АСТАНА. 1 шілде. Астанада 100 автобус тегін ғаламторға қосылды. Ал кешке дейін олардың қатары 400-ге жететін болады. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Елорда күні мерекесі қарсаңында Wi-Fi Bus Astana жобасының ресми таныстырылымы өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шілде айының соңына дейін қаладағы барлық қоғамдық көліктер ғаламтормен қамтамасыз етіледі. Енді бас қаланың тұрғындары мен қонақтары кез келген уақытта аталған қызметті пайдалана алады.
Бірегей жоба осыдан екі жыл бұрын қолға алынған еді. Астанадан бөлек, бүгінде еліміздің 8 қаласында – Қостанай, Көкшетау, Қарағанды Қызылорда, Петропавл, Түркістан, Орал және Алматыда шамамен 200 қоғамдық көлік тегін интернетпен жабдықталған.
Жобаны ұйымдастырушы Батырбек Мусиннің мәлімдеуінше, астаналықтар көп уақытын автобуста өткізеді. «Бұл бастама уақытты тиімді пайдалану үшін жасалып отыр. Қазір көпшілік бұрынғыдай газет-журнал оқымайды. Қажет жаңалықтарды ғаламтордан көреді. Соны ескеріп, осындай жобаны қолға алдық. Шамамен әр автобуста 15-20 адам тегін интернетке қосыла алады. Бір сеансы – 15 минут. Содан кейін қайта қосылу керек», – дейді Б.Мусин.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: 24.kz.