• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
21 Шілде, 2010

ҚАЗАҚСТАН ҚЫРҒЫЗСТАНДЫ КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢДЕ ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ

439 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Назарбаев туысқан көрші елге 10 миллион доллардың көмегі көрсетілетінін мәлім етті Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Қыр­ғыз­стандағы сәуір оқиғалары барысында бауырлас елде тағы да қан төгіліп, тұрақсыздық орын алғанына өкініш білдірген болатын. Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен ұрлық-қарлықтың көріністеріне өзінің на­ра­зылығын білдірген еді. “Қырғыз Республикасы – біздің көршіміз. Мен сондағы оқиғаларға үлкен өкінішпен қарап отырмын. Бізге жақын туысқан қырғыз халқының осындай өзара жанжалды жағ­дай­ларға қайта кірісіп отырғаны алаңдатады. Барлық саясаткерлер халықтың қамын жейтіндіктерін, оларға тек жақсылық тілейтін­діктерін айтады. Іс жүзінде дәл бұлай болмай отыр. Дүкендерді қиратып, өртеп жатыр, банктер жабық тұр, Қырғызстаннан капитал кетіп барады. Тұрақтылық жоқ жерде ештеңе де болуы мүмкін емес. Саясатпен емес, барри­кадалармен айналысу керек. Әуелі халықты тойындырып, оларға жұмыс беру қажет. Бүгінгі таңда Қырғызстан тұрғындарының жартысынан астамы кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. Жұмыс­сыздық деңгейі өте жоғары. Салыстырып қарасаңыз, жан басына шаққандағы ІЖӨ Қыр­ғызстанда – 800 доллар, Қазақ­станда – 8 000 доллар. Қазақстан осы жылдардың бәрінде бейбіт өмірдің рахатын көріп, еңбек етуде, балаларын тәрбиелеуде. Елде тұрақтылық. Көп ұлттылыққа қара­мастан, адамдар бір-бірін құр­меттейді, толеранттылық өте жоғары деңгейде. Және де бұл бізге дамуға, инвестициялар тартуға мүмкіндік беріп отыр. Тұрақтылық пен халықтың тыныш өмірі – ең басты байлығымыз”, – деп атап көрсеткен болатын. Күні кеше Алматы түбінде болып өткен Еуропадағы қауіпс­із­дік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кез­десуінде де Қырғызстандағы жағ­дайға алаңдаушылық аз бі­л­дірілген жоқ. Елдің оңтүстігіндегі ахуал әлі де қалыпқа толық түсті деуге келмейді, деді алқалы жиында сөз алған түрлі елдер сыртқы саясат ведомстволарының басшылары мен өкілдері бірауыздан. Мұндай мә­лім­­демелер негізсіз болмаса керек. Сыртқы істер министрлері бейресми кездесуінің беташарында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: “Біздің Ұйымның тиімділігіне Қырғызстандағы саяси дағдарыс елеулі сынақ болды... Соңғы 5 жылдағы екі мемлекеттік төң­ке­рістің басты себептері эко­но­миканың дамымағандығы, ха­лық­тың кедейлігі, билік тіктемесінің әлсіздігі және мемлекеттің қа­лыптасу кезеңіндегі демо­кра­тиялық институттардың тұрлаусыздығы болды”. Елбасы келесі кезекте жаңа конституцияны және өтпелі кезеңдегі Қырғызстан президентін бекіту үшін болған референдум бұл елдің болашағына қатысты мә­се­лелердің аз ғана бөлігіне жауап бергенін атап көрсетті. “Шетін тұ­рақтылық кез келген уақытта бұ­зылуы мүмкін”, деді осы орайда Қа­зақстан басшысы. Оның үстіне қазір бұл елдің өмірінде республика парламенті сайлауының қарса­ңында саяси күрестің шиелені­суі­мен сипатталатын өте жауапты сәт басталады. Қырғызстан халқы бұл кезеңде өз елінің перспективалары туралы байыпты ойлануы тиіс. