• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Тұрғын үй – өмір сапасының айнасы

720 рет
көрсетілді

Сәні мен салтанаты жарасқан Астана күннен-күнге көркейіп, сәулет өнерінің қайталанбас қазақстандық үлгілерін бар әлемге паш етуде. Қазір Астанада құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. Елордада тұрғын үй қоры бұрын-соңды болмаған қарқынмен өсуде. Соңғы жылдары Астанада жылына 1 миллион 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп келеді. Азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуде Астана қаласында кең өріс алған пәтерлерді мемлекеттік жалға беру үрдісі де астаналықтардың тұрмыс жағ­дайын жақсартудың ұтымды тетігі болып табылады. Осыған байланысты астаналықтарға мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер беру, тұрғын үй құрылысын дамытудың мемлекеттік және салалық бағдарламаларын орындау мәселелерін білу мақсатында «Ас­тана қаласының Тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік ме­кемесінің басшысы Руслан Ахметовті әңгімеге тартқан едік.   – Руслан Аманжолұлы, адам­ның тұрмыс деңгейінің сапасын айқындайтын негізгі жетістіктердің бірі – қолайлы баспана екені белгілі. Адам өміріне ерекше әсер ететін осы бір маңызды мәселенің жауапкершілігі зор саласы өздеріңізге тапсырылған екен. Жалпы, «Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы» ММ-нің (басқарма) міндеттері мен атқарып отырған жұмысына қысқаша тоқталып өтсеңіз. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Азамат­тардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жай­лылығының деңгейі» деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай, еліміздің бас қаласында азаматтардың тұрғын үй жағ­дайларын жақсартуға, апатты және ескірген үйлердің орнына қолайлы жаңа пәтерлер салу мәселесіне ерекше басымдық берілген. Елорданың қарқынды дамуы қаламызда өскелең та­лапқа сай тұрғын үй рыногын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Баспана мәселесі адам өміріне ерекше ықпалы бар тұрмыстық ахуал екені белгілі. Осыған байланысты біздің басқарма өзіне жүктелген міндет жүгінің қаншалықты жауапты екендігін жете сезіне отырып, сапалы жұ­мыс атқаруға күш салады. «Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік ме­кемесі – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, жергілікті мемлекеттік басқарудың, яғни мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерлер беру, мемлекеттік қажеттілік үшін жылжымайтын мүлік объектілерін бұзу, сондай-ақ, апатты және ескірген үйлерді бұзу жөніндегі жекелеген қызметтерді іске асыратын қала әкімдігінің уәкілетті атқарушы органы болып табылады. Басқарма өзінің ережесіне сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан белгіленген кезек бойын­ша азаматтарға пәтерлер беруді қамтамасыз етеді. Сонымен бір­ге, өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Қазақстан Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ желісі бойын­ша тұрғын үй», «Қазақстан Ипо­текалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ тұрғын үйі», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ желісі бойынша тұрғын үй» бағыттары жөнінен коммуналдық тұр­ғын үй қорынан пәтерге мұқ­таж азаматтардың есебінде тұр­ғандардан пәтер кезегіне тұру үшін құжаттар қабылдауды жүзе­ге асырамыз. – Басқарманың негізгі мін­деттерінің бірі коммуналдық тұрғын үй қорынан әртүрлі бағдарламалар бойынша аза­маттарға пәтер беру болып табылады. Осы жауапты мін­дет­ті қалай жүзеге асырып келе­сіздер? – Пайдалануға берілген ке­зекті тұрғын үйден кезек бойын­ша пәтерлер бөлу жергілікті ат­қарушы орган арқылы жүзеге асырылады. Бұл мәселеге байланысты мынандай маңызды іс-шаралар жүзеге асырылады: алдымен тұрғын үй комиссиясы құрылады, бағдарламаларға қатысу үшін өтініштерді қа­былдау пункттері орналасатын орындар анықталады, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру, тұрғындар арасында кең көлемдегі ақпараттық түсінік жұмыстарын жүргізу қамтамасыз етіледі. БАҚ-тарда және интернет ресурстарда