• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Тығырықтан жол тапқан

418 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Украина дағдарысы газеттердің бірінші беті мен әлемдік БАҚ-тардың жаңалықтар таспаларынан түсер емес. Аталған жанжалды бейбіт реттеудің жолдарын іздестіру белсенді жалғасуда. Әлемдік қоғамдастық 2014 жылдың тамызындағы Минск кездесуінің, сондай-ақ, 2015 жылдың ақпанында Минскіде өткен «норманд пішіміндегі» саммиттің даму барысын мұқият бақылап отырды. Минск-2 әуел баста Астанада жоспарланғанын көпшілік біледі, бірақ Украина үдерісінде кенеттен Қазақстан астанасы қалай пайда болғаны туралы, тіпті, түйсіне де алмаулары ықтимал? Шынтуайтында, Минск-1 және Минск-2, Украина дағдарысын реттеудегі басқа да көптеген ілгерілеушіліктер Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік күш-жігер жұмсауының нәтижесінде жүзеге асты. «Бітімгер» кітабының авторы мемлекет қайраткері, дипломат, Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан ОНЖАНОВ біздің Мемлекетіміз басшысының Украинаның оңтүстік-шығысындағы бітімге жетелеген белсенді қызметінің куәгері болған еді. Кітапта Майдандағы 2015 жылдың ақпан айына дейінгі оқиғалар қамтылған. Ал газеттегі бүгінгі жарияланымда «Бітімгер» кітабынан үзінді беріліп отыр. АЛҒЫСӨЗ ОРНЫНА Украина дағдарысы әуел бастан өңірлік жанжал шеңберінен шығып, ХХІ ғасырдағы ең күрделі сын-қатерлердің біріне айналды. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Украинадағы жанжал халықаралық қоғам­­дастықтың тіршілік тынысының әлеу­мет­­тік және саяси қырларын қамти оты­рып, экономика мен қаржының шегі­нен шық­қан жаһандық дағдарыстың салдары болып табылатынын талай мәрте атап көрсеткен. Шын мәнінде, Украина дағдарысы – бұл осы елдің оңтүстік-шығысындағы егесу ғана емес, бұл – кешенді түрде шешуді талап ететін саяси, экономикалық, сауда-саттық, энергетикалық, мәдени, ұлтаралық және басқа мәселелер мен проб­лемалардың тұтас бір шоғыры. Мұнда, бірін­ші кезекте, тек Украинаның өзін­дегі ғана емес, сондай-ақ, оның сыртын­дағы, әсіресе, «Ресей – Украина – Еуро­палық одақ» пішіміндегі өзара сенім мен түсініс­тік мәселесі бой көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан үшін ықтимал тәуекелдер туралы өте жақсы білетін еді, сондай-ақ, жан-жақтан жұмыла күш-жігер жұмсалмаса, бейбітшіліктің де ауылы алыстай беретінін, ал мұның аяғы бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін бұдан да зор салдарларға соқтыратынын нақты түсінді. Сондықтан, ол Украинаның оңтүстік-шығысындағы жанжалды рет­теудің бейбіт үдерісіне ықпал етудің бір­де-бір мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Осы дағ­дарысты бейбіт жолмен шешуден бас­қа балама жоқ, тек осылай еткенде ғана қан­төгісті тоқтатып, саяси үдерістерге, оның ішін­де, жағдайды тұрақтандыру мен елді әрі қарай дұрыстауға болады деген нық сенім шынайы итермелеген еді. Ресей, Украина, Германия және Фран­ция басшылары Қазақстан Прези­дентіне – жанжал аймағынан мыңдаған километр қашықтықта жатқан елдің басшысына не себепті құлақ асты? Оған сенеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­­баев әлемдік қоғамдастыққа өзінің қағи­далары мен міндеттемелерінен кері шегін­бейтін, дәйекті саясат жүргізетін, бейбітқатар даму идеясының сенімді жақтау­шысы болып табылатын «адал менед­жер» ретінде белгілі. Қазақстан Прези­денті әлемдік қоғамдастық елде­рінің, олардың географиялық орналасуына қарамастан, өзара іс-қимылы маңызды екенін, елдерді қарсы тұруға емес, бәсекеге негіздей отырып дамыту қажеттігін талай мәрте атап көрсетті. Ал Украинадағы жағдайға қатысты айтатын болсақ, осындай жауапты мис­­сия тек нағыз еуразияшыл, қарсы тұру­шылықтың емес, бәсекелестіктің жақ­тау­­шысы, әлемдік деңгейдегі дәйекті және сараб­дал саясаткер Нұрсұлтан Назар­баевтың ғана қолынан келеді. Өйткені, ол – жаһандық ауқымдағы бітімгер болуға жаралған тұлға. МАЙДАННАН УКРАИНАДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА ДЕЙІН: ЕКІҰШТЫЛЫҚПЕН ӨТКЕН КҮРДЕЛІ КЕЗЕҢ …Егер Украина басшылығы ішкі­мемлекеттік тұрақтылықты нығайтып, ел­дегі әлеуметтік-экономикалық жағ­дай­­ларды жақсартуға және халықты ұйыс­­тыруға бірінші кезекте мән берген­де, мұндай екіге жарылу орын алмас еді. Ал Украинада біз мүлдем басқа үдеріс­терді көрдік. 90-жылдардың жабайы кезең­дері тынышталып үлгермей жа­тып, ел­де түрлі полярлы екі саяси бағыт: еуро­интеграция мен Ресеймен одақ­тастық пайда болды. Оның үстіне, түр­лі полярлықтың мәні күні бүгінге дейін даму­дың осы сыртқы саяси век­тор­лары­ның сәйкессіздігінде емес (олар, кері­сінше, сәйкеседі), Украи­на басшы­лығының қашанда екі ірі ойын­шы: Еу­ро­палық одақ пен Ресей Феде­рациясы мүдделерінің арасынан пайда та­бу­ға ұм­тыл­ғанында, яғни тепе-тең­дік­ті сақтау­ға емес, екі жақтан да өзі үшін бір­жақты тиімділік көруге тырысушылықта жатыр. Осының салдарынан, тұтастай алғанда, ел ретінде Украина стратегиялық тұрғыдан тек ұтылыс тапты. Елді дамытудың шығыс және батыс өңірлерін қарсы қоятын емес, осы облыс­тарды біріктіретін стратегияны іздеудің неліктен қажет болғанын түсіну үшін Украина сыртқы саудасының құрылымына қарау жеткілікті. Дағдарысты кезеңге дейін Украина экспортының 5/1 үлесі Ресейге, соншасы Еуропалық одаққа тиесілі еді. Оның үстіне, РФ-ға негізінен алюминий тотығы, темір мен құрыш сым­дар, дизельді-электрлі локомотивтер, бар­лық үлгідегі вагон-цистерналар, қозғалт­қыштар, яғни елдің шығысында өнді­рілген өнім экспортталып келді. Ал Еуро­паға жүгері, темір рудасы, антрацит, рапс тұқымы, бұршақ тұқымы, күнбағыс майы жөнелтілді, яғни елдің шығысынан шикізаттар, батысынан ауылшаруашылық өнімдері жіберіліп келді. Басқаша айт­қанда, Украина, меніңше, өзінің байла­нысын Ресеймен де, Еуропамен де үз­бе­уі керек еді. Тиісінше, Украина басшы­лығы осы екі бағытты бір-біріне қар­сы қоймай, керісінше, екі жақпен де тең­дестірілген дәйекті саясат ұстануы тиіс-­тін. Өкінішке қарай, бұлай болмады. ...2014 жылдың ақпанында Украина­дағы саяси дағдарыс елді азамат соғысы мен аумақтық бөлініс қатеріне әкелген аса өткір белесіне өтті... Билікке келген оппозицияның орыс тілінің