елордада өтетін болды
Астанада тағы бір ірі көрме өтетін болды. Нақты айтсақ, Астана күні мен Ұлттық музейдің бір жылдығына орай бас қаламызда тұңғыш халықаралық шай көрмесі ұйымдастырылады. Chitra by Newby деген атаумен өтетін шарада шай дайындаудың сан түрлі әдіс-тәсілі көрсетілмек. Сондай-ақ, шай мәдениеті мен тарихы декоративті құрал-жабдықтар арқылы баяндалады.
Бұл игі бастама туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Мұндай көрме әлем бойынша тұңғыш рет Қазақстанда өтейін деп отыр. Осының өзі шараның басты ерекшеліктерінің бірі. Ұлттық музейде өтетін көрме тек сала мамандарының емес, жалпы қоғамның қызығушылығын тудырып отыр», – деді.
Сонымен қатар, министр Chitra by Newby халықаралық көрмесінің өте қымбат жоба екенін айтты. Алайда, шара Newby фирмасының есебінен қамтамасыз етіледі. Ведомство басшысы әлем назарын аударатын осындай жобаның тұсауын Қазақстанда кесуге ниет білдірген ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Chitra by Newby – шай тарихымен тығыз байланысты жалғыз антиквариаттар жиынтығы болып саналады. Оның негізін ұлыбританиялық кәсіпкер, Атымтай жомарт Нирмал Кумар Сетхия қалаған. Ал жиынтықтың атауы әйелі Читра Сетхияның құрметіне аталған. Нирмал Кумар өмірінің 4 жылын шайға қатысты құнды жәдігерлерді жинауға арнаған. Осы уақыт аралығында ол аса құнды 1 500-ден астам тарихи мұраға қол жеткізді.
Көрме 6 шілдеде ашылып, үш ай бойы келушілерге қызмет көрсетеді. Оған жоғарыда аталған жәдігерлердің 100-ден астам данасы қойылады деп күтілуде. Ұйымдастырушылар Қазақстанның әлемдегі шайды ең көп тұтынатын елдердің бірі екенін ескеріп, көрмеге келушілердің қатары қалың болатынына сенімді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».