• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Қазақ үшін оюдың орны бөлек

1404 рет
көрсетілді

«Бота» шұлық фабрикасының өнімдерін көргеннен-ақ, отандық екенін аңғару қиын емес. Әсіресе, оның қазақы оюлармен өрнектелуі назарымызды аударды. Бірден осы істің басы-қасында жүрген кәсіпкермен жолығып, өндірістің тыныс-тіршілігімен танысуды жөн көрдік. Бұл бұрын-соңды оюлы кілемдерімен талайды тамсандырып жүрген кәсіпкер, «Қазақ оюлары» ЖШС жетекшісі Толғанай Елекбаеваның еншісіндегі дүниелер екен. Бүгінде дәстүрлі қалыптасқан ою-өрнектерді жаңаша ойнатып, заманауи көрініс беріп, қазіргі қала мәдениетіне үйлестірген тамаша дүниелер өмірге келуде. Жаныңа жақын қазақы бұйым, әдемі оюлы кілемдер көңілді жайнатып жібереді. Бойдағы қан, қазақы болмыс сезеді ме екен, әйтеуір, оюлы бұйымдар өзіне бірден баурайды. Осындай ұлттық нәрселеріміздің ұлықтаушысы, көненің көзіндей болған құндылықтарымызды бүгінгі тұрмысымызға қайта қосып жүрген Толғанайды Астанадағы дүкеніне іздеп бардық. «Қазақ оюлары» дүкені ешбір қосындысыз қой жүнінен тоқыл­ған ою-өрнектерімен көмкеріл­ген кілем, алаша, тұс киіздер, түйе және қой жүнінен жасалған төсек бұйымдары мен көрпелерін, сондай-ақ, киізден тігілген аяқ киімдер сатады. Енді, бұл бұйым­дардың қатарын италиялық технологиямен тоқылып жатқан шұлықтар толықтырып отыр. Шұлық фабрикасының іске қосылғанына 5-6 айдың шамасы болыпты. Жалпы, жобаның қолға алынғанына 3 жыл. Бұған дейін Италияға барып техникаға тапсырыс берген. Ол бір жыл құрас­тырылды. Құрылғыны елге жеткізіп, орын, үй-жайын дайында­ғанша біраз уақыт өтсе керек. Италия­лық қондырғымен жабдықталған кәсіпорын тұтынушыларды жоғары сапалы өнімдерімен қуантып отыр. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан алған субсидиямен жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта басқа да бағдарламаларға қатысуды жос­парлап отырмыз», деген кәсіп­кер қазіргі күні ұлттық өнімге сұраныстың артып келе жатқанын айтады. «Жалпы, ұлттық бұйымдар сатумен айналысатын дүкендер күннен-күнге көбеюде, бізге тапсы­рыс интернет арқылы да түседі. Өнім­дерімізді өңірлердегі өкілде­ріміз арқылы жеткізіп береміз. Фабрика күніне 24 сағат жұмыс істей­тін болса, 350-360 шұлық тоқи алады. Бірақ қазіргі күні 8 сағат жұ­мыс істеп, соған сай күніне 120-150 шұлық өндіреді», дейді Толғанай. Кәсіпкер, жалпы, бұл салаға ұлттық дүниені насихаттау тұрғы­сынан келгенін айтады. «Бұл кә­сіп­ке қызығушылығым бала кезден оянды. Киіз басудың бүкіл кезе­ңіне қатысқанмын. Кейін жоғары оқу орнында оқып жүр­ген­де болашақ өмірімді қазақ тілі­нің мәселелерімен айналысуға арнаймын деп ойладым. Бірақ қазақ тілінің кең ауқымына байланысты әдебиетке де, тарихқа да, этнография, қолөнер, жалпы, түркі әлемі дүниесіне қызықтым. Әртүрлі халықтардың өкілдерімен бірге оқыдым, сондықтан, өзге ұлттармен өз дәстүріңді салыстыру болды. Оларға «қазақ деген қандай халық, несімен ерекшеленеді, өзге елден қандай айырмашылығы бар?» дегенде «міне, осындай ерекшеліктері бар» деп мақтанатын дүниені көрсетіп жүрдім. Соның бір дәлелі ретінде, бірге оқыған достарыма, жақсы көріп, жақын тартып қалған өзге ұлттық ұстаздарыма оюлы киізден жасалған бұйымдар сыйлайтынмын. Кейіннен киізбен айналысатын цех ашқым келді. Алайда, отбасылық жағдайыма байланысты мүмкіндік болмады. Таныстарымның бәріне осы идеяны ұсынып жүрдім. Ақыр аяғында өзім айналыса бастадым, дейді Толғанай. Ұлтжанды кәсіпкер халқымыздың ұлттық құн­дылықтары тұрғысында да өз ойымен бөлісті. «Әр халықтың өзінің рухани, материалдық құндылығы бар. Материалдық құндылыққа біздің ішкен тамағымыз, киген киіміміз, тұтынатын бұйымымыз жатады. Кез келген қазақтың ұлт­тық нақышқа деген сезімі