• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Шілде, 2015

Сын-қатерлерге сындарлы жауап

363 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде ұсынған 5 институттық реформасы – қазіргі заманғы ғаламдық сын-қатерлерге қайтарған ерекше әрі мықты жауабы екені анық, ол бізге тиімді және табысты мемлекет құру бойынша алдағы іс-қимылымызды дәл және нақты айқындауға мүмкіндік береді. Бірінші кезектегі міндеттердің бірі – экономикалық бағдарламаларды сапалы іске асыру және мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ететін заманауи, кәсіби және дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың бастапқы реформасын орындау. Осы бағытты іске асырудың нақты пайымы айқын, бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың БАҚ-та жарияланған 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам шеңберінде әзірленген мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту жөніндегі 15 нақты іс-шара. Жетекші шетелдік сарапшылардың пікірінше, біздің елімізде тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызметтің қазіргі заманғы жүйесі қалыптасты. Адамзаттың тыныс-тіршілігінің үнемі алға жылжып, дамуы заңды құбылыс. Заманның ағымына қарай әрдайым жаңа тегеурінді талаптар қойылады, сондықтан оны одан әрі жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отыру қажет. Біздің пікірімізше, мемлекеттік аппа­раттың тиімді жұмыс істеуінде мемле­кеттік қызметшінің бәсекеге қабілеттілігі, олардың кәсіби деңгейі мен отансүйгіштігі үлкен рөл атқарады. Қазақстан Республикасында мемле­кеттік қызметтің кадрлар құрамын кәсіби­лендіру – мемлекеттік қызметшілерді көп бейінді оқытудың тұрақты жұмыс істей­тін жүйесін құруға тікелей байланыс­ты, ол мемлекеттік басқарудың біртұтас идеологиялық базасы негізінде құрылады және мемлекеттік басқарудың барлық құрылымдық тармақтары мен аумақтық деңгейлері қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік аппаратты кәсіби­ленді­ру­ге ықпал ететін маңызды фактор­лардың бірі – мемлекеттік қызметшілерді ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді бағдар­ламалар арқылы сапалы оқыту, олардың тұлғалық, кәсіби және басқарушылық құзыреттерін дамыту болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметшілерді оқытуда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының рөлі артып, жетекші және үйлестіруші орталыққа айналды. Еуропалық одақ жобасының қолдауы­мен соңғы жылдары жүргізілген оқу-әдістемелік, ғылыми-талдау қызметін жаңғырту арқасында Академия Орталық Азия өңірінде ғана емес, сонымен қатар кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте де көшбасшы орынды иеленді. Жетекші шетелдік орталықтар мен университеттермен бірлескен жұмыстың жинақталған тәжірибесі, Академия қызметкерлері қол жеткізген оқу және зерттеу қызметінің жоғары деңгейі бәсекеге қабілетті, тәжі­рибеге бағдарланған, құзыреттілік тәсі­ліне негізделген мемлекеттік қызмет­ші­­лер­ді оқыту бағдарламаларын әзір­леу­ге мүмкіндік берді. Академия ғалым­дары­ның ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәти­желері мемлекеттік қызмет пен бас­қару­­ды жетілдіру ісіне тікелей енгізілуде. Академияның профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерін қайта оқыту бойынша жүргізілген дәйекті саясат табысқа қол жеткізудің кілті іспеттес. Тек соңғы жылдары ғана Академия базасында АҚШ, Голландия, Корея Республикасы, Франция, Ресей, тағы басқа елдердің іргелі білім беру орталықтарынан сарапшыларды шақыру арқылы 30-дан астам оқу семинарлары ұйымдастырылды. Еуропалық одақ пен