған қантөгістер халықаралық деңгейден реттеудің керектігін меңзегендей. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ете отырып, әлемдік мәселелерді шешуге атсалысатын болады және сол арқылы елімізді әлем танитынын да мақтаныш етеміз. Қазан айында әлем Астанаға көз тігіп қана қоймай, көп мәселелердің шешімін де күтетін болады. Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор. ҚОСТАНАЙ. ЕЛ ЖҮРЕГІ ЕЛБАСЫМЫЗ ДЕП СОҒАДЫ Әңгіменің ашығын айтсам, біздің күн шұғылалы Қазақстанымыз жыл санап емес, күн санап еңсесін тіктеп келеді. “Бірлік бар жерде тірлік бар” деп атам қазақ бекер айт­паса керек. Біздің еліміздің еңсесін тіктеп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайту тұрғысында тегеурінді жұмыс жүргізудің нәтижесі деп айтуға әбден болады. Еліміздің әлемдік көшбасшылармен келісілген күш-жігері, олармен ынтымақтаса өмір кешуі – аспанымыздың ашық болуының бірден-бір кепілі. Бүгінде аты әлемге танылған Қазақстанымыздың қарышты қадаммен өрге басуы тікелей Елбасымыздың “елім” деп соққан жүрегінің дүрсілі. Содан да ел жүрегі Елбасымыз деп соғады. Қараңыз, кешегі Ауғанстандағы, бүгінгі көрші қоныс тепкен Қырғызстандағы ахуал, яғни экономикалық қана емес, саяси дағда­рыс бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп отыр емес пе? Демек, ел ішінде ғана емес, жер шарын­дағы елдермен татулық пен достығымызды нығайта отырып, жаңа қауіп-қатерді болдырмас үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, өмір кешуіміз керек. Елбасының тікелей бастамасымен Қазақ елінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тастық ұйымына төрағалық жасауы қай­таланбас қазына болды. Елбасы айтқандай, яғни 1975 жылы, сол тұста әлі әлемнің картасында орын алмаған Қазақстан тәрізді мемлекеттің 35 жылдан кейін оны бас­қа­ратыны, сірә, ешкімнің қиялында болмаған. Күні кеше ЕҚЫҰ-ның форумына келген 56 елдің сыртқы істер министрлері мен мәр­тебелі өкілдері осы ұйымға 6 ай төрағалық жасаған Қазақстанға деген өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізуі де біздерді, қазақстандықтарды мақтаныш сезіміне бөлейді. Осы форумға қатысушылармен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бейресми кездесіп, ұйымның заман тала­бына сай болуының бүгінгі таңда аса ма­ңыз­ды екендігіне егжей-тегжейлі талдау жасауы қатысушылар көкейін дөп басты деп ойлай­мын. Елбасымызды өзіміздің еліміздегі жағ­дай ғана емес, бүкіл әлемдегі ахуал алаң­дататынын айтпай-ақ аңғарасың. Елбасымыз Қазақстанның күш-жігері арқасында Қырғызстандағы саяси дағдарыс салдарынан етек алар азамат соғысының қаупіне жол бер­меуге септігіміз тигенін баса айтты. Елба­сы айтқандай, Қазақстан төрағалығы өз құзырының аясында әрекет етіп, ЕҚЫҰ-ның БҰҰ-мен және Еуропа Одағымен қа­жетті өзара ықпалдастығын қамтамасыз етті. Айтқандай, ЕҚЫҰ-ның осы форумынан қазақстандықтар тағатсыздана күткен сүйін­ші хабар да келіп жетті. Яғни, Елбасымыз ЕҚЫҰ-ның Саммитін осы жылы Қазақ­станда өткізу идеясын ұсынып, өзінің бүкіл әлемге әйгілі көрегендігін тағы да паш етті. Нұрсұлтан Әбішұлы ЕҚЫҰ-ның бүкіл қауымдастығымен бейресми кездесуінде біздің еліміздегі секілді бүкіл Жер шарында қауіп­сіздік, жасампаздық пен ынтымақ­тас­тық, бірлік пен тірлік мәселелерінің болуын егжей-тегжейлі баян етті. Елбасымыз: “ЕҚЫҰ “қырғи-қабақ соғыс” уақытында ғана емес, сонымен бірге бүгін де тиімді бо­лып, осы заманғы жаһандық саясат пен эко­номиканың жанды жасушасына тығыз тоқыл­ғандығын дәлелдеуі тиіс”, – деп қадап айтты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, біздерді, бүкіл қазақстандықтарды, еліміздің аты бүкіл әлемге әйгіленіп, ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, яғни ХХІ ғасырдағы алғашқы саммитінің Қазақстанда өтетін болуы мақтаныш сезіміне бөлейді. Содан да ел жүрегі Елбасымыз деп соғады. Нұрлыбек ЖОЛДАСБАЕВ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қызылорда облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры. БАЯНДЫ БЕТБҰРЫСТЫҢ БАСТАУЫ ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы іс­тер министрлерінің Алматыда бейресми сам­митінің өтуі Қазақстанның әлем елдері алдындағы беделін және бір рет көтерді. Бұған дейін ЕҚЫҰ-ға төраға болған талай елдер дәл Қазақстан секілді әлемдік мәсе­ле­лерді кең ауқымда қамтыған емес. Оның, әрине, түрлі себептері болған шығар. Ал Қа­зақстан аталған халықаралық Ұйымға төр­аға­лық еткен жыл басынан бері Қырғыз­стан­дағы саяси ахуалдың күрделенбеуіне, Ауғанстандағы жағдайдың қалыпқа түсуіне, сонымен бірге Таулы Қарабақтағы шие­ле­ніс­тің оң шешімін табуына бел шеше ара­лас­ты. Өйткені, Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев әлем елдерінде ядролық қарудан бас тартып, бейбіт өмірдің орнауын қалайтын бірден-бір саясаткер екенін танытты. Шындығында, аумалы-төкпелі мына дәуірде бейбіт өмірден қымбат ешнәрсе жоқ. Тірлікте адамзат атаулының бір-бірімен жауласпай, тату-тәтті, ынтымақтас­тықта болғанына ештеңе жетпейді. Әлем елдерінің татулығын, ынтымақтастығын қалыптастыру – саясаткердің, саясаттың бір қыры. Мә­селеге осы тұрғыдан үңілгенде, Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында үлкен өзгерістерге бетбұрыс жасалып отыр. Басқа­ша айтқанда, Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаев баянды бет­бұрыстың оң қадамын жасап берді. Мұны халықаралық беделді ұйымдар мен көптеген мемлекеттердің басшылары, ең беделді саясаткерлер мойындап отыр. Соның нақты дәлелін ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми саммитінде де анық аңғардық. Мәселен, осы саммитке арнайы қатысқан ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның “Мүдделердің шешімділігі мен ортақтығы Ұйымға қатысушы мемле­кет­тер арасындағы қарым-қатынастың тиім­ділігі мен жиілігін талап етеді. Осындай жоға­ры белсенділікті өзінің ЕҚЫҰ-ға төраға мәртебесі және “Корфу үдерісі” арқылы әрекет жасай отырып, Қазақстан көрсетіп келеді” деген пікірінің жаны бар. Өйткені, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі, Іс басындағы төраға Қанат Саудабаев нақ осы “Корфу үдерісін” белсенді түрде ілгерілетуде. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның қағидаттары аясында міндет­те­рін атқарудағы өнегесі ұйымның кейінгі төр­ағалығын атқаратын елдерге үйренерлік үлгі болатынына да көз жетті. Литва Сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалистің: “Шы­нымды айтсам, мен Қазақстанға, Алма­тыда өтетін бейресми саммитке қатысушы ғана емес, сонымен бірге Литвамен тығыз қарым-қатынастағы, достық пейілдегі елге келіп отырмын. Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың саммит өткізу туралы бастамасы көпшілік қолдауына ие болуда. Сондай-ақ, Қазақстанның өзге де ұсыныс­тары Еуроодақ бағдарламаларымен (қару-жараққа бақылау жасау, Ауғанстандағы жағдайды реттеу және тағы басқа) сәйкес келуде. Ең бастысы – Қазақстан және менің әріптесім ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Қырғыз­стандағы дағдарыс кезеңінде іскерлік танытып, оған БҰҰ, Еуроодақ және тағы да басқа халық­аралық ұйымдарды да жұмылдыра біліп, ондағы азамат соғысы­ның одан әрі дамуына тойтарыс бере алды”, деп шынайы көзқа­расын білдіруінен осыны аңғарамыз. Тегінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету оңай емес. Дегенмен, Қазақстан ел үшін жауапты міндетті абыроймен атқарып келеді. Осы ұйымға төрағалық кезіндегі Қазақстанның ұсыныстары да қолдауын тауып отыр. Әсі­ре­се, ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізуге бай­ланысты ұсынысты ұйымға мүше елдер­дің барлығы да қолдағаны қуантады. Демек, әлем елдерінің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қуаттауы – Қазақ­станға айрықша құрмет! Қазақстанға білдірілген сенім – Нұрсұлтан Назарбаевтай саясаткерге білдірілген сенім! Назарбаевтай саясаткердің абыройы – Қазақстандай тәуелсіз елдің абыройы! Нұржан МҰХАНБЕТҚАЛИЕВ, “Нұр Отан” ХДП Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. ҚИЫНДЫҒЫНА ҚОСА ТАРИХИ ДА ТАҢДАУ Кешегі өткен алқалы форумда рес­публика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші елдің басшысы ретінде Ұйым Саммитін биыл Астанада өткізуді ұсынды. Әрі бұл жәй ғана бір кезекті таңдау емес, қиын таңдау болғанын Нұр­сұлтан Әбішұлы форумға қатысу­шы­ларға ашық айтты. Біз бұған он бір жылдан кейін өткелі отырған Саммитті Астанада өткізу идеясы тек қиын таңдау ғана емес, со­нымен бірге тарихи таңдау да болғанын сеніммен айта аламыз. Қазақстан Мемлекеті басшысының: біз қиын таңдау жасадық деген осы бір қысқа да нұсқа ой түйінінің арғы түкпірінде “он ойланып, жүз толғанған”, нәтижесінде ЕҚЫҰ Саммитін Астанада өткізу қажет­ті­лі­гіне өзінің де, өзгенің де көздерін айқын жет­кізе білген көрегендік көзқарас жатқаны кәміл. Не нәрсеге де аргумент, қисын мен дәлел керек. Мұнсыз кез келген іс алға жыл­жи алмайды. Ал ЕҚЫҰ Саммитін жәй ғана бір іс емес, ұлы іс деп атасақ керек. Елбасы тарапынан айтылған дәлелдер мен ойлы ұсыныстар, пайым мен парасатқа толы пі­кір­лер форумға қатысушылардың көңілде­рі­не қонғаны қандай ғанибет. Осы айтылған нақты тұжырымдар, ақиқатпен астасып жат­қан айқын дәлелдер форумға қатысушы­лар­дың ойларын дөп басуымен құнды болды деп санаймыз. Яғни Ақбұлақ форумында Ұйым Самми­тін Астанада өткізу жөніндегі шешімнің қабылдануына басты алғышарт қалаған Нұр­сұлтан Әбішұлының бірінші, екінші, үшінші және төртінші бағыттарда шегелей айтқан орнықты да ойлы, тұжырымды да тиянақты, дәйекті де дәлелді көзқарастары деп білеміз. Ол сонысымен де форумға қа­тысушылар тарапынан қолдау тапты деп айта аламыз. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының Еуропа үшін бір саясат және Азия үшін мүл­дем басқа саясат әзірлеудің мүмкін еместігі жөніндегі ой-тұжырымдары да Ақбұлақ форумын мазмұн жағынан байыта түсті деп есептейміз. Сонымен бірге, Елбасы тара­пы­нан дағдарыстан кейінгі әлемнің ортақ тұтас картинасын жасауға барлау жасалғаны, оның басты кілті, әлемнің қаржы-эко­но­ми­ка­лық тәртіптің жаңа моделі екендігі де форумның мәртебесін биіктете түседі. Сонымен Ұйымға қатысушы мемлекет­тер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде жасалған консенсустық келісім Саммитті Астанада өткізуді мақұлдады. Осы арқылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы жаңа бір мазмұндық сатыға көтерілді деп санаймыз. Самиғолла ОРАЗОВ, Орал қаласының әкімі.