АСТАНА. 2 шілде. Елбасы «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының еңбек ұжымына және Қазақстан Магниткасының ардагерлеріне алғашқы шойын қорытпасы алынуының 55 жылдығына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Құттықтауда Қарметкомбинат пен бүкіл отандық металлургияның даңқты тарихында бұл оқиғаның маңызды белес болып саналатыны және ол әлі күнге өнеркәсіптің берік арқауы болып отырғаны атап өтілген.
«Бірінші домна пешінде Қазақстанның алғашқы шойынын құюға қатысқандықтан, сол кезде қанша қажыр-қайрат жұмсалғанын жақсы білемін. Сіздердің еңбектегі ерліктеріңіз Қазақстанның жасампаз жылнамасына енді. Бүгінде комбинаттың өндірісті жаңғыртып және республика экономикасына қосатын үлесін ұлғайта отырып, қарқынды даму дәстүрін жалғастырып келе жатқаны қуантады», – делінген жеделхатта.
Соңында Мемлекет басшысы кәсіпорын ұжымының еңбегіне табыс, ал ардагерлерге мықты денсаулық пен бақ-береке тіледі.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: akorda.kz.