TIKA (Түркия) жобаларының қолдауымен DBB Academy, Кембридж, Потсдам, Лейден, Ыстамбұл университеттерінде, COTI (Корея) және басқа да оқу орындарында 10-нан астам көшпелі мастер-клас­тар өткізілді. Осы жұмыстың барлығы біздің оқытушыларға жаңа батыстық оқыту технологияларын және қазіргі ғылыми-зерттеу әдістерін игеруге мүмкіндік берді. Қызметкерлердің 35%-дан астамы ағылшын тілін меңгерді. Академияда түпкілікті нәтиже бойынша жұмыс тиімділігін бағалауға негіз­делген оқытушыларды ынталандыру жүйесі профессор-оқытушылар құра­мының оқу, әдістемелік, ғылыми, тәрбие жұмысын айтарлықтай жандандырды. 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласында ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру ісінде нақты серпін жасалды, оған ғалымдар әлемнің үздік білім орталықтарында қайта оқу кезінде заманауи зерттеу әдістерін меңгеру арқылы қол жеткізді. Осылайша, үш жылда ғылыми белсенділік 3,5 есеге өсті. Ғалымдар ғылыми жұмыстарын әлемдік танымал ғылыми журналдарда жариялай бастады, соңғы екі жылда ғана 43 ғылыми-зерттеу жобасы іске асырылды, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, ЮНИСЕФ және басқа да халықаралық ұйымдардың тапсырысы бойынша 10 зерттеу жүргізілді. Қазіргі кезде зерттеу нәтижелері Қазақстанның мемлекеттік қызметін жетілдіру үшін тікелей пай- ­да­­ла­нылуда, атап айтсақ, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қыз­мет туралы» Заңында, Мемлекет басшы­сының бірқатар Жарлықтарында мемле­кеттік қызметтің қазақстандық үлгісін жетіл­дірудің жаңа тәсілдерін әзірлеу ке­зін­де қолданылды. Академия ғалымдарының әзірлемелері мемлекеттік қызметшілерді іріктеу жүйе­сіне құзыреттілік тәсілін енгізуге, яғни үміт­кердің тұлғалық және басқарушылық қасиеттері туралы шынайы бейнесін алуға мүмкіндік береді. Құзыреттік терминінің «біліктілік» терминінен айырмашылығы біліктілікті сипаттайтын ерекше кәсіби білік-дағдыларынан бөлек бастамашылық, ынтымақтастық, топта жұмыс істеу қабі­леті, коммуникативтік қабілеттер, үйрене білу, бағалап, логикалық ойлай білу, ақпаратты іріктеу мен пайдалана білу сияқты қасиеттерді қамтиды. Яғни, осындай тәсілді енгізу іріктеу жүйесін неғұрлым шынайы өткізуге септігін тигізеді және мемлекеттік қызметшінің мүмкіндіктерін нақты бағалауға көмектеседі. Сонымен қатар, бұл тәсіл мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметтеріне осы қызметкерді оқыту арқылы осы немесе өзге де қасиеттерді дамыту бойынша іс-шараларды өткізуге жәрдемдеседі. Оқытушыларымыз оқу процесіне сабақ жүргізудің заманауи әдістерін, жаңа педагогикалық тәсілдерді енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Бұл барлық қазақстандық жоғары білім беру жүйесіне тән теориялық оқыту мен практикадан алшақтау сынды басты проблеманы шешуге мүмкіндік берді. Бүгінде Академияда сабақ өткізу кезінде практикаға бағытталған әдістер – тренингтер, имитациялық ойындар, жобалар әдістері, ситуациялық оқыту, кейс-стади және тағы басқалар қолданылады. Кейбір оқытушылар қажет ететін басшы қызметкерлерге дербес консультация беру (коучинг) тәсілдерін пысықтауда. Біліктілікті арттырудың осындай түрі дамыған елдерде кеңінен қолданылуда. Барлық мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатылған. Магистрлік және докторлық диссер­тациялардың тақырыптары тәжірибеге бағдарланған және диссертациялық жұмыс­ты орындаған мемлекеттік қызмет­шінің жұмыс саласында кездесетін нақ­ты проблеманы шешуге бағытталған. Мем­лекеттік органдармен тығыз кері бай­ланыс орнатылған – мемлекеттік орган­дардың мемлекеттік қызметшілерді оқытудағы қажеттіліктеріне үнемі мони­торинг жүргізіліп отырады. Семинар тақы­рыптары, оқу бағдарламалары келі­сі­ле­ді, олар­дың қызметкерлерінің магистр­лік және докторлық бағдарламаларға даярлық сапасына қанағаттану дәрежесі айқындалады. Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, Сыртқы істер минис­трлігі мен басқа мемлекеттік органдар­дың өкілдерімен оқыту бағдар­ламаларын талқылайтын, оларды жетіл­діру бойынша тиісті ұсынымдар әзір­лейтін дөңгелек үстелдер өткізу дәстүрге айналған. Барлық жүйелі жұмыс оқу үдерісін толықтай қайта құруға мүмкіндік берді және білім алушылардың алған білім­дерін мемлекеттік қызметте шешім­дер қабылдау процесінде, практикада пайдалана білу дағдыларын дамытуға бағытталуы тиіс. Біздің түлектеріміз мемлекеттік органдар тарапынан сұранысқа ие және жоғары кәсібилік деңгейі басшылардың жоғары бағасын алуда. Академияның жыл сайын мемлекеттік органдар арасында жүргізетін социологиялық сауалнама нәтижелері бойынша қатысушылардың 90%-ы Академияның кадрлар даярлау деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Мемлекеттік органдар біздің ғалым­дарды, магистранттар мен докторанттарды жұмыс және сараптамалық топтардың (Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық эко­номика министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі және басқалар) жұмысына тартуға қызы­ғу­шылық туғызады. Бірқатар маман­дықтар бойынша мемлекеттік органдар жоғары білікті кадрларға мұқтаж, сондықтан оқытудың жаңа бағыт­тарын ашу жұмыстарын үнемі жүргізіп оты­ра­мыз. Мысалы, 2014 жылдан бас­тап «Менеджмент» мамандығы бойынша мамандарды даярлауды бастадық, бағдарлама «Жобаларды басқару» және «Сити менедж­мент» сияқты жаңа бағыттарға негізделген. Осы жылы Қазақстан Үкіметінің тапсырысы бойынша елдің статистика органдары үшін «Статистика» мамандығы бойынша магистрлік бағдарлама ашылды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті үшін «Мемлекеттік аудит» бағдарламасын ашуға, сондай-ақ, мемлекеттік орган­дардағы персоналды басқару қызметтері үшін «Пер­соналды басқару» мамандануы бойынша оқытуға дайындық жүргізілуде. Қазіргі жағдайда барлық басқару деңгейлерінде мемлекеттік органдардың және мемлекеттік билік органдарының қызметкерлерін арнайы заң саласы бойынша даярлауға қойылатын талап­тар күшеюде. Заң қызметтері мен орта­лық және жергілікті мемлекеттік орган­дардың аппараттары үшін білікті, мем­ле­кеттік аппараттардың жұмысына бейімделген заңгерлерді даяр­лауды бастау керек. Әсіресе, өңірлерде жоғары деңгейлі кәсіпқой мамандарды даярлау қажеттігі артуда. Бұл ретте мемлекеттік қызметшілерді оқытуға жыл сайын бөлі­нетін грант саны жеткіліксіз. Осыған байланысты, облыс әкімдіктеріне жергілікті атқарушы органдардың мемле­кеттік қызметшілерін Академияда оқыту үшін мақсатты гранттар бөлу мүмкіндігін беру қажеттігі туындап отыр. Халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағыт­талған мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі қарқынды өзгерістер мемлекеттік қызметшілердің құзыреттерін үнемі жаңар­тып отыруды қажет етеді. Сон­дық­­тан Академия қазіргі уақыт­та мемле­­кет­тік органдар мен мемлекет­тік қыз­метшілердің өзгермелі қажеттіліктерінің жаңа жағ­дайында жұмыс істейді. Осыған байланысты ұзақ мерзімді және қысқа мер­зімді икемді, жаңартылған оқу бағдарла­маларын әзірлеуге мүмкіндік беретін тәсіл­дерді әзірледік. Осындай инновациялық шешімдердің бірі «А» корпусының өкілдерін оқыту үшін біздің мамандардың арнайы бағдар­ламалар әзірлеуі болып табылады. Бұл – біздің жүйемізде