өңірлік мәртебесін жою жөніндегі жедел шаралары, Украинаның блоктан тыс тұру мәртебесін алып тастауға шақырған үндеулер мен НАТО-ға ену үдерісінің басталуы осы елдегі Шығыс пен Батыс арасындағы түсінбеушілікті тек күшейте түсті. Қырымдағы референдумның қорытындылары, сондай-ақ, түбектің Ресей Федерациясына қосылғаны Киев тарапынан мойындалған жоқ. Мәскеудің барлық түсіндірмелері мен Косовода осыған ұқсас жай орын алғанына сілтеме жасауы есепке алынбады. Ресейге Батыстың Қырымды аннексиялады және елдің аумақтық тұтастығы туралы халықаралық құқық қағидаттарын бұзды деген айыбы қарша борай бастады. АҚШ пен Еуроодақ, Австралия, Жаңа Зеландия мен Канада активтерді тоқтатып тастауды және «қара тізімге» енгізілген адамдарға визалық шектеулер енгізуді, сондай-ақ, санкция салған елдердің компанияларына тізімге енгізілген адамдармен және ұйымдармен іскерлік қатынастар ұстануға тыйым салуды қарастыратын санкциялардың алғашқы пакетін іске қосты. Оқиғалар, күшейе түскен дағдарыстан шығудың басқа жолдарын табуға әрекеттер болғанына қарамастан, жедел дамыды. Оның үстіне, болып жатқан оқиғалардан хабар таратқан ақпараттар ағынында, сондай-ақ, 2014 жылғы нау­рыздың 10-ы мен 14-і аралығында Қазақ­стан Президентінің АҚШ, Германия, Ұлыб­ритания және бірінші кезекте Ресей бас­шы­ларымен бірқатар телефон арқы­лы сөйлесулері болды деген хабар көрі­ніс берді. Іс жүзінде, бұл Қазақстан басшы­сының осындай күрделі геосаяси мәсе­леде араағайындық күш-жігер танытқан алғашқы оқиғасы еді. Осындай күрделі кезеңде қандай да бір тарап бастамашылықты өз қолына алуы тиіс еді, әйтпесе, жанжалдың әрі қарай ушыға түсетіні түсінікті болатын. Мұны біздің Мемлекетіміздің басшысы да түсінді және, менің пайымдауымша, қалыптасқан жағдайды жан-жақты ойлас­тыра бастады… МИНСКІДЕГІ ТАМЫЗ КЕЗДЕСУІ: УКРАИНАНЫҢ ОҢТҮСТІК-ШЫҒЫСЫНДА АСҚЫНА ТҮСКЕН ДАҒДА­РЫСТАҒЫ БЕТБҰРЫСТЫ СӘТ ...Соған қарамастан, сындарлы үнқа­тысуды жалғастырып, жанжалды бейбіт келіссөздер арнасына бұруға деген ұмтылыс сақталып қалды. Бұған, атап айтқанда, 2014 жылдың 29 шілдесінде Италия Республикасының Премьер-минис­т­рі Маттео Ренцидің Қазақстан Респуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа соққан телефон қоңырауы айғақ бола алады. 2014 жылдың 7 тамызында Ресей Президенті В.Путин өзінің Кеден одағы бойынша әріптестері – Қазақстан және Бела­русь прези­денттерімен телефон арқы­лы сөй­лесіп, оның барысында Ресей үкіме­тінің бірқатар Батыс тауарларына не себеп­ті шектеу енгізгенін түсіндірді. Оның үстіне, Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаевпен әңгімеге орай, баспа­сөзде Украина президентінің қатысуымен жоғары деңгейде кездесу өткізу туралы ресми ұсыныс алғаш рет көрініс береді. Атап айтқанда, Ақорда сайты мынадай хабарлама жариялады: «Екі мемлекет басшысы Украинадағы дағдарысты жағдай, сондай-ақ, Украина президентімен түрлі пі­шім­дерде, соның ішінде Кеден ода­ғы мүшелері мен Украина кездесуі шеңбе­рінде немесе ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кезектен тыс мәжілісінде тікелей келіссөздер өткізу бойынша бірлес­кен ықтимал қадамдарға бару тура­лы пікір алмасты». Мұндай қадамдар қабыл­данды да. ...