бағдарламаларды іске асыру бағыты, пәтерлерді сатудың шарт­­тары, азаматтар санаты, құжаттарды қабылдаудың бас­талуы және аяқталуы туралы хабарландырулар жарияланып тұрады. Пәтерлер санына сәйкес іріктеуден өткен бағдарламаға қатысушылардың алдын ала тізімі қалыптастырылады. Бағдарлама бағыттарына байланысты жалға беру шарттарын немесе сатып алу шарттарын жасау бойынша, басқа да маңызды міндеттер жүзеге асырылады. Айта кететін болсақ, бүгінгі күнге дейін елорда бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алуға мұқтаждар кезегінде 37 688 адам тіркеуде тұр. Бұл ретте пайдалануға берілген тұр­ғын үйлерден пәтерлер беру мәсе­лесі тек кезек реті келгенде ғана жүзеге асатындығын, пә­терге мұқтаждар тізімінде тұрған аза­маттардың құқықтары тең екен­дігін ерекше атап көрсету керек. – Қазір мұқтаж азаматтарды пәтерлермен қамтамасыз ету қандай бағдарламалар бойынша жүзеге асырылып келеді? – Елімізде баспанаға мұқтаж тұрғындардың неғұрлым басым көпшілігін баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Үкіметіміз 2014 жылы Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдады. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындаған мін­дет­терге байланысты аталмыш бағдарлама одан әрі кеңей­тілді. Осы бағдарлама аясында Астана қаласы бойынша, 2014 жылы мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан 927 пәтер бөлінсе, 2015 жылдың өткен бес ай ішінде астаналықтардың тұр­ғын үй жағдайларын жақсарту мақ­сатында 590 пәтер бөлінді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағыты бойынша осы пәтерлердің ішінде 1218 пәтер сатылды. 2014 жылы Астана қаласында алғаш рет жас отбасылардың пәтер алу мүмкіндігін жақсарту үшін алдағы уақытта сатып алуға құқығы бар пәтерлерді жалға беру үшін құжаттар қабылдау жүзеге асырылды. Өтініш білдірген 5439 азаматтардың ішінен 672 жас отбасы таңдап алынып, олардың төлем қабілеті анықталды. Қазіргі таңда, қала әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясы осы іріктеліп алынған азаматтардың ішінен 200 жас отбасыға пәтер кілтін табыс етті. Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ бағыты бойынша тұрғын үй» бағдарламасы шең­берінде 2014 жылы 4383 өтініш білдіруші азаматтардың ішінен пәтерлерді жалға алуға 678 үміткер іріктеліп алынды. Үстіміздегі жылдың сәуір айында өткен тұрғын үй комиссиясының отырысында алдағы уақытта меншікке алу құқығы бар жалға берілетін пәтерлерге өтініш біл­дірген азаматтардың бұл тізімі бекітілді. Қазіргі уақытта іріктеліп алынған азаматтардың төлеу қабілеті анықталуда. Үстіміздегі жылы тұрғындарды пәтермен қамтудың тағы бір ба­ғыты – «Қазақстан Ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйы­мы» АҚ бағыты бойынша тұрғын үй» бағдарламасы жүзеге асырыла бас­тады. Осы бағдарлама бойынша 2015 жылдың 1-тоқсанында елордада 86 пәтерлерді бөлу бел­гіленді. Сөйтіп, «Қазақстан Ипо­текалық компаниясы» ипо­текалық ұйымы» АҚ бағыты бойынша тұрғын үй» бағдарламасы негі­зінде биылғы жылдың 23 ақпа­нынан 1 наурызына дейін үміт­керлерден өтініш қабылдау нау­қаны жүргізілді. Осы мерзім ішін­де бұл бағдарлама бойынша пә­тер алуға ниет білдірген 2707 өті­ніш келіп түсті. Сонымен бір­ге, биылғы жылдың 25-29 мамыр ара­лығында қалалық әкімдік осы бағдарлама шеңберінде тағы да қосымша 52 пәтерге құжат қабыл­дау шарасын өткізді. Қазіргі уақытта бұл пәтерлерді алуға үміт­керлердің төлем қабілеті тек­се­рі­луде. 2015 жылдың аяғына дейін осы бағдарлама негізінде қо­сым­ша 161 пәтер сатылады деп күтілуде. Осы орайда ерекше атап өтетін бір мәселе, жоғарыда айтылған барлық бағдарламалар бойынша үміткерлерден құжат қабылдау тек қана электрондық портал арқылы өтініш білдірушінің электрондық сандық қол қою үлгісін пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда, Республикамыз бойынша құжаттарды электрондық әдіспен қабылдау тек Астана қаласында ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте «электрондық әкімдік» e-astana.kz жүйесі кеңінен қолданылады. Аза­маттар осы платформа