ПЕТРОПАВЛ. 2 шілде. 19-шы халықтық спорт ойындары аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың спартакиадасы өтіп, 13 ауданның өкілдері спорттың 10 түрінен күш сынасты.Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Осыдан 2 жыл бұрын «Үміт» клубы бой көтергелі өңірдегі мүгедек адамдар арасында спорттың кең қанат жая бастағанын аңғаруға болады. Былтыр Сочи қаласында өткен қысқы паралимпиадалық ойындарға Қазақстаннан 5 спортшы қатысса, екеуі теріскейден болды. Лондондағы жазғы додада халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Харламов жақсы өнер көрсетті. Жүзуден Владимир Эрман, қоларба жарысында Сергей Усольцев, жеңіл атлетикадан Елена Мазурренко мен Қайрат Қанафин әлемдік бәсекелерде ел намысын қорғап жүр.
Екі күнге созылған спартакиадада 216 ұпай жинаған Аққайың ауданының командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға 194 ұпай еншілеген Тайынша ауданы көтерілді. Үшінші орынды Ғ. Мүсірепов ауданының командасы еншіледі.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.