Жасыратыны жоқ, Еуропа тарапы­ның қатысу мәселесі проблемалы болды. Дәлірек айтқанда, Брюссельдің Минскімен баршаға мәлім қарым-қатынасын ескергенде, Минскідегі кездесуге Еурокомиссия төрағасы Ж.М.Баррозудың қатысуы кү­мән­ді көрінді. Онсыз Беларусь астанасына Украина Президенті де бармас еді. Қазақстан Президентінің өзінің жұ­мыс­­бастылығына және Алматы облы­сына барған өңірлік сапарына қара­мас­тан, 2014 жылдың 19 тамызын­да Еуропалық комиссия төрағасы Ж.М.Баррозумен телефон арқылы сөйлескенін атап өту қажет. Осы әңгіме қорытындысында Еурокомиссия басшысы 2014 жылдың 26 тамызында Минскіде Кеден одағы, Украина және Еуропалық одақ елдерінің кездесуін өткізу туралы Қазақстан ұсынысына қолдау білдірді. Сонымен бірге, қажет болған жағдайда осындай кездесуді Астанада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы әңгіменің Еуропа тарапының бастамасымен өтуінің өзі қызықты. Бұл еуропалықтардың соңғы сәтке дейін күмәнданғанын және осы жағдайда қалай жасау қажет деген мәселе бойынша Н.Ә.Назарбаевпен ақылдасқанын білдіреді… Н.Ә.Назарбаев Ресей мен Укра­и­на президенттері В.Путин мен В.Порошен­коның жеке кездесулерін – Порошенконың Украина мемлекетінің басшысы лауазымына сайлануы мен кірісуінен кейінгі олардың алғашқы екіжақты кездесулерін ұйымдастыру қажеттігіне айрықша маңыз берді. Қазақстан көшбасшысының бұл ниеті жүзеге асты да. Осылайша 2014 жылғы 26 тамыздағы Минск кездесуі тарихи оқиғаға айналды. Осыған дейін өзара тиімді шешім қабылдау мүмкін емес­тей көрініп келген мәселелер алғаш рет жоғары деңгейде ашық түрде талқылана бастады. Осындай жағдайларда Минскіде қол жеткізілген уағдаластықтар украин шын­дығының «шексіз проблемалар теңі­зіндегі құтқарушы шеңберіне» айналды… III. МИНСК УАҒДАЛАСТЫҚТАРЫ НЕМЕСЕ АҚТАЛМАҒАН ҮМІТТЕР Қыркүйектің соңғы онкүндігі мен қазан­ның басында, БАҚ-тардың хабар­лауынша, оның ауық-ауық бітімді бұрма­лаумен қоса-қабат жүргеніне қара­мастан, дау-жанжал аймағында шынымен де саяси саябырлаушылық болып жатты… Жоғарғы Радаға кезектен тыс сайлау өт­кеннен кейін тура бір аптадан соң, яғ­ни 2014 жылдың 2 қарашасында өзін өзі жария­лаған «Донецк және Луганск ха­лық республикаларында» жергі­лікті сайлаулардың өтуі ахуалды одан бе­тер шиеленістіре түсті. Дауыс беру қоры­тын­ды­сы бо­йынша өзін өзі жария­ла­ған ДХР басшысын сайлауда сайлау­шы­лар­дың 50%-дан астам дауысын жина­ған іс басындағы Премьер-министр А.Захар­ченко жеңіске жетті. Өзін өзі жария­лаған ЛХР басшысын сайлауда 63,08% дауыс алған іс басындағы басшы И.Плот­ницкий жеңіске жетті. 