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ азаматтар сайлау нәтижесінде бұрынғы қателіктерді қайтала­майтын, қажетті реформаларды, ең алдымен экономика мен әлеуметтік салада жүргізуді қамтамасыз ететін билік пен оның тармақтарын қалыптастыратынына баса назар аударды. Сонымен қатар, Қазақ­стан Үкіметінің арнайы құрылған мамандар тобы қырғыз тарабымен бірге қолдау білдірудің кейінге қалдырылмас шараларын анықта­ғанын атап өтті. Мәселен, бұзылған үйлерге құрылыс материалдары, жылу-электр стансалары үшін отын түріндегі шұғыл көмек 10 миллион доллар көлемінде көрсетілетінін жария етті. Ресей мен Өзбек­стан­ның да көмек қолын созғанын айтып, алайда, бұлардың жеткілікті емес екеніне екпін түсірді. “Қырғызстанға қаржылай және нәрлендіру көмегін көрсету үшін үстіміздегі жылдың шілдесі мен тамызында екі халықаралық конференция өткізу белгіленген. Бюджеттің күтіліп отырған елеулі тапшылығы және бүлінген инфра­құрылымды қалпына келтіруге арналған қаржының өте-мөте жетіспеушілігі жинақтай алғанда шамамен 1 миллиард долларға бағаланады. Бүгін біз сіздердің ел­де­ріңізді алда болатын форум­дардың жұмысына қолдау білдіріп, оған қатысуға шақырамыз”, деді Қазақстан басшысы. Елбасы сөзінің мәні мынаған келіп саяды: бүгінде Қырғызстанға Ресей мен Өзбекстан және Қазақстан көмек қолдарын созып отыр. Бірақ бұл жеткіліксіз. Қырғыз­станды саяси-экономи­ка­лық дағдарыстан алып шығу үшін бүкіл халықаралық қоғамдастықтың жәрдемі қажет. Яғни, алдын ала есептеулерге қарағанда, 1 миллиард доллар шамасында қаржы керек болады. Міне, алдағы шақы­рылатын форумдар осы мақсатты – қаражат мәселесін шешуді көздейтіні де құпия емес. Ал Қазақстан бермекші болып отырған 10 миллион доллардың көмегі еңсесі түскен елге айтарлықтай септесін болатыны айтпаса да түсінікті. Елбасы “Хабар” агенттігіне берген сұхбатында атап көрсет­кеніндей, Қазақстан Қырғыз­стандағы жағдайдың жедел тұрақтануын қалап қана қоймай, жәрдем қолын созуға әркез дайын. “Қазақстан – Қырғызстанға тұрақ­тылық тілейтін мемлекет. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші Мемлекеттің басшысы ретінде мен гумани­тарлық және басқа да көмектер көрсету үшін халықаралық қоғам­дастықты жұмылдыруға қолымнан келгеннің бәрін жа­саймын. Қырғызстанға ҰҚШҰ желісі бойынша қазірдің өзінде Ресей, Қазақстан және Өзбекстан жәр­демдесіп жатыр. Мен бүгінде Өзбекстан иығына да айтарлықтай ауыртпалық түсті деп есептеймін. Және біз президент Ислам Каримов пен Өзбекстанға иық­тарына ең ауыр жүкті артқандары үшін ризашылық білдіруге тиіспіз. Айналасы бір күннің ішінде 100 мың адам шекара асып келді. Оларды орналастыру, тамақ­тандыру, емдеу, басқа да қажет­тіліктермен қамтамасыз ету қажет болды. Мұның барлығы Өзбекстан үшін үлкен қиындықтар туғыз­ғанын, өзбек жағының қандай проблемаларды шешуіне тура келгенін мен жақсы сезінемін”. Қазақстан басшысы мына мәселеге де баса назар аударды: “Қазіргі кезде Қырғызстан кедей ел, сондықтан табысты мемлекет бола алмайды деген пікір қалыптасқан. Мен олай деп есептемеймін. Қырғызстан жері алтынға, темірге, кү­місті мысқа және басқа да ресурстарға бай. Таулы өзендерінің әлеуеті орасан. Туризм саласының мүмкіндіктері де өте зор. Осылардың бәрін көтеру керек. Өзге мемлекеттердің ешбір гуманитарлық көмегі елді ешқашан еңселендіре алмайды”, деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Шын мәнінде көп жәйт мемлекеттің экономиканы көтеру арқылы адамдарға жұмыс тауып беріп, халықты тойындыра ала ма деген сұраққа келіп тірелетіні анық. Егер осы сауал шешімін тауып жатса, елдің тұрақты арнаға түсетіні күмәнсіз. Сондықтан, Қырғыз­станды эко­номикалық жаңғыр­тудың бағдар­ламасын жасау керек. Ал оны жасауда Қазақстанның көмекке келетіні тағы анық. Осы ретте Ел­ба­сы Н.Назарбаев атап өткендей, Қыр­ғызстанда қайта өрлеу мен эко­номиканы көтерудің страте­гия­лық саясаты болғанын өте-мөте қалаймыз. Қазіргі кезде Қазақстан тара­пынан Қырғызстанды тұрақ­тандыруға бағытталған күш-жігерге халықаралық қоғамдастық өзінің ризашылығын білдіріп жатыр. Мұндай ризашылықты еліміздің тек Қырғызстанда ғана емес, жалпы Орталық Азия өңірінде, тіпті бүкіл дүние жүзінде тұрақ­тылық орнатуға ұмтылы­сымызға берілген лайықты баға деп қабылдауға болатындай. Самат МҰСА.