мемлекеттік қыз­мет­шілерді даярлаудың жаңа бағыты. «А» корпусын оқыту бағдарламасы әлемдік тәжірибе жетістіктерін, атап айтқанда АҚШ, Корея Республикасы, Сингапурдың әкімшілік қызметінің жоғары буын өкілдерін Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру Федералдық институты, FEI (АҚШ), Басшы лауазымды тұлғаларды оқыту жөніндегі институт, COTI (Корея Республикасы), Син­гапур мемлекеттік қызмет колледжі сияқ­ты жетекші орталықтарда оқыту тәжі­ри­бесін ескере отырып, жасалды. Шетелдік және қазақстандық тәжірибені талдау негізінде жаңа оқыту әдістемесі әзірленді, оның бағдарламасы күндізгі-қашықтықтан оқыту технологиясының барлық артықшылықтары пайдаланылатын блок-модульдік тәсілге негізделген. Бағдарлама үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте «А» корпусының өкілдері бір күндік кіріспе сессиясын өткізеді, технологиямызбен танысады, Академияның ақпараттық жүйесіне қол жеткізу үшін пароль мен логиндерді, сондай-ақ пәндер бойынша консультациялар алады. Одан соң өз қалаулары бо­йынша үш апта ішінде қашықтықтан оқыту режі­мінде 7 модульдің үшеуін игереді. Осы модуль­дерді құрайтын негізгі пән­дердің тізіміне мемлекеттік саясат, көш­басшылық, бюджеттеу мен стратегия­лық жоспарлау, жоба­ларды, персоналды басқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кіреді. Әрбір модуль бойынша Академияның қашықтықтан оқыту жүйесі порталына орналастырылған электрондық оқу-әдістемелік кешендер дайындалған. Бұл кешендерге теориялық материалдар, ситуациялық тапсырмалар, кейстер енгізілген, олар теориялық білімдерді игеру негізінде мемлекеттік қызметшілердің нақты қызметте туындайтын айқын прак­­тикалық міндеттерді шешуді көз­­дейді. Содан кейін олар онлайн режимін­де тест тапсырады. Барлық оқу кезе­ңінде тыңдаушыларға Академияның Мемлекеттік қызметшілерге қосымша білім беру институтының тьютерлері көмектесіп, консультациялар береді. Үш аптадан соң, осы модульді ой­дағыдай тапсырған мемлекеттік қызмет­шілер Академияға келеді, «Басшының жеке тиімділігі» курсы бойынша тренинг, басшының тұлғалық құзыреттерін дамыту бойынша психологиялық тренингтерді (коучинг) қамтитын оқытудың қоры­тынды бөлігінен өтеді. Академия оқы­ту­­шыларының басшылығымен тың­даушылар ситуациялық тапсырмаларды шешу үшін топтарда жұмыс істеп, топ­тық жобаларды қорғайды. Екі жыл­да қайта даярлау курстарынан «А» корпусы­ның 184 мемлекеттік қызмет­шісі өтті, олардың арасында министрліктердің жауапты хатшылары, облыс әкімдері аппараттарының басшылары, аудан әкімдері, министрліктер комитеттерінің төрағалары және басқалар бар. Жүргізілген сауалдама нәтижелері бойынша тыңдаушылардың қанағаттану деңгейі 95%-ды құрады. Осылайша, Академия қазақстандық тәжірибеге әлемде белсенді енгізіліп жатқан «жұмыс орнында оқыту» прин­ципін нақты түрде енгізе бастады. Осындай оқу модульдерінің нұсқасы арқылы өмір бойы оқу дағдылары, яғни әлемде 3L «Life Long Learning» әдісі ретінде танымал үздіксіз оқу идеясы қалыптасады, бұл тәсіл ақпараттық дәуірдің және жаңа экономиканың талаптарына уақтылы және толығымен жауап беретін ғаламдық тәсіл ретінде қабылданады. Мемлекет басшысының қолдауымен Академия соңғы жылдары толық және терең жаңғырту процесінен өтті, бұл жетекші білім беру орталықтарымен бәсекелесу қабілетін және жаңа жағдайда жұмыс істеуге дайындығын көрсетеді. Академия Франция мен Еуропалық одақтың басшылық құрамы үшін кадр­лар даярлайтын ENA, Ұлттық әкімдік ету мектебімен бірлескен қос диплом бағдарламасын табысты іске асырып келеді. Академиядағы қол жеткізілген зияткерлік