2014 жылдың 4 қарашасында өзін өзі жариялаған «Донецк және Луганск халық республикаларының» жаңа сайланған басшыларының инаугурациялары өтті. Батыс ДХР мен ЛХР-да өткен оқшау­ланған сайлауларды Минск уағдаластығын бұрмалау ретінде бағалай отырып, оларды тура мағынасында және топтасқан түрде айыптады. Оның сыртында Батыс РФ-ның ДХР мен ЛХР-дағы сайлауларды мойындаған шешімін де айыптады… Дау-жанжал өршу сатысына ауысты. Тиісінше, украин мәселесі іс жүзінде бү­кіл халықаралық іс-шаралардың, оның ішінде, Қазақстан қатысатын іс-ша­ра­лар­дың күн тәртібіне енді. Біздің еліміз­дің тең­дес­тірілген көпвекторлы сырт­қы саяси бағыты Батыс пен Ресей ара­сын­дағы қатынас­тардың одан арғы перспек­тиваларының белгісіздігі аясында жаңа сын-қатерлерге душар болды. …2014 жылдың қазанымен салыс­тырғанда 2014 жылдың қарашасындағы жұмыс кестесінің тығыздығы еш жеңіл болмағанын атап көрсеткім келеді. Нұр­сұл­­тан Назарбаев Қазақстанға ресми және жұмыс бабындағы сапарлары шең­бе­рінде ГФР СІМ-інің басшысы Ф.-В.Штайнмайермен, Швейцария Президенті және ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Д.Буркхальтермен, Чехия Президенті М.Заманмен, РФ Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы С.Нарышкинмен өте мазмұнды әңгімелер өткізді. Бұл ай Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримовтің Астанаға ресми сапарымен аяқталды. Бүтіндей алғанда, Мемлекет басшысы Швейцария Президентімен әңгімеде, осыған дейін Ф.-В.Штайнмайермен болған әңгімедегідей, украин мәселесін айтарлықтай егжей-тегжейлі талқылады. Оның сыртында неміс министрімен кездесуде айтылған украин дағдарысын реттеу жөніндегі іс-қимылдардың қадам­дық жоспары туралы өз ойын жетіл­ді­ре отырып, Н.Ә.Назарбаев Д.Бурк­халь­тер­мен әңгімеде келесі формуланы ұсын­ды деп ойлаймын: «Ресейдің айт­қан­да­рын, Украинаның айтқандарын, Еуро­па­ның айт­қан­дарын жайып сала отырып, бәтуа­лар іздестіруді бастау қажет». ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРААҒАЙЫНДЫҚ РӨЛІ: ҚОЛДАУ МА, ҚАРСЫ БОЛУ МА? ...Шиеленіскен жағдайдан шығудың жолын ешкім білмеді. Қантөгісті тоқтату үшін келіссөздердің қажет екендігін бар­лығы да түсінді, бірақ онда не ұсыну қажет­тігін ұқпады. Оның үстіне, біреудің баста­машылықты қолына алуы қажет бол­ды. Өйткені, кикілжіңге тартылған тарап­тардың барлығы бір-бірімен сөйлеспеді не­месе келіссөздер кезінде бірін-бірі «есті­гісі» келмеді. Міне, нақ осы кезеңде Қазақстан Пре­зи­дентіне украин дағдарысын реттеу­де ара­ағайын – бейбіт келіссөздердің бас­та­машысы болу жөнінде өтініштер түсе бас­тады. Бұл жөнінде Миландағы «Азия – Еуропа» саммиті форумы аясындағы кездесулерде де айтылды, бұл жайында Ф.-В.Штайнмайер де, Д.Буркхальтер де сөз қозғады. …Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында, француз президентін украиндық дағдарысты реттеу жолдарының ресейлік көзқарасымен де таныстырды. Олар Фран­циядан келген мейманды өте қызықтырды. Тіпті, олар Ф.Олландты Ресей Президенті В.Путин­мен неғұрлым белсенді сұхбат құру­ды бастауға түбегейлі иландырды деу­ге де болады. Бұл тұрғыдан қарағанда, Ф.