Алматы қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті жанындағы Қоғамдық кеңестің мәжілісі өтті. Бұл басқосуда үстіміздегі жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдармен мемлекеттік қызмет арқылы көрсетілген ішкі бақылау қызметінің нәтижесі қаралды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары мен басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жөніндегі жасалған шаралар туралы баяндамалары тыңдалды.
Қазіргі таңда Алматы қаласында 80-ге жуық мемлекеттік органдар халыққа 148 қызмет түрін көрсетеді. Бұл қызметтер мемлекеттік қызмет тізілімінде бар. Үстіміздегі жылдың сегіз айында әкімдік тарапынан көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 7 155 020 құраса, оның ішінде 6 430 096 қызмет мемлекеттік органдар арқылы қағаз жүзінде, 155 558 қызмет халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы, 31 975 қызмет электронды түрде көрсетілген.
Жергілікті атқарушы органдарда сұранысқа ие денсаулық сақтау саласы, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру мен жылжымайтын мүлік нысандарындағы қызметтер болып табылады. Аумақтық бөлімшелердің арасында Мемлекеттік кіріс, Ішкі істер және Әділет департаменттерінің қызметтері көрсетіледі.
Мемлекеттік қызмет стандарттарымен регламенттерін бекіту мониторингіне сәйкес есептік кезеңде салалық министрліктерден 156 мемлекеттік қызмет түрлері бекітіліп, 146 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осы стандарттардың негізінде Алматы қаласының әкімдігі 50 мемлекеттік қызмет регламентін бекітті.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бақылау бойынша қызметтерді қамтамасыз ету, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстарымен тікелей байланысты. Заңдылықты күшейту мақсатында жер қатынастары және «Алматы қаласында жер қатынастары саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің регламенттерін бекіту туралы» Алматы қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 22 мамырдағы №2/385 қаулысы әзірленіп, қабылданды. Алматы қаласы және оның шетінде тұратын тұрғындардан өткен жылы 286 сұрақ түссе, биылғы жылдың өткен алты айында 220 сұрақ келіп түскен, бұл сұрақтардың жартысынан астамы қалаға қосылған аумақтар жөнінде.
Өткен сегіз айда Сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан 55 572 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтерумен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, 24 келісімге қол қойылды. Бүгінгі күні аталған мәселе бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.