Қазақтың арғы-бергі тарихында есесі кеткен жұртына елдікті әкелген, теңдікті әперген тұлғалар баршылық. Сонау көне ғұн заманындағы Мөденің, одан беріректегі Білге қағанның, жақындай түссек, биыл 550 жылдығы тойланып жатқан Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектің, халқын тар жол, тайғақ кешуден аман алып шыққан Абылай ханның, тағы басқалардың біз үшін орны бөлек.
Бірақ, соңғы жүзжылдықта қазақтың жұлдызын ерекше жарқыратқан бір тұлға бар. Ол – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы қазақ деген халықты әлемге танытып, өзгемен тереземізді тең етті. Біздің сөзімізге Елбасының тұлғалық қасиеттері, жүргізіп отырған саясаты, халқының оған деген сенімі мен сүйіcпеншілігі дәлел.
Маусым айының соңғы апталары қазақстандықтар үшін толайым табыстарға толы болды. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кіру жолындағы ұзаққа созылған келіссөздерді табысты аяқтадық. Сөйтіп, әлемдік сауда-саттықта өзгелермен тең дәрежеде болудың мүмкіндігін алдық. Қазақстанның бұл жетістігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесі екендігі сөзсіз. Мемлекет басшысы ДСҰ-ға мүше болып кірудің қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш, үлкен жеңіс екендігін атап өткен болатын. Сонымен бірге, ұйым мүшелігіне бес институттық реформаны іске асыруға кіріскен сәтте қадам басудың айрықша символикалық мәні бар екендігін айтқан-ды. Расында да Елбасының өзі жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» белгіленіп, жүзеге асырыла бастаған тұста ДСҰ-ның бізге есігін айқара ашуы сөзсіз үлкен жеңіс. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстандағы реформаларды жіті қадағалап, жетістіктерімізді мойындауының көрінісі екені даусыз. Сонымен бірге, әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанды бұлай мойындап, дамыған елдердің бізді тең дәрежедегі серіктес ретінде тани бастауы елімізде жүргізіліп жатқан реформаларға олардың да аса қызығушылық танытатындығын аңғартса керек.
Жалпы, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарын көрші-қолаң, алыс-жақын шет мемлекеттері мойындап қана қоймай, бізді үлгі тұтқан кездері де аз емес. Бір ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының үлгісімен көптеген ТМД елдері арнайы институт құрды. Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайлары дінбасылардың өзара диалогын нығайтып, әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолында бірлесіп қимылдау қажеттігін түсіндіріп отыр. Сол сияқты, бес институттық реформа мен оны жүзеге асырудың «100 нақты қадамы» да көпке үлгі болары сөзсіз. Әсіресе, бес институттық реформаның «болашағы біртұтас ұлт» қалыптастыруды көздейтін төртінші басымдығы баршаны қызықтыратыны сөзсіз. Өйткені, Қазақстан тәуелсіздік алған кезде елімізде ұлтаралық жанжалдар туындайтындығын болжаған, ел ішіне іріткі салып, арандатуды көздеген топтар айналамызда аз болған жоқ. Бірақ, Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде отандастарымыз мұндай ағаттық жасаған жоқ. Біртұтас халық ретінде береке-бірлігін таныта білді. Бүгінде қазақстандықтар «Мәңгілік Ел» идеясының төңірегіне тығыз топтасуда. «Мәңгілік Ел» идеясы көне дәуірлерден бері қазақ халқының тарихи жадында сақталған, асыл аңсары, арманы болғандығы анық.