Оллан­дтың Астанада Нұрсұлтан Назарбаевпен бірлескен баспа­сөз мәслихатында жасаған мәлім­демесі қызықты бола түседі: «Ең алды­мен сөз­бен сайысуды азайтуға қол жеткізу қа­жет. Со­дан кейін сөз сайысты азайту Украи­­на аумағындағы нақты іс-қимыл­дар­ға ауысуы керек... Біз сапарларды, тетік­­терді, үнқатысу алаңдарын шие­­леніс­ті төмендетуге қол жеткізу үшін пай­­далануға келіс­тік. Мұның өзі Украи­­на­ның аумақ­тық тұтас­тығын сақтау­ға, Украи­наның шығыс өңірлеріне бел­­гілі бір автономиялық сипат бе­руді кепіл­­ден­діруге, украиндық эко­номика осы қиын жағдайдан шыға бас­тайтындай жағ­дайға қол жеткізуге және сонымен бірге, атыс­ты тоқтату туралы келісімді сақ­тауға мүмкіндік берген болар еді». …Н.Ә.Назарбаев Ф.Олландты В.Пу­тин­мен сөйлесіп үлгергендігі және Фран­ция Президентін қабылдауға әзір екен­дігі туралы хабарландырды. Оның үсті­не біздің Мемлекетіміздің басшысы фран­циялық мейманды Мәскеудегі кезде­судің қажеттігіне түбегейлі иландыр­ды. Өйткені, мұның өзі Еуропа- Ресей үнқатысуын қайта қалпына келтіру үшін және Украина дағдарысын реттеуді ілге­рілету үшін маңызды еді. Франция мен Ресей президенттері 2014 жылдың 6 желтоқсанында Мәскеу уақыты бойынша 16.30-да Внуково әуе­жайында кездесті. Украинадан Таяу Шығыс­қа дейінгі, «Мистральдарды» жеткі­зуден бас­тап Еуропа мен Ресей ара­сын­дағы тайталасуларды тоқтатуға дейін­гі проблемалардың кең ауқымы бойынша әңгіме қозғалды. Мемлекет басшысының мұндағы не­гізгі ойлағаны П.Порошенкомен және В.Пу­тин­мен жеке-жеке кездесіп, олармен Украина дағдарысын ретке келтірудің мүмкін жолдарын талқылау және оларға жанжалды шешудің мәмілеге келу тетіктерін, соның ішінде француз көзқарасын есепке алған тетіктерді ұсыну болатын. 2014 жылдың 19 желтоқсанында Қазақстан және Украина президенттері телефонмен сөйлесті, Украина басшысы Н.Ә.Назарбаевты Украинаға сапармен келуге тағы да шақырды. Сөйтіп, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырыс­тары өтетін Мәскеуге бара жатып, 22 желтоқсанда Украинаға сапар жасады. Украина Президенті П.Порошенкомен және елдің Премьер-министрі А.Яценюк­пен келіссөздері болып өтті. Осы кездесуден кейін бүкіл қазақ­стан­дық делегация бірден Киев әуежайына бағыт ұстады, ол жерден біз Мәскеуге ұшып шықтық. Ол күннің кестесі ба­рын­­ша ты­ғыз болды және аяқталып та үлгер­­меді. Мәскеуге келісімен біз орна­ласа салы­сымен Кремльге баруға тиіс­ті болдық. Мұнда Ресей Президенті В.Путин­мен екіжақты кездесу тосып тұр еді. Бұл кез­десуде Қазақстан басшысы өзінің ресей­лік әріптесіне Ф.Олланд пен П.Порошен­коның ұстанымдарын есепке ала отырып, украин дағдарысын реттеу жөніндегі жүзеге асуы ықтимал жоспарын ұсынуды көздеген еді. Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаев ұшақ ішінде Киевте болып өткен келіссөздерді қайта бір ой елегінен өткізіп, «норманд пішіміне» қатысушылар жанжалды ше­шудің бейбіт үдерісін іске қосу үшін өзара қолайлы шешімдерді қабылдауына мүмкіндік беретіндей ұсыныстарды өз қолымен қағазға түсірді. Басқа сөзбен айтқанда, В.Путинмен кездесу алдында Қазақстан Президенті «норманд пішіміне» қатысушы барлық тараптардың дерлік (Германияны қоспа­ғанда Ресей, Франция және Украина тараптары) ұстанымдарының жалпы сұлбасын қалыптастырып үлгерді. Бірақ Мемлекет басшысының Киев пен Мәскеуге сапарларының ең басты жетістігі мыналар болды: П.Порошенко да, В.