бойын­ша өзі қалаған бағдарламаға өті­ніш береді және сол өтінішінің қозға­лысын үнемі қадағалап отырады. – Руслан Аманжолұлы, 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның орындалуы қалай? Бұл бағ­дарлама толығымен қашан аяқ­талады? – 2008-2010 жылдардағы Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы екінші кезегінің аясында пәтер беру тәртібі жиналған баллға сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, көп балл жинағандар бірінші кезекте, одан кейінгілер балл санына қарай, рет-ретімен пәтер алу кезегіне қойылады. Мердігерлер тарапынан жіберілген келеңсіздіктер салдарынан бағдарламаны толық іс жүзіне асыру мәселесі кешеуілдеп қалды. Бірақ, бұл Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй комиссиясының оң бағасын алған азаматтар жинаған балл санына сәйкес барлығы да пәтермен қамтамасыз етіледі. Қазіргі күнге дейін тұрғын үй комиссиясының оң бағасын алған бағдарламаға қатысушы 1980 азамат пәтермен қамтамасыз етілмей отыр. Биылғы жыл­дың соңына дейін бұл азамат­тардың барлығы тұрғын үй комиссиясының шешіміне сәйкес тиісті пәтерлермен қамтамасыз етілетін болады. – Апатты және ескірген үй­лерді бұзу және сол үйлердің тұр­ғындарын пәтермен қам­тамасыз ету жағдайы қалай? – Жоғарыда атап өткеніміздей, ел Үкіметінің қаулысымен Өңір­лерді дамытудың 2020 жыл­ға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Оның мақсаты халқымыз үшін қолайлы пәтерлерге қолже­тімділікті одан әрі қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамытудың проблемаларын кешенді шешу болып табылады. Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – апатты үйлерде тұратын азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту. Осыған байланысты, Астана қаласының әкімдігі елімізде алғаш рет апатты тұрғын үйлерді бұзып, онда тұратын азаматтарды жаңа қолайлы пәтерлерге көшіру жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асыра бастады. Аталмыш жоба бойынша, елордада 2017 жылдың соңына дейін 228 апатты көпқабатты үйлерді бұзу жоспарланды. Яғни, елорданың 3500 отбасы жаңа қолайлы пәтерлерде тұру мүмкіндігіне ие болмақ. Қанат­қақты жоба бойынша 2013 жылы Астанадағы 11 көпқабатты апатты тұрғын үйде тұратын 176 отбасы жайлы пәтерлерге көшірілді. Үстіміздегі жылы 114 апатты үй­де тұратын 1552 отбасы жаңа пәтерлерде қоныс тойын тойлайтын болады. Қаладағы қалған 103 ескірген және апатты үйлер 2017 жылдың соңына дейін толық жойылып, бұл үйлерде тұратын отбасылар жаңа да жайлы пәтерлерге көшіріледі. – Ұжымдарыңыз атқарып жатқан жұмыс ауқымды екен. Мұндай жауапты да үлкен жұмыс білікті мамандарды қажет ететіндігі белгілі. Осы ретте не айтар едіңіз? – Иә, біздің басқарманың мамандары негізінен бұқара халықпен жұмыс істейді. Тұрғын­дардың өтінішін қабылдау, белгіленген тәртіпке сәйкес азаматтарды пәтер кезегіне қою мәселесі үлкен біліктілікті, бай­салдылық пен төзімділікті қажет ететін міндет. Бұл орайда, ұжымымызда ұзақ жылдар бойы мол тәжірибе жинақтаған іскер мамандар бар­шылық. Мәселен, «Астана қала­сының Тұрғын үй басқармасы» ММ-нің бөлім бастығы Ғалия Есмағанбетова туралы ерекше атап айтуға болады. Білікті маман сонау 1999 жылы Астана қаласы тұрғын үй департаментіне қызметке қабылданып, содан бері жемісті еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол мол тәжірибе жинақтаумен қатар, ұжымдағы жас кадрларды баулу мәселесінде де ерекше белсенділік танытуда. Сол сияқты, мемлекеттік тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі бөлімнің бас маманы Насима Кравчинская, пәтерлер беру үшін азаматтарды есепке алу бөлімінің бас маманы Салтанат Айтмағанбетованың еңбегі де ерекше. Олар мекемеге келетін көпшілікті қабылдап, әркімнің өтінішіне сәйкес мәселелерін шешу­мен қатар, ұжымның ха­лық алдындағы беделін көтеру мақ­сатында да кешенді жұмыстар тындыруда. – Әңгімеңізге рахмет. Тұр­ғындардың талап-тіле­гіне сәйкес ат­қарып жат­қан жауап­кер­шілігі зор жұмы­с­тарыңызға сәттілік тілейміз. Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».