АСТАНА. 1 шілде. Бұған дейін ғаламторда Астанадағы «Шапағат» сауда орталығы маңында қыздардың төбелескені туралы видео жарияланған болатын. Таксиге таласып, бір-бірінің шашын жұлған бикештердің бұл әрекеті тиісті орындардың да назарын аударды. Енді айдың, күннің аманында жаға жыртысқан қыздар ірі мөлшерде айыппұл төлеуі немесе түрмеге қамалуы мүмкін. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Оқиға таңғы сағат бестердің шамасында болған. Базар маңындағы кафелердің бірінен тойлатып шыққан бойжеткендердің төртеуі де удай мас. Сүрініп-қабынып, құлап жатса да еркектерше бір-бірін аяусыз тепкілеген олардың төбелесін куәгерлердің бірі ұялы телефонына түсіріп алған.
Оқиға орнына шұғыл жеткен полицейлер төбелеске қатысушылардың бәрін бөлімшеге алып кетті. Енді олар 10 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін. Әлде, жоғарыда айтқанымыздай, оларды темір тор күтіп тұр.
«Төбелескен қыздар Ақмола, Жамбыл облысы және Астана қаласының тұрғындары. Жастары 23-36-ның аралығында. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тексеру жүріп жатыр», – дейді Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы София Қылышбекова.
Еламан Қоңыр.
Дерек: КТК телеарнасы.
Сурет: news-rossiya.ru.