Қандай да бір жұмыстың оң нәтижесін көру бір ғанибет емес пе?! Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жетісудың төл дақылы қант қызылшасының Көксу қант зауытының қабылдау пунктінде тау-тау болып үйіліп жатқанын көріп бір қуанды. Дәл осы күні іске қосылған зауыт осынау өнімді өңдеп береке бұлағын ағызатын күн келгенін де топшыласа керек өңір басшысы. Өңірдегі шаруалар салмағы 4 килодан асатын қант қызылшасының «Ақсу-гибрид» атты жаңа сортынан алынатын өнім де сапалы болатындығын айқын көріп жүр. Кәсіпорын алаңында жүріп жатқан қауырт тірлікпен танысқан облыс басшысы бірден зауыт ішіне енді. Кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Дақылдар арнайы құрылғылар арқылы жуылып, шайылып, туралып, кәдімгі тәтті қантқа айналуда. Аппақ құмшекерді алақанына салып, дәмін татқан Амандық Ғаббасұлының жүзінен ерекше қуаныш лебі сезіліп, көптен күткен жақсы жетістікке өз ризашылығын білдірді. Бұл Елбасы тапсырмасымен тәтті түбір тұқымын сеуіп сапалы да салмақты өнім алып сол қант қызылшасынан құмшекер алып қос қуанышқа жету шаттығы!
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қант қызылшасын қайта түлетуді тапсырған болатын. Сол тапсырманы дер кезінде орындау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып, өңірде қызылша өсіруге бейімделген 5 аудан алқаптарында 4020 гектар жерге тәтті түбір тұқымы себілген еді. Сол кезде қант қызылшасының жайын күз көрсететінін айтқанбыз. Көптен күткен күзіміз де келді. Биылғы жылы қант қызылшасы себілген алқаптардың әр гектарынан 700-750 центнерден өнім алудамыз. Салмағы 5-7 килоға дейін жетуде. Бұл бұрын болмаған жетістік. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруаларымызға жанар-жағармайға, өткізілген өнімге, тыңайтқыштар мен тұқымға субсидия бөлініп, ауылшаруашылық техникаларын алуға да жәрдемдесті. Ауа райының өзі де осы игі істі қолдағандай жағымды да жайлы күн райын сыйлады. Зауытымыз да ағымдық жөндеу жұмыстарынан өтіп, шаруалардың өнімін қабылдауға толықтай дайын қалыпқа келтірілді.
Өзің өндірген өнім әрдайым жаныңа жақын әрі дәмді болады. Елбасының айтып жүрген «Қазақстанда жасалған» деген логотипі бар өнімдер шығару дегені де осы.
Шындығымды айтсам, Көксу қант зауытында өндірілген қанттың дәмін де сағынып қалыппын. Қант қызылшасының қайтарымы жоғары. Алдағы жылдары өнім дәл биылғыдай бітік шығып жатса қант қызылшасы алқаптарының көлемін көбейтеміз. Республикалық қант орталығының президенті, Көксу қант зауытының құрылтайшысы Нұрлан Тілеубаев осы жылы барлығы ойдағыдай болған жағдайда алдағы жылдары 300 млн. теңге инвестиция құюға сөзін берді. Осылайша, заманауи технологиямен сапалы тұқымды себу, жұмысты жүйелі жүргізу, ең бастысы, мемлекеттік қолдау болғанда 2020 жылға дейін облысымызда қант қызылшасының көлемін 500 мың тоннаға жеткізу жоспарымызда бар. Алматы облысының қант зауытында өндірілген өнімнің сапасы жоғары, экологиялық таза әрі қуатты. Дайын өніммен бірінші кезекте облысымыздың 2 млн. халқын, сондай-ақ, Алматы қаласының жұртшылығын, артылған жағдайда еліміздің өзге өңірлерін қамтамасыз етеміз. Облыста өндірілген қант өнімі мемлекеттік стандартқа сәйкестендірілген. Сол себепті алдағы уақытта Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Беларусь мемлекеттеріне де облыста өндірілген қант өнімін экспорттауға мүмкіндігіміз болатындығына сеніміміз мол», деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Негізі бұл кәсіпорында қант алғаш 1934 жылы шығарылған екен. Ашылған кезде оның қуаттылығы тәулігіне 180 тоннаны құрапты. 1940-1941 жылдары қант зауыты болып қайта құрылып, өнімділігі 900 тоннаға, 1965 жылы 1800 тоннаға дейін жеткізілген. Ал 1993 жылы Киров атындағы Талдықорған қант зауыты «Көксу шекер» АҚ «Орталық Азия қант корпорациясы» ЖШС-нің филиалы ретінде қайта құрылып, кәсіпорынның барлық активтері корпорацияның меншігіне берілген. Ал былтырдан бастап «Көксу қант зауыты» ЖШС болып аталуда. 2013-2014 жылдары шикізат көлемі зауыттың толық қажеттілігін толық өтей алмағандықтан өнім Жамбыл облысының Мерке қант зауытына өңдеуге жіберілген-тін.
Бүгінде кәсіпорын алаңындағы тау-тау болып үйілген қызылша алыстан көз тартады. Кәсіпорынға кіре бере тіркемелеріне қызылша тиеген автокөліктер бірінен соң бірі кезек күтіп, өнім өткізуге асығуда.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Көксу ауданы.