Бірақ, бұл идея халықтың санасында көмескіленіп келе жатқан болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сол идеяны қайта жаңғыртып, ұлттық идеология деңгейіне көтерді. Демек, «Мәңгілік Ел» идеясы жарқын болашақ үшін аянып қалмас, адал еңбекті өмірлік мұрат тұтқан, зияткер әрі белсенді, біртұтас ұлт қалыптастыруға зор ықпал етері анық. Міне, сол себепті бес институттық реформаның төртінші басымдығы біз үшін айрықша маңызды. Ал реформаны жүзеге асыру үшін Елбасы белгілеген «100 нақты қадамда» көрсетілген «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасын, «Менің елім», «Нұрлы болашақ» ұлттық жобаларын әзірлеу, Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын алға жылжыту сынды бастамалар іс жүзінде азаматтық қоғамды дамытып, қазақстандықтардың біртектілігін нығайтары анық. Сонымен қатар, бұл бастамалар еліміздегі түрлі ұлыс өкілдерінің қазақ халқының маңына топтаса түсуіне әсер ететіні де сөзсіз. Сөздің ашығын айтар болсақ, тарихта қилы-қилы тағдырмен қазақ жерінен пана тапқан көптеген ұлт пен ұлыстар біздің халықтың дархан пейілін, ақжарқын мінезін, қонақжайлылығы мен қайырымдылығын сезініп, түйсіне білгені жасырын емес. Көптеген этнос өкілдерінің Қазақстанды жан-тәндерімен сүюі, қазақ халқына алғыс білдіруі – соның нақты дәлелі. Алайда, қазақстандықтар әзірге азаматтық ұлт қалыптастыра қойған жоқ. Дегенмен, азаматтық ұлт қалыптастырудың алғышарттары әлдеқашан жасалып, барша отандастарымыздың қазақ халқының маңына топтасуына негіз қаланып та қойды. Ал Елбасының Жолдауында да, бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамда» да көрсетілген «Мәңгілік Ел» идеясы біздің бұл береке-бірлігімізді одан әрмен арттырары даусыз.
Негізі, Президент ұсынған бес институттық реформа бүгінде өте өзекті болып отыр. Егер аталған 5 реформаны табысты жүзеге асыра білсек, біздің әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарынан көрінуімізге ештеңе де кедергі болмақ емес. Дегенмен, Елбасы жариялаған бес институттық реформаның ең өзектісі төртінші басымдық болып отыр. Өйткені, кәсіби мемлекетті құратын да, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін де, индустрияландыруды жүйелі жалғастырып, экономикалық өсімге қол жеткізетін де, біртектілік пен бірлікті сақтайтын да, есеп беретін мемлекетті қалыптастыратын да адамдар. Яғни, халық. Кәсіби деңгейі жоғары, білікті, отанын жан-тәнімен сүйетін мемлекеттік қызметкерлер де, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін тәжірибелі де адал соттар, заң органдары қызметкерлері де, бизнесті дөңгелетіп, жаңа да, сапалы өнімдер өндіретін, өндіріске ғылыми жаңалықты енгізетін кәсіпкерлер мен топ-менеджерлер де халықтың арасынан шығады. Демек, қалың бұқараның бір идея төңірегіне топтасуы, мемлекетке сенуі, түрлі этнос өкілдерінің арасындағы сыйластықтың артуы ең басты құндылықтарымыздың бірінен саналатыны сөзсіз. Біртектілік пен бірлік Қазақстандағы тыныштық пен бейбітшіліктің кепілі болатыны да дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Ал, бейбітшілік салтанат құрған мемлекетте ғана экономиканы дамытып, игі бастамаларды жүзеге асыруға болады. Елбасы мұны өте жақсы түсінеді. Әу бастан елдің ішкі-сыртқы саясатын осынау бағытта қалыптастырып отырғаны содан.
Халықты бір идеяның төңірегіне топтастыра білу – Елбасы саясаты жемістерінің бірі. Нәтижесін қазір халық көріп отыр. Бұқараның Президентке разы болатыны да, оның саясатын бірауыздан қолдап, Елбасына сенетіні де содан. Елбасы жариялаған бес институттық реформаны жүзеге асыру жолында барша халық аянып қалмақ емес. Өйткені, бұл реформалар елімізді құзар шыңдарға бастайтынына көзіміз жетіп отыр.
Мұратбай ЖОЛДАСБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты.