• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2015

Маршрут тиімділігін жоғарылату жолында

385 рет
көрсетілді

Бакуде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың президенті Асқар Маминнің төрағалығымен Халықаралық транс­каспий көлік маршрутын (ХТКМ) дамыту жөніндегі үйлестіру комитетінің кезекті мәжілісі болып өтті. Мәжіліске Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол әкімшілігінің басшылары, Ақтау халықаралық теңіз сауда портының, Баку халықаралық теңіз сауда портының, Каспий теңіз пароходтығының басшылығы қатысты. Мәжіліс барысында тараптар күн тәртібіне шығарылған бірқатар көкейкесті мәселелерді талқылады және келісті. Олардың ішінде Қытай – Қазақстан – Әзербайжан – Грузия – Түркия елдерінің қатысуымен «Nomad Express» контейнерлік пойызын өткізу бойынша көлік компанияларының арасындағы өзара іс-әрекетті бекіту, теміржол және теңіз көлігі халықаралық қатынасын жолға қою жайлары талқыланды. Сондай-ақ, «Nomad Express» ХТКМ маршруты бойынша контейнерлік пойызды ұйымдастыру үшін кешенді мөлшерлеме қабылдау туралы мәселе қаралды. Сонымен қатар, ХТКМ маршруты бойынша тасымалдауға қатысушылар арасында консорциум құру мен Қытай және Еуропа елдеріне Роуд-шоу ұйымдастыру туралы мәселелер сөз болды. Үйлестіру комитеті жұмысының қоры­тын­дылары бойынша тараптар жоғарыда аталған Өзара іс-қимыл технологиялары туралы құжатқа қол қойды. Мәжілісте басқа да бірқатар келісімдерге қол жеткізілді. Мәселен, «Nomad Express» кон­тей­нерлік пойызын ұйымдастыру үшін арнайы тарифтік шарттар қабылдау, ХТКМ маршруты бойынша оған әлемдік көлік нарығындағы қатысушылар арасында консорциум құру көз­деледі. Ал консорциумнің мақсаты клиентке бағ­дарланған жоғары деңгейлі логистикалық өнімдер жасау, маршрутқа клиенттер іздеу мен тарту және Еуропа елдерінен Қытайға Роуд-шоу жүк ағындарын ұйымдастыру жолында өңірлермен әріптестік байланыстарды жолға қою болып табылады. «Егемен-ақпарат».