бөлек, бір көненің көзін көргендей, ата-баба тарихымен байланыс тапқандай әсер алады. Жалпы, адамзат баласы мағлұматты көзбен, құлақпен, әдемі әуен арқылы да қабылдайды және сол арқылы өседі, өнеді, ұлттық қасиетке ие болады. Демек, бізді қоршаған дүние, орта, тұтын­ған дүние, тыңдаған му­зыка тәрбиелейді. Сол сияқты, әдемі қазақы ою біздің қазақы болмысымызды қалыптастырады деп ойлаймын. Киім киісіңіз, қор­ша­ған дүниелеріңіз сіздің үнсіз айна­ңыз. Осыны насихаттаудың тәр­биелік мәні зор. Этно үлгідегі интерь­ер отбасының болмысын, өткен­ге құрметін, болашаққа бағда­рын айқындайды. Біз бүгінгі күні осы қазақ оюларын тұтынып, құр­меттеу, насихаттау арқылы тарихпен рухани байланыс жасаймыз, болашақ ұрпаққа жеткіземіз. Ұлттық бояуы бар төл өнімдерімізді өндіре білсек, жеткілікті деңгейде насихаттай білсек, ертеңгі ұрпақ тұтынатын болады. Ұрпақ сабақ­тас­тығын өрбіту деген осы. Мен үшін басты мақсат – ұлттық құнды­лықтарымызды насихаттай отырып кәсібімізді дамыту. Өздеріңіз біле­сіздер, әлемдегі ең көне кілем атақты – Пазырық кілемі. Бір қызы­ғы, Шығыс Қазақстан облысы­нан табылған атақты Берел қоры­мын­­дағы сәйгүліктер бейнесі осы кілем­де тоқылған. Өткенде Ұлттық мұра­жайға барып Берел қазбасы­ның бұйымдарын қарап тұрып Пазырықтан табылған кілем­­­­­­­дегі суреттер есіме түсті. Енді осы та­қырыпты тереңірек зерт­теу мені құл­шындырып отыр. Осы дерек­тер біз үшін тұрмыстағы дүние қанша­лықты болмысымызға сай екенін көрсетеді. Елестетіп көрейікші, ендігі екі мың жылдан соң біз туралы ғалымдар не жазар екен?! Тілі шұбарланып кеткен, тұрмысында тек шетел бұйымдарын пайдаланып, ал өзіндік болмысынан түк қал­­маған, кезінде «Алтын адам» та­был­ған өңірдің ұрпақтары дер ме екен... Бірақ мен біз туралы ұрпақ жал­­­ғастығы үзілмеген, оның ең бас­ты дәлел­дерінің бірі – төрінде әрқа­­шанда мыңжылдық тарихы бар, ою-өрнек­тері сақталған халық, ұлан-ғайыр елді мекенді жайлаған жұрт де­ген дереккөзі қалса деп қалаймын». Қазіргі күні «Қазақ оюларының» кілемдері моңғолиялық «Эрденет» фабрикасында тоқылып жатыр. Ол бүгінгі таңда көптеген ірі дамыған мемлекеттер тапсырысын орындап отырған алып кәсіпорын. Олар­дың қатарында Америка, Жапо­ния, Еуропа мемлекеттері, Австра­лия, Ресей және т.б бар. Осы фабрика өткен ғасырдың тоқсанын­шы жыл­дары құрдымға кетіп бара жат­қан кезінде бойында отансүй­гіш­­тік сезімі бар моңғол азаматы өзі­нің қара­­жатын жұмсап, шетелден кілем өн­ді­рудің қыр-сырын оқып, үйре­ніп, фабриканы қайта жандан­дырған екен. Соңғы он жыл­дың ішінде дүниежүзіндегі 10 ірі және сапа жағынан алдыңғы қатарлы фабри­калардың деңгейіне жеткізген. Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі күні тұтынушылар арасында қазақы жиһаз іздейтіндер жиі кез­десіп жатады. Ендеше, неге бізге ұлттық өрнектермен көмкерілген жиһаз өндірмеске? Неге киіз үй шығаратын зауыт ашпасқа? Бұл ретте жүн өндірісін жандандыру керек. Жүн өнімі Қазақстанда тегін шашылып жатыр десек, артық айтқандық емес. Біздің еліміз үшін өте ұтымды сала жүн өндіру, себебі, шикізат өзінікі, табиғат, ауа райы да осы өнімді тұтынуға лайық және экспортта да сұранысы мол сала. Тек қолға алып, дамыту қажет. Ол үшін оқу орындарынан, маман даяр­лаудан бастау керек. Жаңа заманауи тоқыма саласы техникасының тілін түсінетін мамандар жоқтың қасы. Олай деуімізге дәлел, бір кішігірім шұлық өндірісіне маман табудың өзі зор машақат болыпты. Қазіргі күні мемлекет кәсіп­керлерге көп мүмкіндік ашып отыр. Осыны ұтымды пайдаланып жүн өнімдерімен айналысатын мамандар, кәсіпорындар, оқу орындары жұмыс жасаса, оның өзі еліміздің көркеюіне үлкен үлес қосар еді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.  
Соңғы жаңалықтар