• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Қазан, 2015

Жол жайында не жаңалық?

369 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында автокөлік жолдарын салу мен қайта жаңғырту тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Онда сөз алған Инвестициялар және даму министрлігі Автокөлік жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков 2020 жылға дейін 30 мың шақырымнан астам автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарымен қамту көзделініп отырғандығын, сөйтіп осы уақыт аралығында жолдардың 81 пайызының жағдайы жақсартылатындығын мәлімдеді. Оның баяндауы бойынша, «Самара – Шымкент», «Астрахан – Атырау – Ақтау – Түрікменстан шекарасы», «Алматы – Қарағанды – Астана – Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы», «Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас», «Омбы – Павлодар – Майқапшағай», «Астана – Қостанай – Челябі», сондай-ақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» секілді негізгі халықаралық дәліздерді салу және қайта жаңғырту жұмыстары осы мер­зімде аяқталып болады. Осындай жүргі­зілген жұмыстардың нәтижесінде транзит жүктердің көлемі 3,5 миллион тоннаға дейін артып, жүк тасымалдау ауқымы 2,5 есеге өседі деп күтілуде. Сөйтіп, Қа­зақстан Қытай, Ресей және Орталық Азия елдерінен көлік ағынын тартушы орталықазиялық транзиттік дәліз ретіндегі өз орнын бұрынғыға қарағанда әлдеқайда нығайта түсетін болады. Орталық коммуникациялар қыз­ме­тіндегі баспасөз мәслихатында «Қаз­Автожол» ҰК басқарма төрағасының орын­басары Ұлан Әліпов республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының бой­ындағы сервистік қызметтерді дамы­ту бағдарламасын қабылдау мерзімі жеделдетілетіндігін жеткізді. Оның айтуы бой­ынша, 2020 жылға дейінгі мерзімге арналған бұл бағдарлама әзірленіп, Үкіметтің қарауына тапсырылған. Осы құжат бойынша жолдар бойында 200 сер­вистік қызмет нысаны салынады. Сөйтіп, екі мыңнан астам жергілікті тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. Екінші жағынан алғанда, мұның өзі халықаралық көлік ағымдарында Қазақстан жолдарының тартымдылығын арттыратын болады. Ұлан Әліпов сондай-ақ, Қазақстанда 2020 жылға дейін 7 мың шақырымға тарта автожолдар ақылы болатындығын   мәлім етті. «Жоспар бойынша 2020 жылға дейін республикадағы 7 мың шақырымға жуық жолдарды ақылы негізге өткізуді қарастырудамыз. Келесі жылы екі учаскеде – «Астана-Атбасар» және «Қызылорда-Шымкент» учаскелерінде ақылы негізде қызмет көрсетуді енгізу көзделуде», – деді ол. Ұ. Әліповтің сөзіне қарағанда, «Астана-Атбасар» жолында тек жүк көліктерінен ақы алынса, «Қызылорда – Шымкент» жолы барлық көлік түрлері үшін ақылы болады деп күтілуде. Сондай-ақ, Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен осы баспасөз мәс­лихатында ақылы жолдарда жүру үшін абоненттік төлем тәртібін енгізу бағ­дар­ламасы әзірленіп жатқандығы айтылды. Бұл әрбір жүрген жол үшін қолма-қол төлеп жатқаннан әлдеқайда тиімді болатындығы түсінікті. Сондықтан аталған бағдарлама бойынша жеңіл көліктер үшін жылдық, жартыжылдық және тоқсандық абоненттік төлемдер тәртібін енгізу қарастырылып жатқан көрінеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».