Путин де «норманд пішімінде» кездесуге және барлық реттелмеген мәсе­ле­лер­ді талқылауға; олар бойынша ұста­нымдар дәл келген жағдайда, мұны қорытынды құжатта белгілеуге; ал қағидатты айырмашылықтар сақталып қалған жағдайда үнқатысуды одан әрі жалғастыруға және қажетіне орай олардың келісу жөнінде «жол картасын» әзірлеуге дайын екендіктерін білдірді. Кез келген жағдайдың өзінде СІМ-дер басшылары жоғары деңгейдегі кездесулердің қорытынды құжатының жобасын дайындауға, мүмкіндігінше оларды келісуге, ал қалғандарын мемлекет басшыларының талқылауына енгізуге тиіс болды. «Норманд төрттігінің» саммитін өткізу үшін неғұрлым қолайлы орын ретінде Астана қаласы ұсынылды. Қазақстан Президенті үнқатысу үшін кез келген қолайлы уақытта алаң ұсынуға дайын екенін білдірді. Оның үстіне В.Путинмен кездесуде «норманд төрттігі» елдері басшылары кездесуінің мүмкін болатын күні ретінде 2015 жылдың 15-16 қаңтары ұсынылды. Осы мерзімді келісу жөнінде жұмыс басталды... «Норманд пішіміндегі» кездесу: Неліктен Астана емес? Тайталасушы тараптар «норманд пі­ші­міндегі» бейбіт келіссөздер бас­талуының қарсаңында 2014 жылдың 19 қыркүйегіндегі Минск меморандумында белгіленген шектеу желісімен шектеліп қана қалмай, қосымша аумақтарға өз ықпалдарын тарата отырып, тактикалық артықшылыққа қол жеткізуге ұмтылды. Міне, осындай жағдайда, 2015 жылдың қаңтары мен ақпанын тұтастай алғанда, жанжал аймағындағы атысты тоқтатуға және дағдарысты реттеудің бейбіт үдерісін бастауға бағытталған «норманд төрттігі» елдері басшыларының кездесуін ұйымдастыру жөніндегі келіссөздер де тоқталып қалмай жүріп жатты. Бірақ Назарбаев пен Меркельдің кез­десуінде бір-біріне жағымды әсер қалдыру негізінде екі көшбасшы да әңгімелесуге бейім екендіктерін, бірін бірі айтпай-ақ ұғып отырғандықтарын көрдім. Екеуіне де Украина жанжалын тек қана бейбіт жолдармен ретке келтіруге қол жеткізуге деген шынайы ниет дем беріп отырды. Екі мемлекет көшбасшылары іске қосылған барлық тараптардың Минск келісімдерін бұлжытпай жүзеге асырудың қажеттігін, мұның тез арада бейбіт шешуге және сенім­ді нығайтуға ықпал ететіндігін атап көр­сетті. Олар дағдарыстан шығу жөнін­дегі шешім­дерді бірлесе тынымсыз іздес­тіруді бастады. А.Меркельдің Қазақстан басшысынан «норманд төрттігі» елдері жетекшілерінің кездесуін нақ Астанада өткізудің қанша­лықты қағидатты екендігін ашық сұрауы да қызықты болды. Бұған Қазақстан Прези­денті де соншалықты қағидатты емес екен­дігін айтып, шынайы жауап берді. Шын мәнісінде, қантөгісті, әсіресе, бей­біт тұрғындар, әйелдер мен балалар ара­сындағы қазаға ұшырауды тоқтату үшін бұл кездесуді өткізудің орны емес, оның өтуі анағұрлым маңызды еді... Минскіде 11 ақпан күні кешке Ресей Президенті В.Путин, Германия Канцлері А.Меркель, Франция Президенті Ф.Олланд және Украина Президенті П.Порошенко «норманд пішімі» бойынша жұмысты бастады. Келіссөздер 16 сағатқа жуық уақытқа созылды. РФ, ГФР, Франция және Украина көшбасшылары қалыптасқан ахуалды реттеу жөнінде түні бойы кеңес­ті. Соңғы сағаттарда оларға ЕҚЫҰ төра­ға­сының Байланыс тобындағы арнайы өкілі Х.