• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2015

Тауар айналымына оң ықпал

253 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырыс­ында еліміз бен Италия, Румыния және  Болгария арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шарттарды ратификациялау мәселесі қаралды. Сондай-ақ, депутаттар мақта саласын дамыту, зейнетақымен қамсыздандыру және өзге де мәселелерді жан-жақты талқылаудан өткізді. Алдымен күн тәртібінде «2014 жылғы 23 желтоқсанда қол қойылған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық эко­номикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қо­сылуы туралы шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімін бекітіп алған депутаттар ЕАЭО туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартты, осыған орай, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін басқа да халықаралық шарттар мен хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдад Шарт 2014 жылғы 23 желтоқ­санда Мәскеуде жасалған. Қырғыз Республикасы осы шарт күшіне енген күннен бастап Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауарлық номенклатурасын пайдаланады. Аталған шартқа Қырғызстанның қосылуы ратификациядан өткеннен кейін мүше мемлекеттердің барлығы кедендік бақылауды жоятын болады. Бұл ретте, Қырғызстанның өткізу пункттері Одақтың талаптарына сәйкестендіріліп, оған Ресей тарапы кең ауқымдағы техникалық көмек көрсеткені белгілі. Қырғыз Республикасының аумағы ар­қылы Қытай тауарларының кері экспортының алдын алу мақсатында қосылған құнының пайыздық үлесі 40, 50 пайыздан аз болмайтын, сондай-ақ, ТМД шеңберінде 2009 жылғы 20 қарашадағы тиісті келісімде белгіленген тауарлардың шыққан елін айқындау критерийлері қолданылатын жеткілікті қайта өндеу критерийлері бойынша талаптарды қатаңдату туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, отандық автоөнеркәсіпті арзан қырғыз импортынан қорғау мақсатында Қазақстан нарығына Қырғыз Республикасының аумағына 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін әкелінген автомобильдер ғана еркін кіретіні айқындалған. Олар «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттің талаптарына сәйкес келуі тиіс. Министр 2015-2017 жылдары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 2 еседен артық ұлғаятынын тілге тиек ете келе, еліміз көршісіне негізінен бидай, тас көмір, темірден және легирленбеген болаттан жасалған тегіс илек, ұн мен әктасты флюс экспорттайтынын алға тартты. Бұдан кейін палата Ита­лиямен, Румыниямен және Бол­гариямен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттарды ратификациялау туралы заң жобаларын қарап, мақұлдауды ұйғарды. Онда негізінен сұрау салынатын тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін құқықтық көмек түрлері қамтылған. Сол сияқты Мәжіліс Қазақстан мен Италия арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау мәселесін де қарап, қолдады. Мұнда адамды ұстап беру туралы сұрау салу жолданған кезде екі тараптың да заңнамаларына сәйкес жазаланатын және оларды жасағаны үшін кемінде бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе одан да ауыр жаза көзделетін қылмыстар танылады. Сонымен қатар, кешегі жалпы отырыста депутаттар зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Заң жобасымен  қолданыстағы заңнамадағы олқылықтардың орнын толтыруды көздейтін заңнамалық актілерге: Салық кодексіне, «Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Осы құжат бойынша жұмыс тобының 9 отырысы өткізіліп, онда 200-ден астам түзету қаралыпты. Жалпы, зейнетақы жүйесін жаңарту мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны өзгерту көзделген. Ал жұмыс берушілер есебінен 5 пайыздық зейнетақы салымдарын енгізу 2018 жылдың 1 қаңтарынан қолға алынатыны белгілі болып отыр. Және де депутаттар күн тәртібіне шығарылған мақта саласын дамыту мәселелері бойынша түзетулерді қарап, Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».