АСТАНА. 2 шілде. Қызылорда өңірінде ауа температурасы (көлеңке жерде) +42 градустан жоғары болып тұр. Сондай-ақ, «Қазгидромет» мамандары 29 маусым мен 2 шілде аралығында циклон өтетінін айтуда. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
«Қазгидромет» РМК қызметінің дерегіне сүйенсек, Қызылорда аймағында күннің тікелей жерге түсуі 68-75 градус нөлден жоғары. Ал көлеңке жердегі ауа температурасы +42 градустан жоғары. Сондай-ақ, мамандар биылғы жаздың ерекше ыстық болатынын алға тартып отыр. Осыған орай синоптиктер тұрғындарды аптап ыстықта далаға шықпай, реті келсе салқын жерде демалғанды дұрыс санап, ескерту жасауда.
Дегенмен, таяу күндері еліміздің бірқатар аймақтарында дауыл тұрып, бұршақ ұрады. Синоптиктер 4 шілдеге дейінгі ауа райы болжамын жариялады.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, жоғары барийлі жырамен байланысты суық атмосфералық фронттар Қазақстанның батысынан шығыс бағытына ауысады. Осы фронттарға байланысты найзағайлы өткінші жаңбыр, бұршақ және дауылды жел болады.
«Жақын арадағы үш тәулікте фронттың шығысқа жылжу шамасына қарай, барлық метеорологиялық құбылыстар республиканың батыс, солтүстік, орталық және шығыс облыстарында болады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, осы фронтпен Қазақстан аумағының көп бөлігінде ауа температурасы төмендейді», – деді мамандар.
Еске сала кетейік, бұған дейін синоптиктер Қазақстанда шілде айының ауа райы қандай болатынын жариялаған еді. Олардың айтуларынша, республикада шілденің бірінші онкүндігінде ауа райы салқын, желді әрі жаңбырлы болады деп күтіліп отыр. Ал ең салқын күндер алдағы демалысқа сәйкес келеді.
Талғат Райымбек.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: today.kz.