АСТАНА. 14 қазан. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде ведомство басшысы Иманғали Тасмагамбетов пен ҚХР Қорғаныс министрі генерал-полковник Чан Ваньцюаньнің кездесуі өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне ақысыз негізде техникалық көмек көрсету туралы ҚР және Қытай арасындағы келісімге қол қойылды.
Сонымен қатар, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов қытай өкілдерін Астана қаласында 2016 жылдың маусымында өтетін «КАДЕКС-2016» әскери техника мен қару-жарақтың халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды.
«Қытай қорғаныс өнеркәсібі кешенінің экспозициясы жоғары деңгейде ұсынылады деп үміттенемін. Бұл біздің әскери-техникалық ынтымақтастығымызға қосымша серпін береді», деді қорғаныс ведомствосының басшысы.
Өзара іс-қимыл жасаудың маңызды аспектісі бірлесіп дайындалу және ассиметриялық қауіп-қатерлерге (арнайы мақсаттағы бөлімшелерді дайындау) қарсы іс-қимыл жөніндегі әлеуетті арттыру аясында тәжірибе алмасу болып табылады. Қазақстан таулы даярлық, жауынгерлік жүзушілерді дайындау, қарулы күштер арнайы бөлімшелерінің қалалық жағдайлардағы әрекет етуі бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға мүдделі. Жақын арада Қытай мен Қазақстанның аумағында бірлескен роталық-тактикалық лаңкестікке қарсы оқу-жаттығуының өтуі жоспарлануда.
Одан басқа, екі елдің өзара іс-қимылында әскери білім беру саласы маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда қазақстандық әскери қызметшілер Қытайдың ұлт-азаттық армиясының әскери жоғары оқу орындарында білім алуда. ҚР-ның әскери қызметшілері Қытай армиясының түрлік (ӘӘК, ӘТК және ҚӘ) академияларында, сондай-ақ әртүрлі мамандықтар бойынша даярлау курстарында білім нәрімен сусындауда.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі.