• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Болашағымыздың кілті

247 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінге дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың даналықпен байсалды жүргізген ішкі-сыртқы саясаты мемлекетіміздің күш-қуатын әлемдік биік деңгейге көтеріп, экономикамыздың одан әрі қарыштап дамуына берік негіз қалыптастырды. Мемлекет дегеніміз – механизм, оның әрбір тетіктері заманның жалпы ағымы мен ахуалына, халық мүддесіне сай жаңғыртып, осал тұс­тарын сауықтырып, нақтылап, үздік­сіз жетілдіріп отыруды қажет етеді. Елбасы ұсынған 5 халықтық реформа қазіргі экономикалық жағ­дайда еліміздің одан әрі өркендеп дамуына, заманның жаңа талаптарына жауап, елдің әлеуметтік деңгейінің көтерілуіне мүмкіндік беретін аса маңызды мемлекеттік құжат болып табылады. Өнеркәсіп пен өндіріс технологиялары күн сайын жаңарып, жаңғырған бүгінгі дәуірімізде ел экономикасын жаһандық даму үрдісіне мүлтіксіз бағыттап, өндірісті индустрияландыру және әртараптандыру арқылы өңдеуші секторды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыру алда тұрған кезек күттірмейтін ең көкейтесті шара болып табылады. Бұл мәселені түбегейлі шешіп, өңдеуші және өндіруші кәсіпорындарды қарқынды жүзеге асыру керек екенін Елбасы қадап айтты. Бес институттық реформа мақсаттарының бірі – индустриа­ландыру және экономикалық өсім. «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвес­торларды тарту. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» делінген 61-қадамда. Бұл ауыл еңбеккерлерін тың табыстарға ынталандырып, малдарының өнімдерін кәдеге жаратудағы кедергілер мен қиындықтардан шығуына жол ашатыны сөзсіз. Сонымен қатар, 35, 36-қа­дам­дарда айтылған ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу, барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру туралы шешім де ауылда жер мәселесін реттеудегі әділеттілікті жөнге келтіретін маңызды шара. Қазір ауылдық жерлерде миллиондаған гектар жер игерілмей жатыр. Ұлан-­байтақ жерді иемденіп алып не өзі пайдаға жаратпай, не өзгеге бермей отырғандар қаншама. 50-қадамда тұжырымдалған электр энергетикасы саласын қайтадан құру «Бірыңғай сатып алушы» моделін енгізіп, өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге, тұтынушылар құқығына әділетті қарауға мүмкіндік береді. Осы қадам арқылы электр энергиясының бағасының негізсіз үсті-үстіне қымбаттауынан мезі болған тұрғындардың еңсесі көтеріліп қалатыны анық. Алдағы уақытта жүзеге асы­ры­латын бес халықтық реформа – ел ырысын еселеп артты­руға, экономикамыздың даму қарқынын жеделдетіп, халықтың әл-ауқатының деңгейін көтеруге, өндірістің экспорттық қабілетін, басқару жүйесінің әділеттілігі мен заңның үстемдігін қалыптастыруға, білім мен ғылымның дамуына, еліміздің біртектілігінің, патриоттық рухының кемелденуіне бастайтын айқын мақсаткерлікпен, кемеңгер көрегендікпен жасалған бағдарлама, халқымыздың жарқын болашағының кілті. Ғазым ЖАРЫЛҒАПҰЛЫ, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты,  Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы.