АСТАНА. Аяқталуға таяу қалған Қытайдағы Азия-Тынық мұхит ойындарында Қазақстан жүзушілері қола жүлдені иеленіп, командалық үшінші орынға шықты. Бұл туралы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» баспасөз қызметкері Төлеген Жәкітайұлы хабарлады.
Қытайдың Таюань қаласында есту қабілеті төмен спортшылар арасындағы төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын Азия-Тынық мұхит ойындарының мәреге жетуіне де аз уақыт қалды. Қазақстандық сурдоспортшылардың осы дүбірлі додадан олжалаған жүлдесі аз емес. Алғашқы жүлделерді алған таэквандошылар мен жеңіл атлетшілер болатын. Бұған дейін олар 1 алтын, 6 күміс, 3 қола медальды иеленіп, командалық сегізінші орынға табан тіреген еді.
«Жақында тағы бір жақсы жаңалық келіп жетті. Жүзуден ерлер арасындағы эстафеталық жарыста біздің жігіттердің жолы болыпты. Құрамында Нұрлан Жасанов, Ернар Мырзағалиев, Марат Ермекпаев, Виктор Фрундин есімді спортшылар бар жүзушілер 4х100 метрлік (уакыты: 4:14,77 сек.) қашықтық бәсекесінде қола жүлде алып, командалық үшінші орынды иеленіпті. Бұл спорт түрі бойынша бірінші орын Жапон, екінші орын Қытай командаларына бұйырған», дейді Төлеген Жәкітайұлы.
Сонымен, Қазақстан спортшыларының Азия-Тынық мұхит ойындарынан әзірге иеленгені 1 алтын, 6 күміс, 4 қола медаль.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы.
Суретте солдан оңға қарай: Азия-Тынық мұхит ойындарының қола жүлдегері атанған жүзушілер Нұрлан Жасанов, Ернар Мырзағалиев, «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» атқарушы директоры Жұмажан Имаяқов, Виктор Фрундин, Марат Ермекбаев.