• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

БҰРЫНҒЫ КАЗИНО БҮГІНДЕ ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ

495 рет
көрсетілді

Бүгінде облыста 14 пен 29 жас аралығында 700 мыңнан астам жастар бар. Бұл – облыс халқының үштен бір бөлігі, үлкен күш. Тұрғындарының саны 1 милли­он­­­ға жетеқабыл делінетін Шым­кент қаласында жастардың бір ме­зет шүйіркелесіп, өздерінің келелі мәселелерін шешіп алуға мүмкіндік туғызатын орталығы жоқ екендігі көңілге қаяу түсіретін. Негізі, жоқ емес, бар еді. Бұрынғы “Машино­строи­тель”, кейіннен “Алпамыс ба­тыр” атындағы алып сарай то­лық­тай жастар иелігіне беріліп, осы жер араның ұясындай болғанын көзіміз көріп, көңіліміз сүйсінген. Сан тарау бөлмелері де, үлкен залы да ешқашан босамайтын. Түрлі кеш­тер, диспуттар, салиқалы бас­қо­сулар, қоғамдағы жаңалықтарға жастардың қатысы, үн қосуы ос­ын­да жүзеге асып жататын. Алайда, облыстың кейінгі жыл­дары жиі ауысып кеткен бас­шы­ларының біріне Шымкенттің мә­дени ахуалы, қазақ қазақ болғалы “сабалап” тартып келе жатқан дом­бырасымен қалып кеткені ұнамаған болуы керек. Жастар мәселесін кей­­іннен шешеміз деп, араның ұя­сындай гуілдеп жататын орталығын жауып, опера және балет театрына айналдырып жіберді. Әрине, мемлекеттің қыруар қаржысына. Опера әншілері мен балет би­шілері Алматы мен Астананың өзін­де жетпей жатқанда мұның қан­шалықты дұрыс шешім болған­дығы шымкенттіктер үшін сәл бел­гісіздеу болып қалды. Опера және балет театры жұрттың қалағанынша бара беретін “Тамаша”, “Шаншар” әзіл-сықақ театры емес, Роза Рым­баева бастаған жұлдыздардың ән шеруі емес. Классикалық өнер деп әспеттегенімен, классикалық әнші, бишілері жоқ театрдың айлап жа­бық тұратын уақыттары да болды. Есесіне, жастар көшеде қалған. Барлық жақсылық – балаларға, елдің болашағы – жастарға деп, қу сөзбен қуырдақ қуырып жүріп, олар жайлы үлкендердің ұмытып кететін жайлары бар екендігі осын­дайда көрініп қалған. Жастар осы мәселені облыс басшы­сы­ның алды­на қойды. Жалғыз рет емес. Абай саябағының ішінде “Фа­ворит” де­­ген казино болған. Облыс бас­шылығы иесімен келіс­сөз жүргізіп жүріп, жобалау құны 55 млн. тең­геге бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі аясында жастарға лайық­тап қайта жөндеп берді. Мемлекеттік жастар саясатын қолдау мақсатында ашылған Жас­тар орталығы өмірдің ағысына қа­йы­­ғын салып, марғау кете бер­мей­ді. ­Мақсат, мұраты үлкен. Жас­тар­дың құқығын қорғайды, белсен­ді­лігін ұштайды. Әлеуметтік мәселе­лер­­де шешілмеген түйіндерді тар­қа­туға жәрдемдеседі. Орталық негі­зінен үш бағытта жұмыс жасамақ, со­ған орай бөлімдер құрылған. Олар талдау, мониторинг және әлеу­меттік зерттеу мәселесімен ай­на­лысады. Оның ішіне, әрине, таланттарды қолдау, жұмыспен қамту сияқты өзекті жәйттер кіреді. Бүгінде облыста 14 пен 29 жас аралығында 700 мыңнан астам жастар бар. Бұл – облыс халқының үштен бір бөлігі, үлкен күш. – Біз талантты жастардың ой-ар­манын жүзеге асыруға көмекте­семіз. Мерекелік шараларын өт­кізуге лайықталған арнаулы бөл­мелеріміз бар. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Олардың алған бі­лімі, тәрбиесі мемлекетіміздің ке­мел­денуіне сеп­теседі. Біз соған жағ­дай жасай­мыз, – деді жастар орта­лы­ғының дирек­торы Асқар Әбубәкіров. Жастар орталығының ашылу сал­т­анатында сөз алған облыс әкімі А.Мыр­захметов жастардың бола­ша­ғымыз екенін құр сөзбен айтып қой­май, оларға нақты іспен қам­қорлық көрсетуіміз керек деді. “Дип­ломмен – ауылға” бағдарла­ма­сының орын­далуына жүйелі түр­д­е атсалысу ке­рек. Істің көзін тау­ып, бизнеспен ай­на­лысу үшін дөң­ге­лек үстел, тре­нингтер өткізілсе, оған ірі кәсіп­керлер шақырылса, сең қозғалар еді. Облысқа опера және балет теат­ры керек. Бірақ, ол жастар саясаты есе­бі­нен болмауы керек еді. Осы олқы­лық түзетілді. Үлкен облыстың үлкен қаласындағы үлкен түйін араға үш жыл салып осылайша тарқатылды. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.