жұмыстардың деңгейі ғалым­дарымызға әртүрлі пікірталастарға және ел ішінде әрі шетелде сан алуан алаң­дар­да шешімдер қабылдау процесіне қаты­суға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқыту жүйесінде көңіл аударатын проблемалар да бар, бірінші бағыт бойынша жүргізілетін реформалар аясында оларды шешу тәсілдерін ұсынғымыз келеді. Тәжірибеге бағдарланған оқытудың маңызды жағдайларының бірі – оқу процесіне мемлекеттік қызметтің май­талман мамандарын шақыру болып табылады. Бұл мәселені шешу мем­лекеттік қызметшілерді оқыту сапасына айтарлықтай көмектесіп, жүргізілген жұ­мыс, тиісті салалар, бағдарламалар мен жоба­лардағы істің ағымдағы жағ­дайы туралы ақпаратты түпдеректен алуға мүм­кіндік берер еді. Іс жүзінде жұмыстың тығыздығына байланысты басшыларды мемлекеттік қызметшілерді оқыту процесіне қатыстыру өте қиын. Сон­дықтан біздің ойымызша, мемлекеттік органдар басшыларының Академияда сабақ өткізуге қатысуын регламенттейтін шешімдер қабылдау қажеттігі туындап отыр. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қыз­меттің тұтас жүйесі жұмыс істейтінін ескере отырып, кәсібилендіру мәселе­ле­рін тиімді шешу үшін бірыңғай оқыту жүйесін құру қажет. Бұл оқыту саласындағы жалпы саясатқа сәйкес мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні Қазақстанның мемле­кеттік қызметшілерінің 90%-ы өңір­лер­дегі жергілікті жерлерде жұмыс істейді және Мемлекеттік қызметшілерді өңірлік оқы­ту орталықтарында (ӨОО), жеке және ведомстволық білім беру ұйымдарында қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Негізгі үйлестіруші орталық ретін­де Академия және Өңірлік оқыту орта­­лықтары, оның филиалдары мен өңірлердегі өкілдіктерін қамтитын бірыңғай ұйымдық құрылым құруды ұсынамыз. Бұл мемлекеттік қызметші­лерді бірыңғай негізгі бағдарламалар бойынша оқытуға, олардың жалпы көз­қарасын қалыптастыруға, Академияда қолданылатын жаңа әзірлемелер мен оқыту технологияларын өңірлерде жедел және тиімді пайдалануға, сондай-ақ ӨОО кадрлар әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызметшілерді оқы­ту жүйесінде ерекше мәртебесі бар Ака­демия – ұйымдық-құқықтық тұр­ғыда құзырет­тілік пен тәжірибеге бағдар­ланған тәсілдер арқылы (орталық-өңір) Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйе­сі үшін кадрлар даярлаудың басты орта­лығы бола алады. Академия ғалымдары жүргізетін өзек­­ті зерттеу бағыттарының бірі – мем­ле­кет­тік қызметтер көрсету сапасын бас­қару­дың тиісті тәсілдерін әзірлеу болып табы­лады. Соңғы жылдары біздің елімізде бұл бағытта аз жұмыс жасалған жоқ: мемлекеттік қызметтер көрсету саласын жетілдіру жолдары қалыптасты, мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесін дамыту мен жетілдірудің негізі қаланды, тізілім мен стандарттар құрастырылды, сапаны бағалау мен бақылау тетіктері әзірленді, ақпараттық технологияларды пайдалану және мемлекеттік қызметтер көрсетудің электрондық нысанына ауысу арқылы «бір терезе» принципіне көшу жүзеге асырылды. Бұл ретте мынадай проблемалық аспек­тілерді атап өткен жөн. Мемлекеттік қызметтер саласын дамытуда бірыңғай көзқарас жоқ (мемлекеттік органдардың функцияларының бар­лығы бірдей мемлекеттік қызметтер ретін­де қабылданбайды). Себебі, «Мем­лекеттік қызметтер көрсету тура­лы» Заң­да мемлекеттік қызмет оны алу­шылар­дың өтініші бойынша жеке тәр­тіпте жүзеге асырылатын және олар­дың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру, тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктерін алуға бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі болып бекітілген. Осыған байланысты қоғамға көрсетілетін қоғамдық мемлекеттік қызметтердің тұ­тас бір тобы анықтамасыз қалып қой­ған. Сондықтан біздің ғалымдарымыз заң­дағы «мемлекеттік қызмет көрсету» сана­тының түсініктемесін кеңейтуді және мемлекеттік органның тиімділігі мен жетекшілік ететін салада ұсынылатын қызметтердің сапасы арасындағы нақты байланысты анықтауды ұсынады, себебі, мемлекеттік органдардың, әсіресе, құқық қорғау саласындағы қоғамдық маңызды қызметтердің бірқатары тізбеге кірмей қалған. Қызмет көрсетуші мен көрсетілетін қызметті алушылар арасындағы «кері байланыс» алу тетігі тиімсіз. Қазіргі уақытта «кері байланыс» стандарттары талқылау арқылы қамтамасыз етіледі, алайда, көрсетілетін қызметті алушылардың ақпараттық сауаттылығының төмендігі, өкінішке қарай, осы тетікті нәтижелі пайдалануға әкеліп соқпайды. Канада ғалымдары әзірлеген және табысты қолданатын «Бірыңғай өлшеу құралы» технологиясын немесе СМТ (Common Measurement Tool) енгізу қолданыстағы компоненттерді нығайтуға және клиенттің қызмет көрсетушімен өзара байланысының жетіспейтін эле­мент­терін толықтыруға, демек, мемле­кеттік органдардың халыққа ұсынатын қызметтерінің сапасын жақсартуға көмектесер еді. Сараптамалық қоғамдастықта ұйым­дарды басқару модельдеріне, ең тиімдісін іздестіруге қатысты дау-дамай тоқтамай отыр. Талқыланатын тақырыптардың бірі – мемлекеттік органдарда корпоративтік басқару әдістері мен құралдарын пайдалану мүмкіндігі болып табылады. Қазіргі тиімді тәсілдердің бірі – И.К.Адизестің тиімді менеджмент әдістемесі болып отыр. Әдіснама корпоративтік құрылым­дардың жұмысын жақсартуға бағытталса да, Академия ғалымдарының пайымдауы бойынша, оны мемлекеттік органдарда да пайдалануға болады. Сондықтан бізде «Өзгерістерді басқару», «Ұйым теориясы», «Тиімді мемлекеттік басқару әдіснамасы» арнайы курстары әзірленіп, оқу процесіне енгізілді. Ғылыми-зерттеу жобасын іске асыру жоспарлануда, онда мемлекеттік қызметшілер басқарушылық кодты пайдалану, диагностика жүргізу, мемлекеттік органның ұйымның өмір тір­ші­лі­гіндегі орнын айқындау, өзгеріс­терді қажет ететін әлсіз буындарын, ком­пле­ментарлық басқарушылық коман­далар құру алғышарттарын айқындау әдістемесімен танысады. Комплементарлық басқарушылық командалар жаңа тұрпатты басқа­ру­шыларды даярлауды талап етеді. Оны табысты енгізу үшін бір басшыға ғана емес, бүкіл командаға арналған тиісті білім бағдарламалары қажет. Мұндай оқыту курстары Академияда 003 бюджеттік бағдарламасы аясында енгізіледі. Академияда құрылған жұмыс тобы талант-менеджменттің өлшемдерін, құзыреттілік модельдерін, дарындылық деңгейін айқындайтын бағалау тетік­терін, дарынды персоналды және олар­мен жұмыс істеу стратегия­сын, көш­басшылықты дамыту бағдарла­ма­сы­ның жобасын әзірлеуде. Осын­дай бағ­дарламалар Францияда, Ұлыбри­танияда, Сингапурда бар. Осындай құралдар мен тәсілдерді қолдана отырып, біз жаңа тұрпатты, белсенді ойлай алатын және елдің инно­вациялық бағытталған экономикасы жағ­дайында тиімді жұмыс істеуге қабілетті басқарушы кадрларды дайындай аламыз. Бұл, Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, мемлекеттік қызметке «меритократия, сіңірген еңбегі мен білік-дағдысы мен қабілетіне қарай өзін өзі көрсетуге мүмкіндіктер беретін әділетті қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналуға» көмектеседі. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы өз тәжірибесін пайдалана отырып, елдің мемлекеттік қызметін жаңғыртуға өз үлесін қосуға дайын. Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры.