• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2015

Көршілестік көкжиегін кеңейткен көрме

418 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы «Қоныс» спорт сарайында «Еуропа-Азия. Ше­карасыз ынтымақтастық» XIV Қазақстан-Ресей халықаралық көрмесі өткі­зілді. Өнеркәсіптік ынтымақтастық көр­месін ұйымдастырушылар Ақтөбе облы­сының әкімдігі, Орынбор облы­сы­ның үкіметі, Орынбор қаласының әкім­шілігі, Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы, «Орынбор облысының сау­да-өнеркәсіп палатасы» одағы, «Ақ­төбе облысының кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» ҚБ, «Урал­Экспо» ЖҚБ болып табылады. Көр­мені ұйымдастырудағы мақсат – Ре­сей Федерациясы мен Қазақстан Рес­пуб­ликасы өңірлері арасындағы эконо­микалық, ғылыми-техникалық, қоғам­дық ынтымақтастықты дамыту, көр­шілес өңірлер арасындағы қатынас­тарды нығайту, бірлескен бизнес жоба­ларды, сауда-экономикалық және инвес­тициялық қатынастарды дамыту, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңіс­тік шарттарындағы шекарасыз ын­ты­мақтастықтың шешілмеген мәселе­лерін бақылау. Көрмеге Ресейдің, Қазақстанның, Поль­шаның 180-нен астам кәсіпорындары мен бизнес өкілдері қатысты. Көрмеге Қазақстан жағынан тек қана Ақтөбе облысының емес, басқа облыстардың да компаниялары өз өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Мысалы, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының, Астана мен Алматы қалаларының кәсіпорындары келді. Ресей жағының да бұл көрмеге қатысу географиясы жылдан-жылға кеңейіп келеді. Орынбор облысымен қатар, Мәскеудің, Челябі және Самара қалаларының компаниялары өз өнімдерін таныстырды. Қазақстан мен Ресей өңірлері арасындағы экономикалық, ғылыми-техникалық, қоғамдық ынтымақтастықты дамытуға арналған көрме үш күн бойы жұмыс істеді. Әріптестік шарасы аясында екі елдің бизнес қауымдастықтарының өкілдері Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберіндегі шекарасыз ынтымақтастықтың шешілмеген мәселелерін де талқылады. Көрменің ресми ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев оның көршілес өңірлердің экономикалық дамуына серпін беретініне тоқталды. Сондай-ақ, өзара байланыстың ілгерілеуге із ашатынын да айтып өтті. Ғали Есқалиевтің айтуынша, Ақтөбе облысының өзінде Ресей бизнесінің қатысуымен құрылған 300-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Ал Орынбор облысының 1-ші вице-губернаторы, үкімет төрағасының 1-ші орынбасары Сергей Балыкин екі мемлекет арасындағы бұл көрменің 14-ші мәрте өткізіліп отырғанын атап өтті. Ол Орынбор облысы мен Ақтөбе облысы арасындағы сауда айналымының үнемі артып келе жатқанын, 2014 жылдың көрсеткіші 1,5 миллиард АҚШ доллары шамасында болғанын жеткізді. 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, Орынбор облысында қазақстандық капиталдың қатысуымен құрылған 99 кәсіпорын жұмыс істейді екен. Көрмеге екі мемлекеттің машина жасау, мұнай-газ өнеркәсібі, энергия және ресурстарды үнемдеу, құрылыс индус­триясы, арнайы техника, автокөліктер, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау, білім, туризм, т.б. салалар бойынша қызмет көрсету бағыттарында жұмыс жасайтын кәсіпорындары қатысты. – Бүгінгі күні екі облыс ара­сын­дағы кедендік кедергілер алы­нып тастал­ған­дықтан экспорт және им­порт опера­ция­лары туралы статистика жүр­гізілмейді. Алайда, ресми емес мәлімет­терге сүйене отырып, бұл көрме екі жақ­тың сауда-эко­номикалық қарым-қаты­насына жақ­сы әсерін тигізіп отыр деп айта аламын, – дейді «Орынбор облы­сы­ның сау­да-өнеркәсіп палатасы» одағы­ның пре­зи­денті Олег Авдеев. Халықаралық көрменің алғашқы күні Ақтөбе облысының кәсіпкерлер пала­тасы мен «Орынбор облысының сауда-өнеркәсіп палатасы» одағы арасында әріптестік туралы келісім жасалды. Ақтөбе қаласы индустриялық айма­ғының таныстырылымы болды. Ақтөбе қаласындағы индустриялық аймақтың, «Спецтехника» ЖШС компаниясының таныстыру рәсімі мен Қазақстан мен Ресейдің сауда желілері мен жаб­дық­тау­шылар өкілдерінің іскерлік кездесуі өткізілді. Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстан туристік операторларының қарым-қаты­настарына қатысты,Орынбор клини­каларының мүмкіндіктері мен екі елдің малдәрігерлік қызметі мәселелері бойынша өткізілген дөңгелек үстелдерде көп­теген көкейкесті ойлар ортаға салы­нып, ұтырлы ұсыныстар айтылды. Шека­расыз ынтымақтастық өнеркәсіптік көр­месі аясында көптеген кәсіпорындар ара­­сында өзара байланысты нығайтуға ба­ғыт­талған келісімшарттарға қол қойыл­ды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.