Тальявини қосылды. Кездесу келесі күні – 12 ақпанда таңертең аяқталды. Сол күні, 12 ақпанда А.Лукашенко бұл кездесудің ұйытқысы нақ Қазақстан болғандығына құрметтің белгісі ретінде, біздің еліміздің Президентіне телефон шалып, оған «норманд пішімінде» Минскіде өткен келіссөздердің қорытындысы жөнінде хабарлады. Н.Ә.Назарбаев хабар бергені үшін алғысын айтып, оны кездесуді тамаша өткізуді ұйымдастырғанымен, сонымен бірге, келіссөздердің ойдағыдай аяқ­талуымен құттықтады. Алайда тағы бір есте қаларлық мәселе, келесі күні – 13 ақпанда ГФР Канцлері А.Меркельдің қоңырау шалуы болып табылды… Сонымен бірге, бұл әңгіменің бар­лық бүге-шігесі жұртшылыққа мәлім емес. Менің ойымша, А.Меркельдің әңгі­менің басында-ақ жақын сенімді қарым-­қатынасты ескере келіп, «норманд піші­міндегі» саммитті неліктен Астанада емес, Минскіде өткізу жөнінде шешім қабыл­дан­ған­дығына түсінік бергендігін білу оқыр­мандар үшін қызықты болуға тиіс. 2015 жылғы 14 ақпанда Мемлекет басшысына Ресей Президенті В.Путин және Украина Президенті П.Порошенко қоңырау шалды. Телефон арқылы әңгі­мелер туралы бұл хабарламалардан белгілі болғанындай, Қазақстан Президенті «норманд төрттігінің» кездесулері болып өткендігімен ғана қанағаттанып қалған жоқ. Мемлекет басшысы «норманд төрттігі» елдеріндегі өзінің әріптестерімен жұмысты жалғастыра отырып, олардың Минск келісімін одан әрі бұлжытпай жүзеге асыруына қозғау салды. Оңтүстік-шығыс Украинадағы жанжал – Украина халқының үлкен трагедиясы. Бұл дағдарыс адам өмірінің құны жойылған шектен асып кетеді деп ешкім ойлаған жоқ. БҰҰ деректері бойынша, жанжал аймағында 6 мыңнан астам адам қаза тапты, ондаған мың адам жараланды, 1,5 миллионнан астам бейбіт тұрғын босқынға айналды. Қазақстан да Украинада болып жат­қан оқиғаларға қатты алаңдайды. Мем­лекет басшысының жеке өзі үшін де Украи­на тіпті де бөтен ел емес. Біз Н.Ә.Назар­баев­тың жастық шағы Украи­нада өткен­дігін жә­не ол жақта оның дос­тары мен таныстары қалғандығын жақсы білеміз. Қазақстан Президенті Укра­инаның оңтүстік-шығысындағы жанжалды бей­біт жолмен шешуден басқа балама жоқ екендігін бірнеше рет мәлімдеді. Біздің еліміз Украина дағдарысын тек қана бейбіт жолмен шешу жөніндегі ортақ жұмысқа белсенді түрде қатысуды жалғастыратын болады. 2015 жылғы 12 ақпандағы Минск уағдаластығын жүзеге асыруды тоқтатуға болмайды. Бұл дағдарыстың бейбіт жолмен шешілуі барлығына да жеңілдік әкеледі. ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН Бүгінде Украина дағдарысының шешіміне қажетті кілтті неліктен нақ Астанадан іздейді? Неліктен халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі проблемаларды шешу үшін нақ Нұрсұлтан Әбішұлына жүгінеді? Өйткені, Қазақстан Президенті саяси салиқалы тұлға және әлемдік ауқымдағы беделді саясаткер ретінде көптен танымал. Ол Шығыспен де, Батыспен де бірдей еркін сөйлесе алады, оның бітімгер және «адал саяси менеджер» ретіндегі танылған беделі ешқандай күдік келтірмейді. Оның байсалды үніне әлемдік саясатшылар әрқашан мұқият құлақ түреді. Оны бағалайды. Оған сенеді. Нұрлан ОНЖАНОВ.